ІСКЕР АЗАМАТТАР ҚҰҚЫ ҚОРҒАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

75

0

ІСКЕР АЗАМАТТАР ҚҰҚЫ ҚОРҒАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫБейсенбіде облыстық кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов және тиісті сала басшылары мен аймақ кәсіпкерлері қатысты.
Басқосуда Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлік нысандарды газдандыру, бизнес өкілдерінің аталған салаға араласуы, мектепке дейінгі білім беру мекемелерін мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландыруға қатысты мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда кәсіпкерлердің өтініштерін қарау барысында олардың құқықтарын қорғауға қатысты прокуратура органдарымен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментімен қабылданған шаралар тыңдалды.
Кеңесте талқыланған мәселенің бірі – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалдарының жұмысына қатысты болды. Осыған дейін облыстық кәсіпкерлер палатасына аймақтағы газ саласындағы жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысатын бірқатар мекеме тарапынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалымен тиісті тауар нарығында өзінің үстем немесе монополиялық жағдайды пайдаланып, өзге кәсіпкерлік қызмет түрлерімен айналысатын тұлғаларға кедергі жасалатындығы жайында шағымданған. Мәселенің маңыздылығын ескере келе, «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңеске шығару туралы шешім қабылдайды. Осындай келеңсіздіктер Оңтүстік Қазақстан облысында да орын алған. Бұл мәселеге Кеңес отырысында Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ғазизбек Нәтбаев пен Шымкент кәсіпкерлері де тоқталды. Отырыста қызылордалық бизнес өкілдері Кәсіпкерлер палатасының араласуымен аталған мәселе бірнеше рет талқыланып, ортақ келісімге келгендерін жеткізді. Ал республикалық кеңес мүшелері аталған жағдайға байланыс¬ты бітімгершілік комиссия құрып, жан-жақты зерттеп, шілде айында өткізілетін Кеңестің келесі отырысына шығару туралы шешім қабылдады.
Басқосуда жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің орнына бизнесін өркендетуге кедергі келтіріп отырғандар да бар екені айтылды. Мәселен, Сырдария ауданында бірқатар полиция қызметкері 3 жылдан бері кенттегі азық-түлік дүкеніне қарыздарын төлемеген. Тәртіп сақшыларының осынша уақыттан бергі қарызы 404 мың теңгеге жеткен. Осылайша бұл шығындар кәсіпкер ісінің алға басуына өз кедергісін келтіріп отыр.
Көшпелі кеңесте басқа аймақ¬та¬р¬дағы мәселелері талқыланды. Селек¬тор¬лық режимде өткен басқосуда өзге өңір¬лерден бейнеэкран арқылы сауалдар жолданды. Мектепке дейінгі білім беретін мекемелердің мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландыруға қа¬тыс¬ты мәселелері айтылып, «Нұр Шұ¬ғыла» балабақшасының проб¬лемасы талқыланды. 
2014 жылдың шілде-тамыз айларында облыс бойынша қаржы бақылау инспекциясы қалалық білім бөліміне жүргізген тексеру жұмыстары барысында бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуынан кемшіліктер анықтаған. Өз кезегінде қалалық білім бөлімі анықталған кемшіліктерді жою мақсатында «Нұр Шұғыла» балабақшасының құрылтайшысынан 58 312 200 теңге өндіру жөнінде облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арызбен жүгінеді. 
Кеңес отырысы барысында кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев «Балапан» бағдарламасы жүзеге асқалы бұл салада 6 жылдай жұмыс жасап келе жатқанын айтты. 
– Осы бағдарламаға 2 млрд теңгеден астам қаржы салдым. Қазір қалада барлығы 860 орындық 3 балабақша жұмыс жасайды. Одан өзге Алматы облысында да балабақша аштық. Бүгінгі таңда 1000-нан астам баланы балабақшамен, 500-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Қалалық білім бөлімі біз¬дің әріптесіміз. Солай бола тұра бізді сотқа берді. Бұл жерде біз құқық бұзушылыққа барғанымыз жоқ. Бар мәселе бөлім есепшісінің төлем тапсырысын қате толтырғанында болып отыр. Соның салдарынан 11 айдан бері соттан сотқа сандалып жүрміз, – деді С.Алшынбаев.
Мұнан өзге, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары қалалық білім бөлімі тарапынан «мониторинг жасау» деген желеумен ай сайын болатын тексерулерге көңілдері толмайтындығын жеткізді. Жергілікті кәсіпкерлер бұл өз кезе¬гінде жұмысына айтарлықтай кедергі келтіретінін айтады. Бұл тұрғыда кеңес мүшелері Білім және ғылым министрлігіне тиісті ұсыныстар жолдайтындарын айтып тарқасты.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз