СҰЛУЛЫҚТЫҢ СЫРЫН БІЛГЕН

198

0

Әдемілік адамның сырт келбетіне ғана емес, ішкі жан дүниесіне байланысты дейміз. Алайда, көпшілік бірінші кезекте сырт келбетке аса мән береді. Оның үстіне бүгінде косметология дамып, көркіңе көрік қосатын мүмкіндіктер көкжиегі кеңейді. Зер салып қарасаңыз, айнала толған сұлулық салоны. Бұрынғыдай шаштаразға тек шаш қидырмайсыз, қазір ол сұлулық тұрғысынан барлық қызмет түрін ұсынады.

Кейіпкеріміз Ботагөз Нұрлыбекқызы тәуекелі көп кәсіпті тізгіндеушілер қатарынан. Талап пен талғамының, қабілеті мен қарымының арқасында іскерлігін дәлелдеп жүрген Ботагөз қала орталығындағы “Хабиби” сұлулық салонын жандандыруда. Бәсеке бәйгесінде оза шығып ғана қоймай, өзгеріске толы бизнес ортаға бейімін көрсетуде. Ең бастысы, тұтынушылары дән риза. Нақты істе нәтиже бар.

– Менің негізгі мамандығым – журналист. Бала күнімнен осы салаға жақын болдым. Сондықтан мектеп бітірісімен құжаттарымды журналистика бөліміне тапсырдым. Студенттік кезеңнің өзінде-ақ, белсенділіктің арқасында түрлі бағдарламаларға жүргізушілік еттім. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасына баспасөз хатшысы болып жұмысқа кірдім. Осында еңбек ете жүріп, кәсіпкерлікке деген қызығушылығым артты, – дейді Ботагөз.

Алғашында қаладағы “Жібек жолы” ойын-сауық орталығынан “Ботагөз” деген атпен ұлттық қолөнер бұйымдарын сататын шағын дүкен ашқан кәсіпкер түлі қиындықтарға кездесіпті. Өздеріңіз білесіздер, табиғи өнімнен жасалған бұйым арзан емес. Тұрақты клиент жинау қиын. Осыған байланысты дүкен жабылып қалған. Бірақ, алғанынан қайтпайтын кейіпкеріміз мұнымен тоқтап қалмады. Күнделікті сұранысқа ие бизнес бастауға кірісті. Қайта тұрып, алға ұмтылды.

– Косметологияға қатысты арнайы курстарға жазылдым. Бір сөзбен айтқанда, талмай іздендім. Соның нәтижесінде салон ашылды. Қазір “Хабибидің” ғұмыры ұзақ болатынына сенемін. Сұлулық салонына кірген әйел кештің қалай батқанын байқамай, демалып шығуы тиіс деген ойдамын. Мұнда келушілер барлық қызмет түрін жоғары бағалайтын және біздің мамандарға сенетін дәрежеге жеткізгім келеді, – дейді ол.

Сұлулық индустриясына жаңа леп әкелуді ойлайтын Ботагөздің айтары көп. Әңгіме барысында ол “кәсіпке деген махаббат – бизнестегі басты дүние” екеніне тоқталды. Табысты кәсіпкер, отбасында аяулы жар атанған кейіпкерге қарап, біз әлі талай белесті бағындырарлықтай күш-қайратты байқадық. Іштей риза болдық. “Әйел шын ниеттенсе, қолынан келмейтін дүние жоқ” деген пікірге қосылдық.

Мөлдір СНАДИНҚЫЗЫ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз