СОЛ ЖАҒАЛАУ ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ

53

0

СОЛ ЖАҒАЛАУ ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІТөрткүл әлемдегі бірқатар мемлекеттердің
астаналары өзеннің екі бетін ала орналасқан. Мәселен, жауһар қала Париж – Сена өзенінің,
тұманды Альбионның астанасы Лондон – Темза өзенінің қос жағалауына орын тепсе,  асқақ рухты Астанамыз Есіл өзенінің екі жағалауынан
бой түзеуде.  Осы ару қала Астанаға қарап
бой түзеп келе жатқан шаһарлардың бірі – Қызылода ірге көтергелі өзеннің оң жағалауында
дамыды. Енді жаңа қоныс Сырдың сол жағында өсіп-өркендейтін болады.

Дария үстінен салынып жатқан автомобиль көпірінің қадасы осыдан
8 ай бұрын қағылды. Сонан бері мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал сол
жағалауды игеру ісі осы көпір берілген соң басталады.
Иә, мұндағы бос аумақты игеру үшін алдымен өзеннің қала тұсынан
көпір салу керек-ті. Айта кетейік, Сырдария өзені арқылы өтетін көпір Бас жоспар
аясында салынуда. Оның құрылыс-монтаж жұмыстарын елімізге ғана емес, шет елдерге
де танымал мекеме – «МО-25» ЖШС жүргізуде. Жобаға 2014 жылы республикалық бюджеттен
1 млрд, облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Мердігер компания былтыр бөлінген
қаржыны толық игеріп, тиісті жұмыс көлемін орындап шықты. Мамандардың айтуынша,
көпір 9 тіреуіштен (опорадан) тұрады. Нақты кезеңде сол жағалаудан 1, 2, 3 және
4 тіреуіштердің скважиналары (барлығы 96 скважина) бұрғыланып, олар арматуралар
арқылы бетондалып болды. Ал, оң жағалаудағы 9-шы тіреуіштен 16 скважина, 8-ші тіреуіштен
24 скважина бұрғыланып, бетондалған. Көпір құрылысын жалғастыру үшін осы жылы ел
қазынасынан 625 млн теңге, жергілікті бюджеттен 62,5 млн теңге және бөлініп, 1 сәуірге
дейін оның 160 млн теңгесі игеріліпті. Бүгінде оң жағалауда 9-шы тіреуішті бұрғылау
және бетондау жұмыстары толығымен біткен. Ал, 8-ші тіреуішті бетондау жұмыстары
таяу күндері аяқталады.
Көпірдің ұзындығы – 386,82 метр, ені 22,4 метрді
құрайды. Ал, көпір өткелінің жалпы ұзындығы – 2141,19 метр. Оның автокөлік
жүретін бөлігі 3,5 метрден 4 жолақты жол болады және екі жағынан жаяу жүргінші жолы
(тротуар) түседі. Жалпы, күрделі нысанның салыну мерзімі – 26 ай. Алайда, тәжірибелі
құрылысшылар оны мерзімінен бұрын салып бітіреміз деп отыр.
Сыр жұртшылығы көптен күткен көпірдің қада қағу рәсіміне аймақ
басшысы қатысып, «Бүгінгі күнді өзеннің сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталатын
тарихи сәт деп санауымыз қажет» деген болатын.
Мұнда мемлекеттік бағдарлама бойынша көпқабатты тұрғын үйлер салына
бастайды. Әлеуметтік-әкімшілік, өндірістік нысандар, мәдени және бизнес орталықтарын
салу да қаралған. Айта кетейік, қаланың сәулеттік келбетіне шығыс сәулетінің элементтері
кеңінен қолданылады. Сонымен қатар қос жағалау абаттандырылып, тынығу аллеялары,
бульварлар мен жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған арнайы
жолдар салынбақшы. Жалпы, заманауи талаптарға сай ірге көтеретін жаңа қоныста келешекте
150 мыңнан астам халық тұрады деп болжануда.
Сонымен, аумағы 2300 гектарды құрайтын сол жағалау алқабын жоспарлы
игеру жұмыстары басталмақшы. Бұл – Сырдың сол жағынан да жаңа қала салынып, өсіп-өркендейтін
күн алыс емес деген сөз. Қала дамуының 2025 жылға дейінгі бас жоспарын жобалаушы
мердігер «Урбостиль» ЖШС директоры Л.Нысанбаева екі ғасырлық тарихы бар шежірелі
шаһардың бұған дейін тек Сырдарияның оң жағалауын бойлай салынғанын, өзен жағасында
орналасқан қаланың сәулеттік келбетін дамытуға Сырдария сияқты ірі су артериясының
мол мүмкіндігін пайдалану ісі қолға алынбағанын айтқан-ды. Иә, қаламыздың қақ іргесінен
өтетін айдынды өзеннің тартымдылығын кәдеге асыра алмағанымыз рас. Сырдың бас қаласы
– Қызылорда ендігі жерде осы жоспар аясында дамып, ірі өзеннің жайлы микроклиматын,
табиғи әсем көрінісі мен тартымдылығын тиімді пайдаланатын боламыз. Яғни, қолданыстағы
бас жоспар бойынша мұнан былай өзен Қызылорда қаласының сәулетіне сән беретін болады.
Сөз соңында жобаның жалпы құны 5,9 млрд теңге екенін, қомақты
қаражаттың Сырдағы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталып отырғанын айрықша
атап өткен жөн.
 
Дәуіржан
ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз