ІШЕР СУЫҢ БАЛДАЙ БОЛСЫН

56

0

ІШЕР СУЫҢ БАЛДАЙ БОЛСЫНЖуырда қалалық ішкі саясат
бөлімі БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Қалалық су жүйесі мекемесімен
бірлесе өткізілген шарада қала маңындағы жаңа су тоғанының жай-күйі
таныстырылды.

Қой жылының басты жаңалығы,
облыс орталығы 100 пайыз таза ауыз суға қосылды. Өткен жылдың желтоқсанынан
бастап қала тұрғындары ішер суын бұрынғыдай дариядан емес, жерасты су
көздерінен алып келеді.

Жуырда ғана пайдалануға
берілген «Дала» су тоғаны қаланың орталық бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі
таңда су жүйесіндегі барлық 118 ұңғыма тынымсыз жұмыс істеп тұр. Олар тәулігіне
42,700 текше метр суды тұтынушыларға жібереді.

– Бұрындары «Қызылжарма»
жерасты суын шаһардың іргелес жатқан кейбір аймақтары тұтынып келген болса,
енді қала орталығындағы барлық тұрғындар толыққамтылды, – дейді «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің басшысы Нұржан Дихамбаев.
Су – ұңғымалар арқылы 430-450 метр тереңдіктен алынады. Ол дария суындай
технологиялық тазартуды қажет етпейді. Ауыз судың мөлдірлігі, сапасы барлық
санитарлық талаптарға сай, адам ағзасына ешқандай зияны жоқ.

«Дала» тоғаны іске қосылғанша
қала халқына бас су тоғаны арқылы Сырдария өзенінің суы тазартылып, жеткізіліп
отырған еді. Бес сатылы тазартудан өтсе де, кермек татып, сапасы сын
көтермейтін. Қаланы жерасты су көзіне толық көшіру үшін «Дала» атты тоған
салынды. Айтулы нысан «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында іске қосылды. Қазір қалаға
беріліп тұрған судың сапасы бұрынғымен салыстырғанда, он есе жақсарды. Егер
бұрын Сырдария өзенінің суын сүзгіден өткізгеннің өзінде 1 литрдегі
кермектілігі 10 миллиграмм шамасында болса, қазір бұл көрсеткіш 1 миллиграмға
дейін төмендеген.

Айта кетейік, қазіргі таңда
«Дала» су тоғанындағы ұңғымалар қала халқын сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз
етіп отыр. Аталған тоғандағы жерасты су қоры 25 жылға жетеді. Ал дария суын
тазартып, сүзгіден өткізіп келген өңірдің бас су тоғаны бүгінде өз жұмысын
толығымен тоқтатты.

 

Н.САҒАТҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз