ШИЕЛІ АУДАНЫНДА КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ

90

0

ШИЕЛІ АУДАНЫНДА КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІӨткен аптаның
сенбісінде Шиелі ауданында күрішке орақ түсті. Аудандағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымы
болып саналатын «Ақмая» шаруа қожалығының №1 бригадасындағы «Лидер» сұрыпты Сыр
салысы пісіп үлгерген екен, міне, биылғы жылдың алтын орағын бас­тау рәсімі де осы
учаскеде жүзеге асырылды. Салтанатты рәсімге Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева
бастаған ардагерлер мен ауылшаруашылық мамандары, ауыл әкімдері, мекеме

басшылары қатысты.

 

Биыл еліміздің
Тәуелсіздік алғандығына ширек ғасыр толады. Бұл – әрбір отан­дасымыздың өзінің өткен
жолына есеп беруімен қатар, отаншылдық сезімін нығайтып, алдағы күндерге деген сенімін
бекемдейтін, ауызбірлік пен ынтымақты еңбек ету жолына жұмылдыратын шақ. Осыған
қоса, шиеліліктер даңқты жерлестері екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың
125 жылдығын тойлауға жыл басынан бері әзірленіп, шешуші сәттерге қадам басқан тұсы.
Сондықтан да аудан диқандары күріштің көлемін 11 000 гектарға жеткізсе, басқа да
дақылдарды бұрынғымен салыстырғанда, анағұрлым көп көлемге орналастырды. Олардың
күтіміне де зор мән беріліп келеді. Мамандардың айтуынша, дақылдардың шығымдылығы
да, өнім беру қабілеті де жоғары, яғни, оза шауып, мол өнім алуға мүмкіндігінше
бар жағдай жасалуда. Былтырғы жылы облыс әкімінің қамқорлығымен үрлемелі су тоспасы
қысқа мерзімде пайдалануға беріліп, диқан қауымы ағын судан тапшылық көрмесе, Үкімет
тарапынан жанар және жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылды. Сондай-ақ,
минералды тыңайтқыштармен үстеп қоректендіру, агротехникалық шаралары өз мерзімінде сапалы атқарылуда. Бұл әрине, сенімді
молайтып, мол өнім жолындағы мақсаттың орындалуына негіз болады. Бұл ретте мамандар
тарапынан қажетті шаралар өз дәрежесінде жүзеге асырылғандығын атап айтқан жөн болар.

– Ауданымыз
ауыл­шаруашы­лығымен қатар, өндірісті де өрістетіп келеді. Дегенде, ауыл адамдары
үшін диқаншылықтың орны ерекше. Сондықтан да егіс алқабында тер төгіп жүрген жерлестеріміздің
еңбегі жанып, абырой биігінен көрінуіне барлық қолдауды көрсетіп келеміз. Бұл орайда
тыңғылықты шаруалар атқарылды. Міне, алтын орақты бастайтын сәт келді, – деген аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев диқан қауымына
сәттілік тіледі. Социалистік Еңбек Ері Ш.Қазанбаева ақ батасын берсе, «Ақмая» шаруа
қожалығы төрағасының орынбасары Асқар Жұмаділ ұжымдастарының егін орағына тыңғылықты
әзірлен­гендігін баяндап, сенім биігінен көрінетіндігіне сөз берді. Ал ардагерлер
кеңесінің мүшесі Пердәлі Арқабаев кезіндегі өз тәжірибесімен бөлісіп, тілектестігін
білдірді. Ауыл ақсақалы Жүсіп Тұрсынбек тілектестік білдірген ағайынға алғыс айтып,
егін жинау науқанының ырыстың басы екендігін тілге тиек етті.

Иә, сонымен
Шиелі ауданында күрішке орақ түсті. Бұл, расында, берекенің кепілі.

 

Нұрмахан
ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз