ШЫНДЫҚ ШЫРАҒЫ ӨШПЕЙДІ

188

0

Еліміздің кемел келешегі, әлемдік деңгейде дамудың даңғыл жолына түсуі үшін рухани жағынан жаңғыруымыз қажет-ақ. Осыған байланыс­ты руханиятқа қатысты көптен көкейімде жүрген бір-жар ой-пікірімді ортаға салғым бар.

Қазақтың бір мақалы: «Өмір алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді.  Өкініштісі сол, базбіреулер бірліктің бағасын біле бермейді. «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қандай тірлік?

Дос іздейсің. Әншейінде сәлемін құшағын ашып беретін досың басыңа іс түскенде сәлемін сатып береді де, бұрыш айнала қашып барады.

Жаман дос – көлеңке

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың.

Басыңды бұлт шалса,

Іздеп таба алмайсың, – деді Абай ата.

Екі адамның басы қосылса, гу-гу өсек. Құлап жатып, сүрінгенге күлеміз. Біреудің басынан бағы тайып, тұяғы мұқалса «бәлем өзіне сол керек» дегендей, қос алақанымызды ысқылаймыз. Бәйгеде өз тұлпары емес, өзге біреудің тұлпары бірінші келсе, бөрігін аспанға ататын кешегі қазағым-ай, қайдасың? Осы орайда Расул Ғамзатов айтқан:

«Достарыңнан қорықпа, көп болса сатып кетер, дұшпаныңнан қорықпа, көп болса атып кетер, қорықсаң немқұрайдылардан қорық, олар атпайды да, сатпайды да, бірақ өмірдегі бар жаманшылық солардың айтуымен болып жатады» деген даналық сөзі еріксіз ойға оралады.

Біздің ұлттық ұғымымызда «тегін білу – тектілік» саналады. Өзінің шыққан тегін білмеген адам – тексіз. Содан да руды қорқынышты, не жиіркенішті деп айта алмаймын. Ру – адам баласының өміріндегі тарихи құбылыс, яғни шыққан тегін көрсетеді. Осы ру атауы біздің бір қазаққа ғана тән емес, көші-қонмен жүрген өзге ұлттар мен ішінара тайпаларда да бар екен.  Сондай-ақ Жер шарындағы халықтың бестен бірін құрайтын қытайлықтар, біздің Сыр бойын мекен еткен корейліктер атадан балаға жалғасып келе жатқандықтарын тектері арқылы көрсетеді. Мұны да руластық деуге әбден болады.

Өкініштісі сол, қазіргі заманда ру жайлы екіжақты пікір қалыптасқан. Біреулер «Жеті атасын білмеген – жетесіздік» десе, енді біреулер «Рушылдық – берекесіздік» дегенді мегзейді. Екі пікірдің де «гәбі» бар.

Кезінде төрт түлік мал өсіріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көші-қонмен жүретін қазағым үш жүзге бөлінген. Жасыратыны жоқ, сарғайған тарих парақтарына жүгінер болсақ, үш жүз арасында ынтымақсыздық пен дау-жанжал да болған. Бір құптарлығы, осынау текетірес қарусыз, би-болыстардың бітімгершілікке келуімен бейбіт жағдайда өз шешімін тауып отырған. Содан да үш жүздің ұрпақтары қазақ даласындағы айрандай ұйыған береке мен бірліктің куәсі болып келген. Қараңыз, кезінде рулас бір адам жазалы болса, құн кешкенде оған руластары «у ішсең руыңмен» дегенді мұрат тұтып, көмек қолдарын мүмкіндігінше созып отырған. Демек, «Тегін білу – тектілік» деген ұлағатты ұйғарымнан қағыс қалмаған. Тегін білген тектілерден түңілмейік, ағайын. 

Баукең Момышұлы айтқан мына бір аманат есіме түсті. «Балаларын бесікке бөлмеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ». Батыр Баукеңнің осынау аталық аманатының астарына көз жүгіртіп, жан жүрегімізден орнықты орын берейік, ағайын.

Шүкір, бүгінгі таңда ел-халық еңсесін көтеріп, тұрмыс тауқыметінен арылып-ақ келеді. Жарыса тұрғын үй салу, шетелдік автокөліктер міну, дүркірете той тойлау, ұялы телефонмен ұйқысыз жүру дәстүрге айналып-ақ барады. Ел-халықтың мұндай еңсесін тіктеп, тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанына менің ешқандай қарсылығым жоқ, қайта қуана қол соғамын.

Айтарымды той-томалақтан бастағым бар. Ашығын айтуымыз керек, бүгінде той-томалақ көп. Жарыса той жасап, бәсекелесіп-ақ барамыз. Бүгінде ұлттық дәстүр бойынша той-томалағыңды қара шаңырағыңда емес, мейрамханаларда өткізу бәсекелестікке айналған. Қазір біз көріп жүрген тойларға ең кемі 300-ден кем адам жиналмайтыны осы бәсекелестіктің бәлесінен. Той-томалаққа ессіз берілген адамдар дүниенің бәрін ұмытып, ертеңгі күнін ойламай, бүкіл дүние-мүліктерін дастарқанға қоюдан тартынар емес. Ашығын айтсақ, бір күн дүркірете той өткізіп, ертеңіне ел жағалап жүргендер де баршылық. Сөйтіп өздерінің күнкөрістерінен айырылып, оны айтасыз, кейде тіпті кредит алып, қарызға белшеден батып кеткендер жетіп артылады. Қалталылар үшін бұл түк те емес, ал тұрмыс-тіршілігі төмен отбасылары бәсекелестікке бой бермей, ойлануы керек-ақ.

Сөз орайы келгенде бақилық сапарға аттанған аруақтарға құран оқытып, құдайжолы жасауда да бәсекелестік бой алып бара жатқанын айта кетсек, артықтық етпес. Есімі елге танымал дарабоз дарындарды еске алу рәсімдерін жасап, ақтарыла ас беріп, ат шаптырып жатса, ешқандай артықшылығы жоқ. Ал, бүгінде қалталары қалың азаматтар есімдері елге елеусіз марқұмдардың туған күн тойларын дүр­кірете өткізіп, оны айтасыз, марқұмдарға қара шаңы­рағында емес, мейрамханаларда ас та төк ас беріп, ат шаптырып, бас бәйгеге автокөлік те беріп жатыр. Сол секілді марқұмдардың бейітін ұлы жолдардың бойына қызыл кірпіштен мавзолей етіп салуда да бәсекелестік белең алып барады. Оны айтасыз, ру-ру болып бөлек қорымдар көтеру дәстүрге айналған. Шариғатта марқұм бейіті қам кесектен салынуы керектігі, кейін туған жер топырағымен тегістеліп, мәңгілікке жататындығы айтылған. Сондай-ақ, бейіттің биіктігі кіндіктен төмен, иектен жоғары болмауы керектігін де Алла аманат еткен. Себебі, кіндіктен төмен болса, мал мен ит-құстың зардабын шегер, ал иектен жоғары болса, ұрпақтары ұлағат етуден ада қалар деген-ді.

Ойды ой қозғайды. Елімізге танымал текті тұлғалар есімін ұрпақтарға ұлағат етіп қалдыру – бізге парыз. Рас, бүгінде елі үшін еңбек еткен айтулы азаматтарды еске алу, олардың есімдерін тарих парақтарына алтын әріппен жаздырып қалуда кенже қалып келе жатқанымыз жоқ. Олардың есімдері көшелерге, әлеуметтік нысандар мен білім және мәдени ошақтарға берілуде. Бұл – құптарлық мәселе.

Тағы бір айта кететін жағдай, қазіргі заманда бірбеткей даңққұмарлардан көз сүрініп барады. Мақтау мен марапаттау­ды бәсекеге айналдырған олар өздерін жоғары бағалайды, ақсақалдылардан да ақылдымыз деп сәлемін сатып береді. Оларға айтқан азын-аулақ кеңесің намысына тиіп, бұрынғыдан гөрі асқындата түседі.

Мақтау мен марапат үшін емес, ел-халқың үшін, Отаның үшін қызмет ет, ағайын.

Гете айтқан екен: «Ұлы дүниелер тек ұлт тілінде ғана жалғасады» деп. Айтса айтқандай, сарғайған тарих парақтарынан өз тілін ысырып қойып, өзге ұлт тілі арқылы ұшпаққа шыққан елді көргеніміз жоқ. Демек, рухтың негізі тілде жатыр.

Өздеріңізге мәлім, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебені алып беру оңай олжа болған жоқ. Осы бір игілікті жолда талай атпал азаматтар тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Елім, тілім деп күрес майданына шыққан көптеген асыл азаматтардың қажымас қажыр-қайратының арқасында туған тіліміз өз тұғырына қонды. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тіліміз де елмен бірге жетіліп, қолданыс аясын кеңейте түсті.

Халық даналығында: «Үш байлығыңды: Елің мен жеріңді және тіліңді құрметте. Елді жамандасаң – көмусіз қаласың, жеріңді қорғамасаң – кебінсіз қаласың, тіліңді қорғамасаң – қадірсіз боласың» деген ұлағатты сөз бар.

Бүгінгі жастар – ертеңгі қауымның қариясы. Қариялардың кейінгілерге айтар ақыл-кеңесі, аталық аманаты болады. Соны қазірден бастап басқа жинап, жүректен орнықты орын бермесең, күні ертең басың қаңырап бос тұрады, ағайын. Көңіл шіркін тың жер тәрізді, не ексең сол шығады, әрі мол шығады. Жалған намыс, берекесіз бәсекелестік қасиет емес, ар сақтаған қасиет. Ар-намысын аяқасты еткен адам – опасыз, рахымсыздың рахымсызы. Қалталарыңа сенбеңдер, ағайын, істеріңе сеніңдер.

Еркін ӘБІЛ.

Қызылорда қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз