СОТ ӘДІЛДІГІ – МЕМЛЕКЕТ МӘРТЕБЕСІ

147

0

СОТ ӘДІЛДІГІ – МЕМЛЕКЕТ МӘРТЕБЕСІМемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында сот жүйесі саласына да нақты міндеттер қойылып отыр.
Жолдауда айтылған бірінші басымдылық экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы болса, екіншісі – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, үшінші басымдылық – макроэкономикалық тұрақтылық, төртіншісі – адам капиталының сапасын жақсарту, бесіншісі – институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Басым бағыттарды жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың, соның ішінде еліміздің сот жүйесі мен судьялар қауымдастығының алдында тұрған міндеттер де ауқымды. Жолдаудағы «Сот жүйесіне сенімнің артуына қол жеткізу қажет», деген сөздің астарында сот жүйесіне артылып отырған барша міндеттер мен тапсырмаларды орындаудың салмағы мен жауапкершілігі жатыр.
Сот жүйесі ҚР Конституциясының 3-бабының, 4-тармағына сәйкес мемлекеттік биліктің бір тармағы болып табылады. Соңғы жылдары елімізде сот жүйесі мен судьялардың мәртебесін арттыру, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөнінде көптеген нақты заңдар қабылданды. Соның ішінде «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жергілікті және облыстық соттардың әлеуеті кеңейтілді, үш сатылы сот жүйесінің – бірінші саты аудандық соттардан, екінші саты облыстық соттың аппеляциялық, кассациялық алқалардан тұратыны, Жоғарғы соттың қадағалау функциясын атқаратыны заңдылық шешімін тапты. Осы аталған нормативтік-құқықтық  актілер елімізде сот жүйесін, оның қызметін дамытуға, судьялардың беделін арттыруға айтарлықтай негіз жасады. Сот қызметі өмір талабына орай, елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-экономикалық саяси-ұйымдастырушылық өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылды. Міне, осының барлығы сот жүйесінің дамуына жол ашты. Елбасының биылғы Жолдауында да осы саланы одан әрі жетілдіру қажет екендігі назарға алынды.
Жалпы, Жолдауда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру қамтамасыз етілуі керектігі айтылды. Мұндай жұмыстардың мемлекеттік биліктің сот тармағында біркелкі табысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жаңа ақпараттық технологияға негізделген электрондық бағдарламалар өз нәтижесін көрсете бастады. Олардың қатарында «Төрелік», «Сот кабинеті» және басқа сервистер бар. Бүгінде пошта байланыстарының орнын ешбір қаражат шығындамайтын электронды пошта, SMS хабарлама, электрондық бағдарламалар мен сервистер, гибридті электронды пошта және басқалары басты. Қазір сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейнеконференция арқылы өткізу қалыпты құбылысқа айналып барады. Жолдау талаптарын жүзеге асыру барысында бұл жұмыстар одан әрі дамытыла береді. Жалпы, сот жүйесінде енгізіліп отырған барлық жаңа сервистік қызметтер халықтың сот құжаттарына қолжетімділігін арттырып, олардың сотқа деген сенімділігін одан әрі нығайта түседі.

Асылхан МИЗАНБАЕВ,
Жалағаш аудандық сотының төрағасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз