СОЛ ЖАҒАЛАУ – СӘТТІ ЖОБА

79

0

СОЛ ЖАҒАЛАУ – СӘТТІ ЖОБАСоңғы кездері
«Қызылорда қаласының ажары ашылып, көркіне көрік қосылыпты» деген сөзді жиі
еститін болдық. Расында солай. Жаңа зәулім әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер
салынды, сәулетті мәдени және спорт нысандары бой көтерді.

 

Санайғаққа сүйенсек, облыс көлемінде құрылыс қарқыны
3,5 есеге өсіпті, Қызылорда қаласында 8 есеге артқан екен. Бұған қоса, шаһардың
келбетінен ұлттық реңк, ұлттық бояу ә дегеннен көзге оттай басылады. «Қорқыт
ата» әуежайынан бастап жол бойынан, қала ішінен Сыр елінің тарихын, өнерін,
мәдениетін, рухани құндылықтарын, ұлы тұлғаларын насихаттайтын жарнамаларды
байқайсыз. Көше жағалай қойылған көшпенділердің керуені, жүзіктер, бәйге, қыз
қуу бейнеленген ескерткіштер де көздің жауын алады. Ежелден ұлттың ұясы
саналған Сырдың бас қаласындағы өткенімен үндесіп жатқан осы бастамаға сырттан
келген қазақтар да ризалық білдіріп жатады. Облыс басшылығы қолға алған бұл
жаңалық жалғасты боларына сенеміз. Олай деуге себеп, 2009 жылы бекітілген бас
жоспарға сәйкес, Сырдың сол жағалауында қанат жаятын жаңа қаланың да сәулетінде
ұлттық бояуды қалыңдату жоспарланып отыр.

Жаңа шаһар үшін 1532 гектар аумақ бөлінген. Қазіргі
таңда жоспары түбегейлі жасалып тұр. Әрине, жаңа қала салу шешімі оңайлықпен
қабылдана салған жоқ. Сарапшылардың пікірі ескерілді, мамандардың зерттеуі
зерделенді, сәулетшілердің жобалары сараланды. Сөйтіп, «Біз Астанаға қарап бой
түзейміз», – деп, Елбасының ерлігін үлгі еткен іскер азамат – облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев 90 мың халық тұратын жаңа қаланың құрылысын бастауға бел
буды. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім» деп наркескен ақын Махамбеттің арманын Сыр бойында
ақиқатқа айналдыруды мұрат етті.

Бүгінде халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер
жүргізіп, инвестиция тарту бағытында нәтижелі жұмыстар жүруде. Мәселен, Азия
даму банкімен келісімдер жасалып жатыр. Қазір бұл банк Қызылорда қаласының
Сырдарияның сол жағалауынан салынатын бөлі­гі­нің инфрақұрылымын қаржы­лан­дыруды
мақұлдап отыр. Ол үшін 172 миллиард теңге қаржы салуға дайын екендерін
мәлімдеді. Мұндай келісімдер алдағы уақытта да жалғасып, жемісін бере берсе
дейміз. Осы күннің өзінде дарияның екі бетін жалғайтын көпірдің құрылысы жүріп
жатыр.

Енді айтпақ ойымызды жал­ғастырайық, біздіңше, Сырдың
сол жағалауында бой көтеретін «қазақи» қаланың басты ЕКІ артықшылығы
бар.

БІРІНШІСІ, өзен жағасында салынатын жаңа
шаһардың табиғи тартымдылығы. Жалпы, кез келген дамыған елдердің өзен бойына
орналасқан қалалары өзіндік кескін-келбетімен, көзтартар сәу­лет­тілігімен
ерекшеленеді. Сондай тарихи қалалардың бірі – Төменгі Австрияның Линц қаласы.
Бұл қала Дунай өзенінің екі жағына орналасқан. Бүгінде екі жүз мыңға жуық халқы
бар қаланың іргесін біздің эрамызға дейінгі он бесінші жылдары римдіктер
қалаған. Анығын айтқанда, олар шекаралық қорған салып, оған Ленция деген атау
берген. Міне, содан бергі уақыт ішінде шаһар өзіндік өркендеу жолына түсіп,
бүгінде әлем таныған қалаға айналды. Немесе 1873 жылы әлем картасында пайда
болған Венгрияның Будапештін алайық. Бұған дейін бұл қала Буда, Обуда және Пешт
деген үш қаладан тұрған. Будапешт те Дунай өзенінің бойына орналасқан. Ол
тарихи ескерткіштерімен және соңғы үлгіде салынған сәулеттік құрылыстарымен
ерекшеленеді. Осындай өзіндік дамуды Герма­нияның Везер өзені бойына орна­ласқан
Бремен қаласынан да айқын көруге болады. Ол көзтартар өзіндік кескін-келбетімен
ғана емес, сонымен қатар экономикасы мен индус­триясы дамыған шаһар ретінде де
әлемге танылған.

Иә, әрісін айтпағанның өзінде өзіміздің Есіл өзенінің
бойына орналасқан Астананың санаулы жылдар ішінде әлем мойындаған қалаға
айналуы кімді болса да тамсандырмай қоймасы анық. Бұл, әрине, Елбасының ерен
еңбегінің жемісі. Ал Қазақстан қала құрылысшылар одағының президенті Любовь
Нысанбаеваның айтуынша, Астананың ажарын айшықтауда Есіл өзенінің ролі қандай
күшті болса, ендігі жерде қала құрылысының дамуында Сырдария өзенінің Астана
қаласындағы Есіл өзені сияқты табиғи тартымдылығы басым болады.

ЕКІНШІСІ, сол жағалауда бой түзейтін әрбір ғимарат ұлттық нақыштағы кескіндермен көркемделетін болады. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаңа қала салу туралы бастама көтергенде осы мәселенің басын бірден ашып алған болатын. «Шаһардың сәулеті Ұлы даладағы Мәңгілік елдің дәулеті мен дәстүрін «сөйлетуі» тиіс», – деді. Жалпы, сәулетшілер де елді мекеннің орналасқан жеріне, тұрғындар санына, негізгі өндіріске, ауа райына, т.б. жағдайларға қарай жобалар жасайтыны белгілі. Басты мақсат – тұрғындардың талғамы мен өмір-тіршілігіне сай болғаны абзал. Сондықтан, жаңа қаланың сәулетінде ұлттық бояуды қалыңдату тектен-тек айтыла салмаған идея. Оның астарында идеологиялық, тарихи, пәлсапалық сырлар жатыр.

Алдымен, сол жағалаудағы жаңа қала арқылы қазақ халқының сәулет өнеріндегі ескі өрнектері жаңғырады, тарих түгенделеді. Бұл қазақ архитектурасына жаңа леп әкеледі және жергілікті архитекторлар шығысқа тән ұлттық жобалар жасауға ден қояды. Мәселен, Шығыс сәулет өнерінде өзбек архитектурасы деген ұғым қалыптасқан. Оның мағынасы ұлттық патриотизммен астасып жатыр. Жаңа қала салуда, құрылыс кешендерін халық үлгісінде жаңартуда көрші өзбек бауырларымыздың тәжірибесіне қызығасың. Шындығына келсек, ол тәжірибе көктен түскен жоқ, Тиллахари (1647-1660 ж.ж.), Ширдор (1619-1635 ж.ж.) сияқты көптеген сәулетті-тарихи құрылыстар, ғимараттар салдырған Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүр бабамыздан мирас болып қалған құндылық. Қазақта қалалық мәдениет болғанын, құрылыс өнерінде де өзгеге ұқсамайтын тек қазаққа тән қайталанбас этнографиялық өрнектердің, құрылыс иіндерінің (арка) кездесетінін, тіптен, кейбір қалалардың өмірінде киіз үйлердің қатарласа тігілгенін археологтарымыз әлдеқашан дәлелдеген. Оның үстіне, Қазақ хандығы тұсында бір ғана Сыр өзенінің бойында 32 қала болған. Ол қалаларды бізге сырттан келіп ешкім салып берген жоқ, барлығы да бабаларымыздың қолымен тұрғызылған. Сондықтан, халқымыздың қала салудағы ғасырлар бойғы қалыптасқан төлтума шеберлігі, бай тәжірибесі қазақтың бүгінгі құрылыс өнерінде өзінің рухани жалғасын табатыны қуанышты.

– Ескі қалалардың сәулеттік элементтерін қолдана отырып, қаланың келбетіне ұлттық нақыш беру және өңірдің өзіндік сәулет өнері ескеріледі, – дейді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы С.Тойбазаров.

Дәлірек айтсақ, Сырдария өзенінің сол жақ бөлігінде қаланың жаңа әкімшілік орталығын қалыптастыру қарастырылған. Яғни, жаңа әкімшілік орталықта этно-мәдени орталықтар, әлеуметтік нысандар, сауда, сауықтыру орындары мен қонақ үй кешендері және басқа да бизнес орталықтар салу көзделген. Жаңа қалада негізінен тек 5-9 және 12 қабатты құрайтын тұрғын үй кешендерін салу жоспарланып отыр. Әрбір ғимаратта қазақтың ұлттық және шығыс пен классикалық сәулет өнерінің элементтері қолданылады.

Бір жағынан, тарихы тым тереңге тартқан қаланың ажарын қазақылық ашып тұрмаса, елге де, жерге де сын болары анық. Мұнда келген қонақтар мен туристер бейне бір Еуропа қаласында емес, адамсүйгіштік қасиет пен ұлттық менталитетті бойына сіңірген қазақтың шаһарында жүргенін сезінуі қажет. Ал Сырдария өзенінің сол жақ бөлігін игеру жобасы осы талаптың үдесінен шығады.

Сондықтан, Сыр бойындағы тарихи қалалармен – ескімен рухани үндесетін шаһар – түп тамырымызды насихаттаудың және туристік тартымдылығын арттырудың бір түрі деуге болады. Екінші жағынан, өскелең ұрпақтың тәрбиесінде идеологиялық маңызы зор болмақ. Сонымен бірге, сол жағалаудағы қаланың құрылыс кешендері «қазақ архитектурасы», «қазақ қаласы» деген ұлттық ұғымдарды қалыптастырып, ұлттық нақыш сәулет өнерінің сәніне айналдырады деп ойлаймыз.

 

P.S. Кез келген қала тұрғындарымен көрiктi. Ал Сырдың бас шаһары мен оның сол жағалауындағы жаңа қала тұрғындарының рухани-әлеуметтiк келбетi қандай болуы керек? Бұл мәселе мемлекеттiк саясаттың құрамдас бiр саласы екені белгілі. Сондықтан, осыны саралауды алдағы мақалалардың еншісіне қалдыралық.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз