ШЫДАСАҢ, ШЫҢҒА ШЫҒАРСЫҢ

221

0

Бойжеткен қыз теледидарға қарап отырған анасына бұрылып:
– Апа, уайымдап жүрмін, – деді.
Бейқам анасы теледидардың даусын бәсеңдетіп, қызына қарады. 
– Тұрмысқа шығатыным жайлы ойласам, уайымдап кетемін. Өз үйімнен кететінімді, басқа үйдің табалдырығын аттап, сол шаңырақтың адамдарымен бірге тұратынымды ойласам, іштей қорқыныш пайда болады. Ол үйдің адамдарына ұнаймын ба, жоқ па? Көңілдерінен шығатын келін бола аламын ба, жоқ па? – деген сұрақтар жиі мазалайды.
Қуанышы пен қорқынышы қатар дәл осы «екіұшты» сезімді өз басынан өткерген ана қызының қолын өзіне жақындатып, «Жүр, ас бөлмеге барайық» деген ұсыныс білдірді. 
Ас бөлменің іші жап-жарық. Қазанда ас қайнап тұрғандықтан, дәмді тағамның иісі аңқып тұр. Терезеден күннің нұры төгіліп, кішкене үстелдің бетіндегі дастарқанмен шағылысады. Ыдыс-аяқ жуатын шұңғылшаның жанында анасы екеуі шай ішкен кеселер төңкеріліп тұр. 
Анасы қызын үстелге отырғызып, бір ыдысқа су құйып әкелді де, қызының алдына қойды. Түсінбей қарап отырған қызына жымиып:
–  Қолыңды мына суға салшы, – деді.
Мұздай судан денесі дір ете түскен қыз, қолын судан шығарып алып:
–  Апа, су салқын ғой, – деп қорқып кетті.
Анасы қызының қолын суға қайта салды да, әңгімесін жалғады:
– «Шыдасаң, шыңға шығасың» деген әжеңнің жиі айтатын сөзі бар еді…
Қызым, болашақ отбасыңдағы кез келген жағдай өзіңе байланысты болады. Ең бастысы, ата-енеңді сыйла. Себебі, олар – сенің жарыңның ата-анасы. Басыңнан орамалыңды тастама. Сәлеміңді шын ниетіңмен сал. Үйде ата-енеңнің, жарыңның алдында жүрген кезде әрдайым өз-өзіңе қарап, әдемі киімдеріңді киіп, жадырап жүр. Үйіңе келген адамға сәлеміңді салып, барыңды дастарқанға қойып, рахметіңді айтып, шығарып сал. Себебі, сенің дастарқаныңнан бір үзім нан жеген адам ешқашан жамандық тілемейді. Керісінше, батасын береді. Жолың ашық, үйіңде абыройың биік болады, – деп терезеге бұрылды да сөзін жалғады:
– Алғаш рет келін болып түскен кезде мен де әртүрлі қиындықтарға тап болдым. Ол кезде біз шелекпен су таситынбыз, самаурынмен шай қайнатып, үлкен қазанға тамақ істейтінбіз. Үйдің еркесі болғандықтан үй шаруаларына шорқақ едім. Бір күні енем үлкен ыдысқа түйенің сүтін құйып, пісіріп қой деді. Сосын астына отты жағып, қарап отырдым. Бір кезде ошақтың астындағы от қатты жанып кетіп, сүт таси бастады. Үйдегі жеңгемнің сүт пісірген кезде, тасып бара жатса бір кесе су құйып жібергенін көргенмін. Сол  тарс етіп есіме түсті де, кесемен су құя салдым. Сүттің одан сайын тасып кетпесі бар ма?! Сөйтсем, суды сиырдың сүтіне құйсаң басылады екен. Ал менің пісіріп тұрғаным түйенің сүті екен, – деп өткен күннің қызыққа толы бір сәтін есіне алған анасы мен қызы бір күліп алды. 
– Сүт тасып жатыр, мен астындағы отты сөндіре алмай әлек болып жүрмін. Енем ұрысатын болды ғой деп уайымдап тұрмын. Әйтеуір отты сөндірдім. Бірақ күйіктің иісі бөлменің ішін алып кетті. Қолымдағы сүлгімен қайта-қайта желпіп, есікті аша бергенімде қасында көршісі бар енем тұр. Ұялғанымнан жылап жібердім. Бірақ уақыт өте бәрін де үйреніп алдым. Қонақты күтуді, түрлі тағамдар әзірлеуді, үй шаруаларының барлығын, ең бастысы сүт пісіруді, – деп күлімсіреп қызына қарады:
– Ботам, мұнымен айтқым келгені қателесуден қорықпа. Барлығы бірден бола салмайды. Бәрі де кішкентай қадамдардан басталады. Мына су әлі салқын ба? – деп қызының қолы салынған ыдысқа қарады.
–  Жоқ, жылы болып кеткен сияқты. 
–  Көрдің бе, бағана су мұздай деп шошып кетіп едің, сәл уақыт өткен соң,  жылып кетті. Міне, қызым, өмірде де дәл солай. Кез келген қиындыққа тап болғанда, сабыр ет. Уақыт бер. Өмір өзі бәрін реттейді, – деді де қызының маңдайынан сүйді. 
Келер уақыттан қорқып, өткен шаққа өкініп, осы қайталанбас сәт¬терін уайымшыл ойларымен өткізіп жатқанын түсінген қыз ыдыстағы суға ұзақ қарап отырды. Ең маңыздысы осы бір «сәт» екен. Жанына жақын адамдары ата-анасы мен бауырлары аман-есен, жүрегі қалаған адам өмірлік жары болуға ұсыныс білдірді,  достары қасында қуанышымен бөлісуде…
Осы сөздерді іштей қайталап, шынымен бақытты жан екенін сезінген сәтте анасының: – Жүр, шай ішейік, – деген жылы даусы ойын бөліп жіберді.     

Әсел БЕГМАН,
ҚазМУ-дың 4-курс студенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз