ШИЕЛІНІҢ ШҰБАТ ЦЕХЫ

128

0

ШИЕЛІНІҢ ШҰБАТ ЦЕХЫНаурыз айында
Шиелі ауданында халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін тағы екі бірдей нысан іске қосылды.
Оның бірі жеке кәсіпкер Сабыр Ермахановтың бастамасымен ашылған шұбат өңдеу цехы.
Аталған өнім өңдеу орнының жобалық құны 45 млн теңгені құраса, бұл қаржы еш жерден несие алмай-ақ, кәсіпкердің өз қалтасынан шығарылып отыр. Цехта алғашқы кезекте тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдеу жоспарланған.
Мұнда тұрақты 5 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Арнайы ыдысқа өңделіп құйылатын
шұбат әлден-ақ жұртшылықтың сұранысына ие бола бастағандығы қуантады.

– Бұл жобаға қызығушылығым Алматы қаласына жұмыс сапарымен барғанымда
Сыдық есімді кәсіпкердің жұмыс барысымен танысқан кезден басталды. Содан бері міне
5 жыл өтті, атакәсіп өнімінің бірі – шұбаттың құнарлылығын арттырып, жаңа деңгейге
көтеру, оның сақ­талу мерзімін арттыру технологиясымен шұғылданып жүрмін. Бизнес-жоспар
жасағаныммен, талай кедергілерге да кездестім, қанша қиналсам да, өз жобамды жүзеге
асырғаныма қуаныштымын, – дейді кәсіпкер жігіт. Істің жөнін тарата айтар болсақ,
оның мәнісі мынандай: бұрыннан келе жатқан қарапайым қазақы тәсіл бойынша ашытқан
шұбат әрі кетсе екі-үш күнге ғана шыдайды, ал Сабырдың қазіргі жобасы бойынша арнайы
пластмасса бөтелкеге құйылған шұбат толық бір ай жарамды болады, айнымайды. Өйткені,
түйе сүтін ашытатын ашытқының құрамы Алматы қаласындағы агроуниверситет ғалымдарымен
бірлесе жұмыс істеу арқылы жүзеге асырылып
отыр.

– Биология ғылымының докторы, оқу орнының кафедра меңгерушісі
Әсия Серікбаева өз шәкірттерімен бірге үлкен ізденісті жұмыс жүргізді. Нәтижесінде
5 компоненттен тұратын жаңа ашытқы қолданысқа енді. Кешегі күні тағы да алдағы жоспарларымызды
сараладық, енді шұбаттың бұзылмай сақталу мерзімін 3 айға ұзартуды мақсат етіп қойдық.
Сонда өз өнімдерімізді еліміздің түгел аймағына таратумен қатар, шетелдерге дейін
жеткізуге мүмкіндік туар еді, – дейді біздің кейіпкеріміз өзінің алдағы жоспарларымен
бөлісіп.

Өнімнің сапалы да тауарлық сипаты жақсы болуы үшін онда қызмет
жасайтын мамандардың да білігі мен тәжірибесі болуы шарт. Бұл орайда кәсіпкердің
жас мамандардың тәжірибе алмасуын, арнайы курстардан өтуін қаржыландырып, үлкен
мән беріп келе жатқандығына сүйсіндік. Мәселен, Мәдина Төребаева мен Баян Дүйсенбекқызы
жоғары білімдерімен қоса арнайы курстардан өтіп, шұбат өңдеу ісіне маманданған жастар.
Сол секілді оператор Нұрлыбай да оқу-тәжірибесінен өткен азамат. Осында еңбек ететін
Бақтыгүл Құрманбаева мен Мақсат есімді жігіт те сапалы қызмет жасауға дайын. Ойға
түйгендерін жүзеге асыра бастағандықтары олардың алғашқы еңбек күнінен айқын байқалып,
өңделген түйе сүтінен дәм татқан аудан ардагерлері ризашылығын білдірісіп жатты.

Шұбат өңдеу мекемесінің ашылу салтанатында аудан әкімі Қайратбек
Сәрсенбаев сөз сөйлеп, Индустриялық картаға сай өнім өндіру мен өңдеу орындарын
ашатын кәсіпкерлерге аудан орталығы маңынан арнайы индустриялық аймақ ретінде 50 гектар жер бөлінгендігін,
соның алғашқыларының бірі ретінде кәсіпкер Ермахановқа 5 гектар жер беріліп, аталған
шұбат өңдеу цехының ашылғандығын айтты. Осы
секілді әлі де көптеген кәсіпорындардың іске қосылғандығына сенім білдірді. Бұл
орайда жергілікті әкімдік қамқорлық аясын кеңейте түседі. «Елбасы тапсырмасына орай,
келешек үшін еңбек ететін кәсіпкерлерге қамқорлық таныту міндетіміз. Шиеліде жаңалыққа
бейім, құлшынысты еңбек ететін жерлестеріміз мол. Біз оларға сенім артып, тірек
боламыз. Цехтың іске қосылуы ауданымыздың өңдеу саласының дамуына өз үлесін
қосатын болады», -деді аудан әкімі.

Шұбат өңдеу цехының екі­қабатты ғимараты жаңадан салынып,
оған электр желісі тартылып, бөлек
трансформаторы орнатылды. Таза ауыз су құбыры да жеткізілген. Шетелдерден
алдырылған қондырғылары да сапалы күйде. Түйіп айтқанда, сапалы өнім өндіруге
барлық жағдайы сақадай сай деу­­ге болады.

Наурыз айының шуақты күні аудан орталығының Ясауи көшесі
бойынан «Қазына и К» ЖШС-на қарасты «Қазына»
заманауи көтерме сауда дүкені де ашылды. Дүкен сөрелерінде 800-ден астам азық-түлік және тұрмыстық
заттардың түрлері тұтынушы талғамына ұсынылса, оның 500-ден астамы Қазақстанда шығарылатын
азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттар болмақшы. Тілге тиек етілген сау­­да
орталығының болашағы зор деп есептелінеді, өйткені, «Қазына и К» ЖШС 2005 жылдан бастап, облысымыздың бірқатар
аудандарында азық-түлік сататын көтерме сауда дүкендерін ашып, халыққа тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Оларда 180
адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Қазына» дүкенінің жобалық құны 100 млн теңгені құраса,
оның аумағы 1600 шаршы метр. Дүкенде 15
адам тұрақты еңбек етеді.

 

Нұрмахан
ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз