СҮРІЛГЕН ҮЙЛЕРДІҢ ОРНЫНА НЕ САЛЫНАДЫ?

138

0

Қызылордада апатты жағдайда тұрған көппәтерлі үйлер жаппай сүріліп жатыр. Олардың орнына әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар бой көтереді. Жоспар бойынша облыс орталығында барлығы 25 үй бұзылады деп күтілуде, – деп хабарлады «Хабар» арнасының тілшісі. 
Тасбөгет кентіндегі 12 пәтерлі №24 үй осыдан елу жыл бұрын салынған. Кезінде ғимарат ой жерге тұрғызылған екен. Астынан ыза теуіп, қабырғасы мүжіліп, іргесі шөге бастапты. Тіпті соңғы жылдары тұрғындардың пәтерлеріне кіріп-шығуы мұңға айналған.
Ербаулы Нұрбаулиев,
қала тұрғыны:
– Ақыр соңында үйге кіре алмай қалдық қой, төбесі де түсіп кетті ғой. Еңкейіп кіретін болдық. Одан кейін жарыла бастады. 
Жермен жексен етілген ескі үйлердің орнына қала сәулетіне сай жаңа ғимараттар бой көтереді. Ал ұзақ жылдар үрей құшағында отырған тұрғындарға жаңа пәтерлер берілді. Жалпы Қызылордада апатты үй тұрғындарын жаңа қоныспен қамту жұмыстары 2013 жылы қолға алынған болатын.
Арнұр Нұрмағанбетов,
облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: 
– 2013-2016 жылдары жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған 204 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Енді үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы бойынша 305 тұрғын үйі апатты деп танылған отбасылар толықтай баспанамен қамтамасыз етіліп, мәселелері толықтай шешілді. 
20 жыл қуықтай ескі үйде тұрып келген Роза апайдың да қуанышында шек жоқ. Немерелерімен бірге кең үйде тұрсам деген арманы орындалды.
Роза Ізтілеуова,
қала тұрғыны: 
– Бір жылдың ішінде үйді алдық. Енді, шүкір, үй кең, жылы, жарық. Мыңға да шүкір дейді, мына балаларым, кішкентай немерелерімнің несібесі шығар. 
Осыдан 4 жыл бұрын облыс орталығында 25 үйдің іргесі сөгіліп тұрған еді. Қабырғасы қаусаған сол үйлерде жүздеген қызылордалық бірнеше жыл бойы ұрей құшағында өмір сүріп келді. Жылдар бойы көне баспанада жанын шүберекке түйіп отырған отбасыларға биыл Жаппасбай батыр көшесі мен Титов қыстағынан 305 пәтерлік 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша жергілікті басшылық Қызылорда қаласындағы апатты үйлер мәселесі толық шешілді деп мәлімдеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз