ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС ҰТЫМДЫ БАСТАМАЛАРДЫ НЫҒАЙТАДЫ

72

0

ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС ҰТЫМДЫ БАСТАМАЛАРДЫ НЫҒАЙТАДЫЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген
Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесті.

Шағын құрамдағы кездесу барысында қазақ-француз стратегиялық серік­тестігінің негізгі бағыттары тал­қыланып, сауда-экономикалық, ин­вес­­тициялық, ғарыш, мұнай-газ және теміржол машиналарын жасау салаларындағы ынтымақтастық мәсе­лелері қаралды.

Мемлекет басшылары сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да пікір алмасты.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ын­тымақтастықтың негізін еліміз­дің тәуелсіздігін Еуропада алғаш­қылардың бірі болып таныған және 1993 жылы Қазақстанға келген Франция Президенті Ф.Миттеран қалағанын айтты.

– Содан бері дамып келе жатқан қарым-қатынастарымыз бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейінде. Қазақстанда 100-ден астам француз компаниясы жұмыс істейді, көптеген бірлескен кәсіпорындар бар. Қазір ондаған бірлескен жобалар іске асырылуда. Сізбен бірге іскер топ өкілдерінің үлкен бір қауымы келгеніне қуаныш­тымын. Біздің кездесуіміз қарым-қатынас­тарымызды әрі қарай ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Ф.Олланд өзінің бұл сапары Қа­зақ­стан Президентінің Францияға 2012 жылғы сапарында жасалған уағ­да­ластықтың нәтижесі екенін атап көрсетті.

– Егер кейінге үңіліп, Қазақ­стан­­ның Ф.Миттеранның сапары­нан бергі жүріп өткен жолына қарайтын болсақ, бүгінде бұл дамып, нығайып келе жатқан мүлде басқа ел. Біз Ресей мен Еуропа елдерінің ара­сындағы қарым-қатынастың ширы­ғуы байқалып отырған уақытта кез­десіп отырмыз. Мен мұның түйіні шешілгенін қалаймын, ал бұл орайда Сіздің ел айрықша рөл ойнайды, – деді Франция Президенті.

Кеңейтілген құрамда өткен келіс­сөздер барысында Мемлекет басшысы Франция Президентінің сапары еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңына орайлас келгеніне назар аударды.

– Қазақстандықтар Франция біздің егемендігімізді алғашқы болып таныған мемлекеттің бірі екенін біледі. Осы жылдар бойы біз бірлесе жұмыс істеп келеміз, елдеріміздің арасында стратегиялық серіктестік туралы шарт қолданылады. Париж Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу идеясын Еуропадағы астаналар ішінен ең бірінші қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ф.Олланд өз кезегінде Қазақ­стан­ға салынып жатқан француз инвестициясы мен экспортының ұлғайып келе жатқанына назар аударды.

– Бүгін менімен бірге үлкен делегация келді, оның құрамына министрлер, парламентарийлер, кәсіпорындардың директорлары мен университеттердің ректорлары енді. Осының бәрі Францияның Орталық Азиядағы ірі экономикасы бар ел Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделілігінің зор екенін көрсетеді. Сіздердің елдеріңіз экономикалық даму жөніндегі мақсаттарын табыс­ты жүзеге асырып қана қойған жоқ, ол сондай-ақ өзіне көршілерімен тең дәрежеде диалог жүргізіп, ірі саяси мәні бар оқиғаларға ықпал етуге мүмкіндік беретін маңызды саяси және дипломатиялық рөл атқарады, – деді Франция Президенті.

Келіссөздер қорытындысына ар­налған бірлескен баспасөз мәсли­хатында Мемлекет басшысы Франция Президентімен жүргізілген келіссөздер барысында екіжақты ықпалдастықтың кең ауқымдағы мәселелері талқы­ланғанын атап өтті.

– Біз еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңіне француз компания­ларының қатысу мүмкін­діктеріне ерекше көңіл бөлдік. Қазақстан бұл бағдарламаға қатысатындарға айрықша жеңілдіктер жасап отыр. Сондай-ақ француз тарапы «ЭКСПО-2017» көрмесіне әзірлікке және оны өткізуге атсалысуға ықылас танытты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

– Бүгін білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады. Олар дипломдар мен университеттік дәрежелерді өзара тануға, тілдерді белсендірек меңгеруге және ғылыми зерттеу­лер жүргізуге мүмкіндік береді. Алматыда «Сорбонна-Қазақстан» институтының – Орталық Азиядағы тұңғыш француз жоғары оқу орнының салтанатты ашылуы өтеді, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕО-мен ынтымақтастығының бірқатар өзекті мәселелеріне қатысты Франция тарапының қолдауы жөніндегі маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен ЕАЭО арасында диалог орнату мүмкіндігі қарастырылды.

Франция Президенті өз елінің Қазақстанды жоғары оқу орындарын дамыту мәселесі бойынша да қолдауға әзір екенін білдірді.

– Біз сіздің еліңізбен жоғары деңгейде ынтымақтастық орната аламыз. Бұл дипломдарды өзара мойындауға және Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындары арасындағы зерттеу, ғылыми, университеттік ықпалдастық салаларында жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін келісімдерге қол қоюға байланысты мәселе, – деді ол.

Осыдан кейін Қазақстан мен Франция
президенттері қазақ-фран­цуз бизнес және университеттер форумына қатысты. Форум
жұмысына 350-ден астам адам қатысып, түрлі салаларда шарттар жасалды.

Қазақстан Президенті елімізде жүйелі
дамуға бағытталған бірқа­тар маңызды бағдарламалар жү­зе­­ге асырылып жатқанын
айт­ты. Атап айтқанда,
индустриялық-инновациялық бағдарламаның екін­ші бесжылдығын бастау
жоспарлануда, шетелдік инвесторлар үшін түрлі преференциялар мен ынталандырулар
қарас­ты­рыл­ған. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты қабыл­данды,
оның аясында маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Сапар аясында Қазақстан мен Франция
Президенттері Алматы қала­­сындағы Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық
универ­си­­тетінің базасында құрылған «Сор­бонна-Қазақстан» инсти­туты­ның салтанатты
ашылу рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы бұл шараға француз
көшбасшысының қатысуы білім беру саласындағы осы бірлескен жобаның екі ел үшін
де маңызы жоғары екенін білдіретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлемдік
білім беру кеңістігіне кірікпейінше, инновациялар мен білімге негізделген жаңа
экономика құра алмайтынын да атап өтті.

Өз кезегінде Франсуа Олланд мәдениет
және білім беру саласындағы қазақ-француз ынтымақтастығы бұдан әрі де кеңейе
беретіндігіне тоқталды. Сондай-ақ жаңа ЖОО түлектері Қазақстанның инновациялық
дамуына елеулі үлес қоса алатындығына сенім білдірді.

«Сорбонна – Қазақстан» институты «Париж
қаласының Сорбоннасы» (PRES Sorbonne Paris Cité) Жоғары білім ғылыми
орталығының әлемдегі екінші және Орталық Азиядағы бірден-бір филиалы болып
отыр. Ондағы білім беру үдерісі Болон конвенциясына сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан мен Францияның профессорлары сабақ береді.

Бірлескен институттың ашылуы отандық
білім беруді елдің жоғары білікті мамандарға деген сұранысын қамтамасыз етуге
бағыттаудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз