ШИЕЛІДЕ ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ

187

0

ШИЕЛІДЕ ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫШиелі ауданында цемент
шығаратын зауыт салынады. Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Корпорация Дан
Әке» серіктестігінің басшысы Дәулет Тұрлыханов пен қытайлық «Гежуба Групп
Цемент КО ЛТД» компаниясының басшысы Гао Ченгжуді қабылдап, са­лы­натын цемент
зауыты төңірегінде келіссөздер жүр­гізді.

«China Gejuba Group Cement» корпорациясы – цемент өндірісі
бойынша Қытайдағы ең ірі кәсіпорын. Ол ҚХР үкіметі қамқорлыққа алған алпыс ірі
компанияның қатарында. Корпорацияның 19 еншілес кәсіпорны бар. Жылына түрлі
маркалы 25-30 миллион тонна цемент шығаратын өндіріс Қытайдағы өнер­кәсіптік
кәсіпорындардың ондығына енген. Мұнай-кен орындарына және басқа да арнайы
жерлерге цемент қоспаларын дайындау бағытында да өндіріс орны үздік саналады.

Аталған компания әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы
үшін әрдайым жұмыс бағытын жетілдіріп отырады. Осы мақсатта «China Gejuba Group
Cement» Орталық, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Шығыс Еуропа және Африка
елдеріне инвестиция құюда және оның көлемін арттыруда. Қытайлық инвестор Гао
Ченгжу қазақстандық «Корпорация Дан Әке» ЖШС президенті Дәулет Тұрлыхановпен
бірлесіп, Қызылорда облысының аумағында тағы бір ірі жоба қолға алмақ.

Облыс әкімдігінде өткен келіссөз барысында екі тарап «Гежуба
– Шиелі Цемент» мекемесін құру туралы меморандумға қол қойды. Жобаға сәйкес,
өндіріс орны жылына 1 миллион тонна цемент шығармақ. Құрылыс жұмыстарын 2016
жылдың ақпан айында бастау жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқан кезде 400
тұрақты жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауқымды жобаны Сыр өңірінде
жүзеге асыруға шешім қабылдаған компаниялар же­тек­шілеріне алғысын жеткізді.

– «Гежуба Групп Цемент КО ЛТД» компаниясы Қытайда ғана емес,
әлемде үздік цемент шығарушы компаниялардың тізіміне енген. Өткен жылы 23
желтоқсанда жобаны Қызылорда облысында жүзеге асыру туралы меморандумға қол
қойылған болатын. Қытайлық әріптестерді біздің өңірге алып келуге атсалысқан
«Корпорация Дан Әке» ЖШС президенті Дәулет Тұрлыхановқа алғысымды айтамын.
Сонымен қатар, зауытты салып, ортақ жобаны жүзеге асыруға өз тарапымыздан
барлық қолдау көрсетілетіндігін мәлімдеймін, – деді аймақ басшысы.

Ал қытайлық инвестор Гао Ченгжу Қазақстанда, соның ішін­де
Қызылорда өңірінде инвес­тор­лар үшін қолайлы жағдай жасал­ған­дықтан, осындай
бірлескен жо­ба­ны іске асырып жатқанын жет­кізді.

«Корпорация Дан Әке» ЖШС президенті Дәулет Тұрлыханов та
шетелдік әріптестеріне Қызылорда облысы экономикасы қарқынды дамып жатқан өңір
екенін айтты.

– Жылына 2 миллион тонна сапалы цемент елімізге сырттан
келеді екен. Міне, осы орайда жаңа жоба қолға алдық. Цементті өз жерімізде
өндіруге мүмкіндік мол. Қазір зауыт құрылысы үшін Шиелі ауданынан 46 гектар жер бөлінді.
Тек құрылысты бастау ғана қалып тұр, – деді Д.Тұрлыханов.

 

Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз