ШЫҰ: СЫНДАРЛЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАДАМ

53

0

ШЫҰ: СЫНДАРЛЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАДАМКеше Өзбекстан астанасы Ташкентте Шанхай
ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құрамдағы
отырысы өтті. Кеңеске Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

 

Қазақстан Президенті отырыс­қа қатысушыларға арнаған сөзін­де
мемлекеттер басшылары ке­ңесінің бүгінгі басқосуының Шан­хай ынтымақтастық
ұйымы тарихындағы маңызды даталар тұрғысынан зор мәні бар екенін атап өтті.

– Қытай, Ресей, Қазақстан, Қыр­ғызстан және Тәжікстан көш­басшыларының
20 жыл бұрынғы кездесуі көптарапты өңірлік жаңа диалогты бастап берді. 2001
жылы ШЫҰ-ны құру туралы декларацияны қабылдау ХХI ғасырдағы қауіпсіздік пен
ынтымақтастықты қамтамасыз етудің жаңа жолдарын іздеу барысындағы сындарлы
стратегиялық қадам болды, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы барлық қатысушылар мен қонақтарды ШЫҰ-ның
15 жылдығымен құт­тықтап, ұйымның мерейтойлық саммиті жаһандық сын-қатерлер мен
қауіптің көбейген кезінде өтіп жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президенті өз сөзінде 2016-2018 жылдарға арналған
«үш зұлмат қатерімен» күрес жолында ынтымақтасу бағдарламасын тиімді іске асыру
ШЫҰ-ның қазіргі сын-қатерлерге лайықты жауабы бола алатынын айтты.

– Біз ШЫҰ-ның халықаралық терроризмге бірлесе қарсы тұру
туралы мәлімдемесін әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз. ШЫҰ-ның экстремизммен күрес
жөнін­дегі конвенциясын әзірлеу және қабылдауды өзекті қадам деп білеміз. Діни
экстремизмді бейбітшіл исламмен және басқа да діндермен шатастырмау қажет.
Биылғы мамырда Қазақстан Нью-Йоркте БҰҰ аясында «Дін бейбітшілік үшін» деген
тақырыптағы жоғары деңгейлі диалогқа бастамашылық жасап, Астанада «Дін
терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өткізді, – деді Мемлекет
басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев 2017-2022 жылдарға арналған
ШЫҰ-ға мүше мемле­кет­тердің есірткіге қарсы күрес стратегиясының және оның
іс-қимыл бағдарламасының қабыл­дануына қолдау білдірді.

– ШЫҰ мен Орта Азиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру
орталығының «Есірткіге бірлесе қарсы тұрамыз» атты бірлескен профилактикалық ­акциясын
өткізуді ұсынамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның кіруі ұйым дамуының
жаңа сапалы деңгейге көтерілгенінің, оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлі
арта түскендігінің көрсеткіші екенін атап өтті.

– Болашақта ШЫҰ қатары­на Иранның қабылдану ықти­малдығы
біздің өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріміздің аясын ке­ңей­теді. Елдердің жаңадан
мү­ше­лікке кіретінін ескерсек, ШЫҰ Еуразияның 60 пайыздан астам аумағын, Жер
шары тұрғындарының 45 пайызын, әлемдегі 19 пайыздан астам іш­кі жалпы өнімді
қамтиды. Бір жылдан аса уақыт бұрын ғана мен Бірыңғай Еуразиялық эконо­микалық
кеңістік қалыптас­ты­ру бастамасын көтерген едім. Мұндағы негізгі элемент –
Еуразияның тораптық орталықтарын Жібек жолының тарихи бағдарларын қайта
жаңғырту арқылы инфрақұрылымдық тұр­ғы­дан тоғыстыру, – деді Нұрсұлтан
Назарбаев.

Бұл ретте ҚазақстанПрези­денті бірқатар бағыттар бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің
күш-жігерін жұмылдыруды, оның ішінде ЕАЭО және Қытайдың «Жібек жолының
экономикалық белбеуі» жобасын ұштастыруды ұсынды.

– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттерді
біріктіретін Еуразиялық транзит-көлік хабын құруды ұсынамын. Қазақстан өз
тарапынан «Жібек жолының экономикалық
белбеуін» үйлесімді түрде толықтыратын «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту
бағдарламасын іске асыруға кірісті. Біз құрған «Астана» халықаралық қаржы
орталығының әлеуетін белсенді түрде пайдаланатын кез келді деп санаймыз. Ол
тәуелсіз құқықтық жүйе мен жеңілдетілген салық режімі бар өңірлік
қаржылық-инвестициялық хаб болуға тиіс. Өңірдің макроэкономикалық дамуын
жеделдету үшін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мүмкіндіктерін
пайдалану маңызды. Сауда-экономикалық және қаржылық-инвестициялық
ынтымақтастықты нығайту болашақта ШЫҰ аясында Еркін сауда аймағын құру үшін
қажетті жағдай қалыптастырады, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа қатысу­шы­ларды
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ШЫҰ ынтымақтастығының тұжы­рым­дамасы
жобасын және іс-қимыл жоспарын әзірлеу бағытында күш-жігерді еселей түсуге
шақырды.

– ХХI ғасырдағы жаһандық тренд «жасыл» экономиканы дамыту
болып отыр. Бұл саладағы ынтымақтастықты дамытуға келесі жылдың жазында
Астанада «Болашақтың энергиясы» атауымен өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық
мамандандырылған көрмесі қуатты серпін беретін болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық
қатысушылар мен саммит қонақтарын Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017»
көрмесіне шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өңірлік және халықаралық мәселелерге
тоқтала келіп, ШЫҰ-ның сыртқы шекарасы бойында шиеленіс ошақтары сақталып
отырғанын айтты.

– Өңірлік қауіпсіздікті қамта­масыз ету ісінде Ауғанстандағы
тұрақтылықты қолдаудың зор маңызы бар. Кабулдың жал­пыұлттық диалогты реттеу
және саяси реформалар жүргізу жөніндегі шараларын құптаймыз. Қазақстан ядролық
қаруды таратпау туралы келісімге қатысушы ел ретінде КХДР-ның ядролық
бағдарламасы жөніндегі алты тараптық келіссөзді жаңғыртуды жақтайды. Жалпы,
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымына сайланған жағдайда, қауіпсіздікті
нығайту мәселелерін белсенді түрде ілгерілетуге ниетті, – деді Нұрсұлтан
Назарбаев.

Елбасы Шанхай ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық ету сынды
жоғары миссия­ны Қазақстанның зор жа­уапкершілікпен қабыл­дайтынын атап өтті.

– Біз осы жылдары өзбек тарапы жүргізген орасан ауқымды
жұмысты жалғастырып, ШЫҰ-ны дамыту мен нығайту, сондай-ақ оның әлемдегі рөлі
мен беделін арттыру ісіне өз үлесімізді қосу ниетіндеміз. Қазақстан
төрағалығының басымдығы бар бағыттары – өңірлік қауіпсіздікті нығайту,
экономикалық ынтымақ­тастықты дамыту, транзит-көлік әлеуетін іске асыру, мәдени
және гуманитарлық байланыстарды ілгерілету. Астанада 2017 жылғы 8-9 маусымда
өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті қорытынды іс-шара болады, –
деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналған барлық мемлекеттер
басшыларын, қатысушылар мен қонақтарды келесі жылы Қазақстанға шақырды.

* * *

Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ 15 жылдығының Ташкент
декларациясы қабылданып, онға тарта құжаттарға қол қойылды.

Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің
отырысы туралы ақпараттық хабарлама қабылданды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз