ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

57

0

ШЫНЫ  ЗАУЫТЫНЫҢ   ІРГЕТАСЫ  НЫҒАЙЫП  КЕЛЕДІҚұрылысшылар мерекесі қарсаңында
облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев журналистермен бірге аймағымыздағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – шыны
зауыты құрылысының басында болды.

Шыны зауытын
салу туралы жоспар бірнеше жылдан бері айтылып келгенімен, биыл аймақ басшысының
тікелей бастамасы негізінде нақты қолға алынған болатын. Алғашында 7-8 жылдай жыр
болған шыны зауытының салынатынына сенімсіздікпен қарағандар да болды. Алайда, облыс
әкімінің табанды да қажырлы жұмысы нәтижесінде биыл қала шетінен 50 гектар жер телімі беріліп,
зауыттың алғашқы қазығы қағылды. Құны 52 млн. теңгеден асатын ірі жобаның 12 пайызын АҚШ-тың «Stewart Engineers» компаниясы
қаржыландырса, қалған қаржы «Қазақстан даму
банкі» тарапынан бөлінбек.

Қазір жылына
197100 тонна табақша шыны шығарып, өңдейтін зауыт салынатын аумақ түгелімен қоршауға
алынған. Құрылыстың қар­қынын гүрілдеген техника мен алып құрылғылардың дауысынан-ақ
аңғаруға болады.

Бүгінгі
таңда жер қазу жұ­мыстары – 80, бетондау 20 пайызға бітіп тұр. Бұл жұмыстарды қысқа
дейін бітіруіміз керек. Ал монтаждау жұмыстары қыстың күні де жалғаса береді.

Негізгі
құрылыс дайын өнім­дер­ді сақтайтын қойманың ірге­та­­сынан басталып отыр. Бұл
– сыз­ба­дағы ең үлкен бөліктің бірі. Мұ­­ның үлкен болуының себебі зауыт құрылысы
аяқталғаннан кейін тәу­лігіне 600 тонна шыны шығады. Сондықтан мұнда 3-4 күндік
өнімді сақтауға мүмкіндік болуы керек. Бұл бөліктегі негізгі жұмыстар аяқталған
бойда, құрылыс алаңының ішіндегі темір жол жүргізу ісі қолға алынбақ. Ал мұнда қажетті
инерттік материалдардың көпшілігі осы Жаңақорған, Шиелі аудандарынан әкелінуде.
Бастапқыда Түркістаннан сапасы жоғары құм тасығанбыз. Енді Қармақшы ауданынан алуды
жоспарлап отырмыз. Осы материалдарды уақытылы пайдаланып, жобаның ойдағыдай жүзеге
асырылуы үшін бүгінде құрылыс басында 100-ге жуық адам еңбек етуде. Құрылыс қарқын
алып, жұмыс көлемі ұлғайған сайын жұмысшылар саны одан да артып, 200-300-ге жететін болады. Оларға еңбектеріне сай, жайлы
жағдай қарастырылған. Арнайы вахталық қалашық жасалып, 20 вагон әкелініп койылды.
3 асхана, медициналық көмек көрсету бөлмесібар, – дейді тапсырыс бе­ру­ші «Orda Glass Ltd» ЖШС-ның құ­рылыс жөніндегі
директоры Бегалы Тоқаев.

Қазір жұмысқа
17 техника тар­тылған. Сондай-ақ, сағатына 65 текше метр бетон өнімін шығаратын
италиялық құрылғы орнатылған. Осының бәрін
барлап, жұмыс қарқынын бақылаған облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев атқарылып
жатқан жұмыстарды лайықты бағалап, алдағы мерекені жақсы атап өткізулеріне тілектестік
білдірді. Ол сөз барысында:

– Қазақстан
құрылысшыла­ры­­ның кәсіби мерекесі қарсаңында бірнеше құрылыс нысанының басында
болдым. Соның ең ірісі – осы шыны зауытының құрылысы. Мұнда қазір құрылысқа қажетті
инерттік материалдардың 15 мың тоннасы әкелініп дайын тұр. Бас мердігер «Шымкентхиммонтаж»
ЖШС дайын өнім сақтайтын қойманың не­гізгі металл құрылымдарын ке­ле­сі аптада әкеледі.
Ол Шымкент қаласында алдын ала дайындықтан өтіп, осы индустриялық аймақта құрастырылады. Ендігі аптадан бас­тап негізгі аумақтың жартысынан
көп бөлігін алып тұрған дайын өнім қоймасының қаңқасы тұрғызыла бас­тайды. Нысанды
аралап көру барысында байқағаным, құрылысшылар төл мерекелері қарсаңында үлкен қарқынмен,
белсене жұмыс жасауда. Барлығы кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта
құрылыс барысын 3 айда бір, яғни тоқсан сайын бақылап тұрамыз, – деді.

Осылайша, көптен күткен ірі жобаны жүзеге асыру бағытындағы
жұмыстар басталып кетті. Ал сапалы, заманауи технологиямен жаб­дық­талған, жергілікті
маман­дардың біліктілігін көтеруге мұрындық болар бұл зауыт іске қосылған кезде
300 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жобаның импорт алмастырушы және экспортқа
бағыт­талған өндірісті өмірге әкелетіндігі бастаманың өңір үшін ғана емес, еліміз
үшін маңыздылығын одан әрі айқындай түсетіндей. Себебі келешекте еліміз шығарылған
шыны тақташалардың 30 пайызын Кеден және Орта Азия елдеріне жөнелтуді жоспарлап отыр. Ал қалған
70 пайызы елімізде салынатын әрбір нысанныңбір бөлігіне айналмақ.

 

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз