СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ

219

0

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫКеше Қызылорда
қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында соңғы қоңырау соғылып, 97 түлек алтын ұясымен қоштасты.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов қатысып,
оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздар қауымын соңғы қоңырау мерекесімен, оқу
жылының аяқталуымен құттықтады.

–Алғаш әріп танып,
білім нәрімен сусындаған алтын ұя – мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам
басу адам өміріндегі ең бір айрықша сәт. Сіздер бүгін осы бір сәттің куәсі
болып отырсыздар. Алдарыңызда ең бір жауапты міндет тұр. Ол – мамандық таңдап,
өз болашақтарыңызды айқындау. Оқушылық өмірде алған білімдеріңіз бен
танымдарыңыз бұл орайда сіздерге үлкен көмегін тигізері анық. Ал сіздерді осы
уақытқа дейін алған білімдеріңізді сарапқа салатын ең маңызды дода – Ұлттық
бірыңғай тестілеу сынағы күтіп тұр. Осы сыннан сүрінбей өтіп, өздеріңіз қалаған
мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсулеріңізге тілектеспін,– деді
Қ.Ысқақов.

Салтанатты шарада
үздік мектеп бітірушілердің, білім ұясының әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді
қатысушылардың ата-аналары «Үлгілі отбасы» медалімен марапатталды. Сонымен
бірге, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына арнайы
сыйлықтар табысталды. Түлектер Отанымыздың игілігі үшін аянбай еңбек етуге сөз
берді.

Түлектердің сынып
жетекшісі Гүлнәр Қанетова шәкірттеріне арнап жылы лебізін жеткізді. Ал ата-аналар атынан сөз алған Мархабат Ысқақова
барлық ұстаздар қауымына, мектеп ұжымына алғысын білдірді.

Міне, соңғы қоңырау
да соғылды. Қоңыраудың сыңғырлаған үнін ала мектеп бітірушілер вальсі әуеледі.
Мектеп бітіруші жігіттер мен қыздар әдемі әуеннің ырғағымен дөңгелене билей
жөнелді. Түрлі-түсті шарлар аспанға ұшырылды. Аспанға ұшқан шарлармен бірге
балғын балалық шақ, мектеп қабырғасындағы алаңсыз күндер де бірге кеткендей.
Алда жаңа өмір, жарқын болашақ тұр. Ақ
жол саған, жас түлек!

***

Еліміздің барлық
аймағында соңғы қоңырау салтанатты шарасы өтті. Жас түлектер үлкен өмірге қадам
басып, алтын ұя – мектебімен қоштасты.Осындай жиынның бірі қала орталығындағы №2 «Мұрагер» мектебінде болды.
Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, мектеп бітірушілерге
сәттілік тіледі.

– Бүгін – мектеп
бітірушілер үшін ең маңызды күн. Биылғы жылы Қызылордада 6570 түлек мектеп
бітіруде. Олардың ішінде 4574-і ҰБТ-ға қатысып, он бір жыл жинаған білімдерін
сарапқа салмақ. Сонымен қатар «Алтын белгіге»– 329, «Үздік аттестатқа» үміткер 123 оқушы сенім үдесінен шығады деп
ойлаймын. Алдағы сынақтардан сүрінбей өтіп, ұстаз мерейін еселей түсетіндеріңізге
үміт артамыз, – деді.

Жалпы, биыл үш
тілде оқытатын мамандандырылған сыныптары бар №2 «Мұрагер» мектебін
бітіретін 75 түлектің 57-сі грант
иегері. «Алтын белгіге» – 14, «Үздік аттестатқа» 2 түлек үміткер екен. Грант иегерлерінің басым бөлігі Ресей
мемлекетінің белді университеттері мен Қазақстанның маңдайалды оқу орындарына
түсіп отыр. Аталған білім ошағы Қазақстанның үздік 100 мектебі қатарына енген.
Өткен жылы тест нәтижесі де көңіл қуантарлық. Мұндағы ұстаздар да білікті.
Сонымен бірге 4 түлек биыл «FLEX» бағдарламасы бойынша АҚШ-та бір жыл тегін
білім алып қайтқан. Сондай грант
иегерлерінің бірі, мектеп түлегі – Мұратбек Нұржан. Дегенмен, ол тестілеуден
өтуді жөн санапты. Алдағы уақытта сынақтан өтсе, еліміздегі белді оқу
орындарының бірін таңдамақ.

Салтанатты шара
барысында түлектер би билеп, білім ошағына арналған әндерді шырқады. АҚШ-та
білім алып қайтқан түлектер жылы лебіздерін айтып, ұстаздарына алғыстарын
білдірді. Соңғы қоңырауды соғу рәсімі бірінші сыныптың оқушысы, оқу озаты Айдана
Қален мен 11-сынып оқушысы Әлімжан Рахметке бұйырды. Шара соңында әуеге шарлар
ұшырылды.

 

***

№4 облыстық дарынды
балаларға арналған мектеп интернатында «Сыңғырла, соңғы қоңырау” атты
салтанатты шара өтті. Шарада облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан
Сайлыбаев құттықтауын жеткізіп, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.

– Орта мектептегі
білім әрбір азаматқа ғылым іздену жолындағы білімнің тек негізі екені белгілі.
Заманның талабына сай болып, қоғамның дамуына үлес қосу үшін өмір бойы ізденісте
жүру керек. Бабаларымыз айтқандай, бұл кезең білектің емес, білімнің заманы.
Халық пен халықты, ұлтпен ұлтты біріктіретін бір ғана жол болса, ол – білім.
Сондықтан да орта мектепті бітіргелі отырған түлектерді құттықтай отырып, білім
жолында талай белесті бағындыра беріңіздер демекпін. Баршаңыздың қоғам дамуына
үлес қосар азамат болуларыңызға тілектеспін, – деді Б.Сайлыбаев.

Басқарма басшысының
құттықтауынан соң, салтанатты шара мектеп ұстаздары мен оқушыларының концертіне
ұласты. Үздік деп танылған білім ошағының шәкірттері әр ұлттың биін билесе,
ұстаздар ән шырқап көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Биыл аталған білім
ошағын 26 түлек бітіреді. Оның 7-і осы күнге дейін халықаралық олимпиадалар мен
ғылыми жобалар сайысынан жеңімпаз атанып, таңдаулы ЖОО-ның грантын жеңіп алған.
Ал 19 түлек ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Мектеп директоры Балзия Абдуллаева
бұл оқушылардың да ҰБТ-да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеріне сенім артады.

 

***

Кеше облыс
орталығындағы М.Шоқай атындағы №187 мектепте «Сыңғырла, соңғы қоңырау» шара
өтті. Салтанатты жиынға облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Махашов, «Қоғамдық
келісім» орталығының директоры Уәлихан Ибраев және қалалық білім бөлімінің
мамандары қатысып, ұстаздар қауымы мен мектеп бітірушілерге жылы лебіздерін жеткізді.

Мектеп директоры
Айгүл Мұсабаева да көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, түлектерге ҰБТ-дан
сүрінбей өтуге тілектестік білдірді.

Бұл мектепті биыл
37 түлек бітіріп отыр. Оның 32-сі ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Сондай-ақ, үш «Алтын
белгі», төрт «Үздік аттестат» үміткері бар. Қазірдің өзінде мектептің 6 түлегі
К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің және біреуі
Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің грантын жеңіп алыпты.

Мектепте соңғы
қоңырау соғылып, оқушылар ұстаздарына гүл шоқтарын сыйлады. Көкке көгершін
ұшырып, мектеп вальсін биледі.

Барлыбек БАТЫР,

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,

Сара АДАЙБАЕВА,

Бауыржан ҚОЖАНТАЙ,

ҚМУ-дың студенті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз