СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ

203

0

Еліміз бойынша 25 мамырда Соңғы қоңырау салтанаты өтіп, мыңдаған оқушы алтын ұя – мектебімен қоштасты. Олардың алдында енді тестілеу мен оқу орнын таңдау міндеті тұр.
Қаладағы №2 «Мұрагер» мектебінде де бұл күні оқу жылы қорытындыланды. Көңіл тебірентер шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, ақ бантикті балауса қыздарды, бозбалалар, қолында – гүл, жүзінде нұр ұстаздар мен ата-аналар қауымын мерекемен құттықтады. Елбасының биылғы Жолдауында білім беру саласын жаңғыртуға үлкен мән берілгендігін, бұл тарапта облыста жаңадан бой көтерген білім нысандары, оқушылардың жазғы демалыста тынығуына қолдау жасау секілді игілікті шараларды атап өтті. Сондай-ақ, түлектерге ақ тілегін жеткізіп, биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Салтанатта құрамында грант иегерлері, білім олимпиа-даларының, спорт, өнер жарыстарының жеңімпаздары, «Алтын белгі”, үздік аттестат үміткерлері бар көшбасшылардың шеруі өтті. «Мектеп вальсі” шырқалып, түлектер жұп-жұбымен билей жөнелді. Осы сәтте мектеп ұжымы ұшырған бума-бума шарлар аспанды бірер сәтке түрлі-түске бояп жіберді. Салтанаттың шырқау сәтінде қалалық оқушылар мәслихатының депутаты Жарылқасын Дінмұхаммед пен 1-сынып оқушысы Алина Салауат соңғы қоңырау соғып, шараны қорытындылады.
Айта кетейік, №2 мектептен биыл 74 түлек түлеп ұшпақ. Оның 68-і ҰБТ-да бағын сынамақ ниетте. Ал қалған оқушылар Мәскеудің зерттеу-технологиялық институтында, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық универ¬ситетінде білім алатын болады. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Өткелбаеваның айтуынша, осы жылы халықаралық «Flex” бағдарламасымен ағылшын тілін жетік меңгерген 3 бітіруші түлек Америкада оқып келген. Ал 1995 жылдан бастап қолданысқа енген бағдарлама грантын бүгінге дейін 100 түлек жеңіп, жемісті жобаның игілігін көрген екен.

* * *

Осы күні қаладағы №3 мектеп-лицейінде де соңғы қоңырау соғылды. Сол күні мектеп алаңына түлектермен қатар, өмірден өз орнын тауып, түрлі салада еңбек етіп жүрген, мектепті тәмамдағандарына бірнеше жыл болған аға-апалар да табылды. Қимастық сезімде жүрген 113 түлекті құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким арнайы келіп, ізгі тілегін білдірді.
Дәстүр бойынша салтанатты жиында үздіктер, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары дипломдармен марапатталды. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан ата-аналарға да «Үлгілі отбасы” медалі табысталды. Лицей түлектері мен оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламада мәнерлеп өлең оқылып, әсем әуендер шалқыды. Мұнан соң түлектер ұстаздарына деген алғаусыз алғысын жеткізіп, қоштасу вальсін биледі.

* * *

Кеше ғана тұлымы желбіреп, жүрегі лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған Ғ.Мұратбаев атындағы №171 мектептің түлектері де білім ордасымен салтанатты түрде қоштасып, қияға қанат қақты. Сыңғырлаған күміс қоңырау үнімен қоштасу оларға бір жағынан қуаныш, екінші жағынан қимастық сезім тудырды.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов олардың биік белестің бастауында тұрғанын айта келе, ақ жол, сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар шарада білім ошағының қол жеткізген табыстары зор мақтанышпен атап өтілді. Қалалық мәслихат депутаты, мектептің 1998 жылғы түлегі Ержан Байтілес те өз ісінің үздігі болып танылған ұстаздарға алғысын жеткізіп, алтын ордасына деген сағынышымен бөлісті.
 Жиын барысында бітіруші тілектер «Қош бол, мектебім менің!”, «Түлектер”, «Аяулы ұстаз” әндерін тамылжыта шыр¬қап, мың бұрала биледі. Ал 1-сынып оқушылары аға-әпкелеріне деген ыстық ықыласын жыр шумақтармен жеткізді. Мерекелік шара жас түлектердің қоштасу вальсімен аяқталды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз