СОЛ ЖАҒАЛАУ: КӨПІР КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ

54

0

СОЛ ЖАҒАЛАУ:  КӨПІР КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІСоңғы жылдары аймағымызда көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Ғ.Мұратбаев көшесі басынан Сырдария өзені үстіне салынып жатқан көпір құрылысы. Көпшілік көптен күткен нысан құрылысы Қызылорда қаласының2009 жылы бекіген Бас жоспарына сәйкес салынуда.

 

Екі ғасырлық тарихы бар Сыр өңірінің бас шаһары дарияның оң жағалауын бойлай салынғаны мәлім. Сол себепті де бұған дейін Сырдария секілді ірі су артериясының жайлы микроклиматы, яки, өзеннің табиғи әсемдігі мен тартымдылығы қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруға пайдаланылған жоқ. Сол жағалаудағы 1532 гектар аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасын жасаған «Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаеваның пікірінше, ендігі жерде қала құрылысының дамуында Сырдария өзенінің Астана қаласындағы Есіл өзені сияқты табиғи тартымдылығы басым болуы қажет. Бұл жоғарыда аталған қала құрылыстық жоспарда қарастырылған.Бұған қоса, нақты кезеңде Қызылорда қаласы тұрғындарының саны 246,8 мың адамға жетіп отыр. Ал 10 жылдан соң бұл көрсеткіш өсіп, 310-350 мың адамды құрайды деп болжануда. Мамандар, қарқынды өсуді негізге ала отырып, қаламыздың перспективалық параметрі2050 жылға қарай 400 мың адамға жетуі бек мүмкін дегенді айтады. Бұл – қалада тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін қосымша аумақтар қажет болады деген сөз. Жоспарға сәйкес, облыс орталығының перспективалық дамуы дарияның сол жағалауындағы бос аумақтарда жүзеге асырылады. Облыс қазынасынан қажетті қаражат қаралып, оған 2013 жылы ондағы 1532 гектарды құрайтын аумаққа инженерлік геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ал өткен жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар қолға алынып, оны Алматы қаласындағы «Урбостиль» жобалау мекемесі жобалап, толықтай аяқтап шықты.

Көпір құрылысын «Мостоотряд-25» компаниясы жүргізуде. Жаңа көпірдің
ұзындығы – 387 метр, ал ені 22,4 метрді құрайды. Осындай алып көпірді салу
елімізге белгілі компанияға жүктеліп отыр. Ал аталған нысанның салыну мерзімі –
26 ай. Осы көпірдің құрылысы біткен соң
жоспарға сәйкес, сол жағалауда тиімді инвестициялық климатты қалыптастыратын
әкімшілік-офистік, мәдени ойын-сауық, сауда-көрме, спорттық, коммуналдық,
рекреациялық және шағын бизнес нысандарын салу қаралған. Сондай-ақ, мешіттер
мен этно орталықтар, 3-4 жұлдызды қонақ үйлер және элиттік тұрғын үй кешендері,
білім, денсаулық және әлеуметтік нысандар мен 15 мың көрерменге арналған
стадионның және тағы басқа нысандардың құрылыстарын жүргізу жос­парланып отыр.
Айта кетейік, мұнда жоспарлы тұрғын үйлерге орын жоқ. Есесіне, 5, 9 және 12
қабатты құрайтын тұрғын үй кешені бой көтереді. Жалпы, сол жағалау, 15 шағын
ауданнан тұрады. Оның ішінде 11-і тұрғын аудандар, 1-і индустриялық аймақ,
қалған 3-і ірі парк және бульварлар болып қарастырылған.

Сонымен бірге, жоба бойынша сол жағалауда жаяу жүргіншілерге арналған
бульварлар, су бұрқақтары, шағын формалар мен жасыл аймақтар, мейрамханалар
желісін орнату көзделіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы жаңа қала барлық озық
талаптарға сай келеді. Жаңа қалада 2016-2025 жылдар аралығында халықтың санын
51 мыңға жеткізу көзделген. Ал келешекте сол жағалау толықтай игерілген кезде
онда 155 мың адамды қоныстандыру жоспарлануда.

Жоғарыда айтқанымыздай, жалпы құны 5,9 млрд. теңге тұратын көпірдің
құрылысын алматылық «Мосто- отряд-25» компаниясы жүргізуде. Былтыр республика
бюджетінен 1 млрд теңге бөлінді. Ел қазынасынан биылғы жылы да қомақты қаражат
қаралып отыр. Құрылысшылар көпірді 2016 жылдың соңына қарай іске қосуды межелеген.
Жаңа қонысты кешенді түрде игеру осы көпір пайдалануға берілген соң басталатын
болады. Сонымен бірге, жобада құрылысы басталған көпірден бастау алып, тікелей
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізіне қосылатын 6 жолақты
автокөлік жолы салынатын болады. Ол үлкен күре жолдан қаланың жаңа және ескі
орталықтарына жолаушылардың тікелей шығып, уақыт үнемдеуіне мүмкіндік береді. Демек, өңірдің өркендеуіне
зор ықпалын тигізетін сол жағалауды игеру ісі 2016 жылдың соңында қолға
алынады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

Суретті
түсірген Н.Дәуренбеков.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз