СОЛ ЖАҒАЛАУДЫҢ СӘУЛЕТТІК ЖОБАСЫ

48

0

СОЛ ЖАҒАЛАУДЫҢ СӘУЛЕТТІК ЖОБАСЫ

қаланың келешек
келбетін көріктендіреді

Кез келген дамыған елдердің өзен бойына
орналасқан қалалары өзіндік
кескін-келбетімен, көзтартар сәулеттілігімен ерекшеленеді. Осы орайда соңғы уақыттары
Қызылорда қаласының сол жағалауын дамыту ісінің қолға алынуы көңілге қонады.
Халыққа берген есебінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл бағытта биылдан
бастап кең көлемді жұмыстар жүргізілетінін атап көрсеткен болатын.

Сол кездесуде аймақ басшысы өткен жылы дарияның сол
жа­ға­лауына геодезиялық зерттеу жүргізілгенін атап өтті. Дегенмен, ор­ман-тоғай
қорын елді мекендер санатына ауыстыруға қатысты құжаттар уақытылы
рәсімделмеген. Өйткені, жерасты су жолдары мен топырақ құрамын зерттеу шара­лары
көп уақытқа созылған. Дей­тұрғанмен, бұл жұмыстар бүгінде аяқталуға жақын.
Соның бастысы, таяу уақытта барлық жоспар бекітіліп, Астанадан үлгі ала отырып,
жаңа қаланың құрылысы басталатын болады.

СОЛ ЖАҒАЛАУДЫҢ СӘУЛЕТТІК ЖОБАСЫЖоспар демекші, Қызылорда қаласының бас жоспары
2009 жы­лы бекітілді. Бас жоспарда қала да­муының басым бағыттары ай­­қындалып,
коммуналдық шаруа­шылық және инженерлік инфра­құрылымдарды дамыту қарастырылды.
Соның ішінде Қызылорда қаласын дамытуды екі кезең бойынша жүзеге асыру
жоспарланды. Бірінші кезең 2015 жылға, ал екінші кезең 2025 жылға дейін деп
белгіленді. Бірінші кезеңде Қызылорданың мұнай-газ өндірісін, жеңіл және тамақ
өнеркәсібін, сондай-ақ құрылыс материалдары индустриясын дамыту көзделген. Айта
кету керек, бүгінде қаланың бекітілген аумағы бас жоспарға сәйкес 13 мың
гектарды құрайды. Болашақта бұл көлем 40 мың гектарға жеткізіледі.

Сөз басында айтқанымыздай, сонымен қатар бас
жоспармен Сырдария өзенінің сол жақ бөлігін игеру жоспарланып отыр. Жоба
бойынша Сырдария өзенінің сол жақ бөлігінде қаланың жаңа әкімшілік орталығын
қалыптастыру қарастырылған. Атап айтқанда, жаңа әкімшілік орталықта этно-мәдени
орталықтар, әлеуметтік нысандар, сауда, сауықтыру орындары мен қонақ үй
кешендері және басқа да бизнес орталықтар салу көзделген. Жалпы қаланың сол
жағалауын дамыту барысында қазақтың ұлттық және шығыс пен классикалық сәулет
өнерінің элементтері қолданылады деп күтілуде.

Жоба бойынша алдағы уақытта өзеннің сол жақ
бөлігінде 2220 гектар жерді игеру жоспарланып отыр. Бүгінгі күндері осы жердің
1532 гектарына инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеулер жүргізіліп,
оның оң қорытындысы алынған. Ал, қалған 688 гектар жер қаланың резервіне
қойылған.

Биылғы жылы қаланың сол жақ бөлігін түбегейлі
жоспарлау жобасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 107 млн. теңге бөлінді. Қазіргі
күні осы қаржы есебінен аталмыш жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен
қатар қаланың бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жақ жағалауына өту
үшін екі көпір құрылысын салу да жоспарланып отыр. Соның бірі Ғ.Мұратбаев
көшесінен жаңа көпір мен ұзындығы 15 шақырым болатын төрт жолақты айналма жол
салу көзделуде. Бұл жобалар іске асқанда өзеннің сол жақ бөлігінің қаланың
негізгі аумағымен байланысына кеңінен жол ашылып, ол облыс орталығының дамуына
жаңаша серпін береді деп күтілуде. Жалпы қазіргі күні көпір құрылысының
жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, ол мемлекеттік сараптамадан оң
қорытындысын алған. Бұл көпір құрылысының жалпы құны 5,9 млрд. теңге. Оны
салудың мерзімі 26 айға есептелген. Биылғы жылы осы көпір салу құрылысына облыстық
бюджеттен оның жалпы құнының 10 пайызы бөлінген. Қазір бұл қаржыны игеру
жұмысы да басталған.

Сонымен,
қаланың сол жағалауын дамыту жобасы іске
аса бастағанда Сырдың бас қаласы жаңаша келбетке ие болады. Ал ең
бастысы, қаланың аумағы кеңеюімен қатар оның экономикалық дамуы да қарыштап
алға басады.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз