ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫ – ШЕБЕРЛІК

122

0

 
 
Заман айнасы – замандас ғой, дүниеде дидар ғайыпқа не жетсін! Қасымызда қаншама қағылез жан жүр, оларды барында бағаламаған соң бәрі бекер ғой, жақсының қаді¬ріне үнемі жетпей тұрамыз. Кеш түсіну, ерді елеуден енжар қалу әсілі, үйреншікті әдет секілді.  
Былайғы қауымға жас көрінгенмен, ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып тұратын жайсаң жігіттерді назардан тыс қалдырмау керек. Парыз бен қарыздың өтеуі  өмірлік ұстанымына айналған абыройлы азамат Нұрлыбек Шахметовпен болған әңгіме де «ер жігіт – елінің ұлы, намыстың құлы» деген ойдың оябында жүрді.
 
– Нұреке,  сауалды әріден бастасақ, үлкен отбасыдан шыққаныңызды аңға¬ра¬мын. Өйткені, көпшіл мінезіңіз соны дәріптейді...
– Дәл таптыңыз. Алты қыз, үш ұлдың сегізін¬шісімін. Әкем Мұзарапша  білікті экономика маманы және қаржыгер болатын. 1996 жылы өмірден өтті. Ер мінезділікке, отбасын аялауға тәрбиелеген ұлы ұстазымыз. Ал, анамыз Күлән қазір 85 жаста. Тоғыз перзенттің тік тұрып, елге қызмет жасауға дейінгі өнегені аяған емес. Соның жемісі болар, бүгінде «ұрпағымен мың жасаған», немере, шөбере сүйген әзиз әже атанды.
– Телевизия саласына келудің сыры неде?
– Жалпы, есіктен кіріп, төр менікі деген ұғымға қарсымын. Тер төкпей, табыс болмайтынын жастайымыздан сезініп өстік. Ал, енді телевизия деген облыс үшін үлкен жаңалық еді. Жас болғасын соны меңгеруге ықыласым ауды. Ол кезде облыстық телеарна басшысы Әбдіжәлел Бәкіров болатын. Жарық беруші етіп жұмысқа қабылдады. Содан бел шешіп, кірісіп кеттік.
– Сіз төменгі сатыдан жоғарылаған бірден-бір маман екенсіз.
– Өмірдің өзі баспалдақ ғой, төменнен бастап, жоғарыға жылжи түсесің. Мен режиссер ассистенті, студия операторы, жедел жылжымалы оператор секілді сатылы өткелден өттім. 2000 жылы аға оператор лауазымына көтерілдім.
– Нұрлыбек, әріптестер арасында сізді «операторлардың әкесі» деп атайды екен. Оны қалай түсіндіресіз?
Оператор камераның иесі ғана емес, ол бейнесюжеттің маңыздылығына жауапты тұлға. Ол тапқыр, не  шебер болмаса істің бәрі бекер. Сондықтан жаңадан жұмысқа келген маманды тәжірибелік сынақтан өткіземіз. Бұл мәселеде «Қазақстан-Қызылорда» ар¬на¬сында жақсы мектеп қалыптасқан. Қазір біздің шәкірттеріміз республикалық теле¬арналардың мақтаныштарына айналды.
– «Өнерліден өнеге ал, таланттыдан тәлім ал» деп жатады. Осыған қалай қарайсыз?
– Дұрыс ой. Жақсыны үйренбесе, жылт еткен жаңалықты меңгеруге талпынбаса, ондай кісінің кәсіби деңгейі өспейді. Сол себепті білмегенін үйретіп, жаңа технологияны игеру мақсаттарын жүктеп отырамыз.
– Бақсам, жас жер ортасына жетіп қалыпты. Есею жылдарында ой көп, өткенді ойлайсыз, келешекті ойлайсыз, тағдырды таразыға саласыз…
– Өзіңіз білесіз, бірнеше басшымен қыз¬меттес болдым. Телеарнаны құрған Жақсылық Бекқожаевпен түрлі тақырыпта хабарлар жасадық. Өте кең адам еді. Одан кейінгі Ә.Бәкіров, С.Пірназаров, О.Әлжік, А.Шәріп, Ж.Қарабалаевтың өз басқару үлгісі бар, олардың жол көрсеткен үлкендік мектебі бізге тәрбие ошағы.
– Ал, Нұрлыбек Мұзарапшаұлы, қазір аға режиссер екенсіз. Бұл өсудің бел¬гісі болар…
– Бұл сенім. Режиссердің міндеті өте маңызды. Бізде апамыз Несібелі Рахмет «телевизия – синтездік өнер» дейтін. Шынында журналист хабарына қаншама өнерді қолдауы қосылады. Оператордың тартымды сюжеті, оның тақадай монтажы, дыбыс режиссерінің әнмен әрлеуі секілді бірнеше өнер бір қазанда қайнап, өнімі жинақталады. Қазір Гүлсара, Жеңіс, Жансая, Мұрат, ¬Самат, Гүлназ сынды әріптестерім бар.
– Соңғы кезде түрлі тележоба жүзеге асып жатыр…
– Ия сөзіңіздің жаны бар.  Тәулігіне 14 сағат хабар таратуда көрермен үшін көңілге қонымды хабар ұсыну – біздің борыш. Мысалы, «Жыр керуен», «Сыр жұлдыздары», «Ботақан» жобалары көптің көңілінен шыққаны үшін марқаямыз.
– «Ақыл – ауыздан, мейір – көзден» дейді, ізгілікті із өшпейді, іс өрістейді…
– Енді қызметте маманбыз, үйде әкеміз. Балалардың алды Нұрсұлтан төтенше жағ¬дайлар саласында қызмет істейді. Екінші ұл Дәулет оныншы сыныпты тауысты. Ал, сүт кенжеміз Айнара болса, бір жастағы қылықты, сүйкімді қызымыз.
– Ерді «пірім» деп сыйлап, отбасының болаттай берік болуына әйелдің әсері көп деп ойлаймын…
– Әрине, түздің адамы екеніміз рас. Жұбайым Ақгүлге сеніп кеткенбіз. Ол кісі мектеп директоры бола тұрып, қарапайым ана екенін ұмытқан емес. Отбасылық сыйластық, түсінік деген осы шығар.
– Мерекелік лебізіңіз…
– Мұхаммед пайғамбар «адамның ең жақсысы көпке пайда тигізген кісі» деген екен. Адам руханияттан жұтамау керек. Біздің елге тигізген пайдамыз – тағылымды ой айтып, рухани дем беруге тырысамыз. Жалпы, шығармашылық шыңы шеберлік ғой, осы бағытта елге қызмет ете береміз.

Қ.ҚҰРБАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз