СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕР ФОРУМЫ

49

0

СТРАТЕГИЯЛЫҚ  ӘРІПТЕСТЕР  ФОРУМЫСейсенбі күні Атырау
қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.
 
Форум аясында Мемлекет
басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен
кездесті.
 Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен
Владимир Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы
екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Ресей көшбасшылары халықаралық және
өңірлік құрылымдар аясындағы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және
Кеден одағы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне айрықша назар аударды.
Мемлекет басшылары Астрахань қаласындағы Каспий маңы
мемлекеттерінің саммиті табысты болғанын да атап өтті.
Қазақстан Президенті екі елдің алдағы ХІ өңіраралық
ынтымақтастық форумы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту жолындағы кезекті
қадам болатындығына сенім білдірді.
– Бүгін біз өңіраралық форум өткіземіз, оның аясында
түрлі салалардағы келісімдерге қол қойылатын болады. Қазір елдеріміздің
арасындағы өзара тауар айналымы аздап төмендеп отыр, бірақ мұны мен уақытша
құбылыс деп ойлаймын. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ толық қуатында жұмыс
істейтініне сенімдімін, ол бәрімізге ортақ пайда әкеледі, – деді Қазақстан
Президенті.
Өз кезегінде Владимир Путин Форумға қатысуға шақырғаны
үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айтты.
– Ресей мен Қазақстанның арасында тарихи байланыстар
орныққан. Бізді біріктіріп тұрған мыңдаған дәнекерліктер дамуымызға,
бір-бірімізге қолдау көрсетуге септігін тигізуде, – деп атап өтті Ресей
Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин, сондай-ақ,
халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты да пікір алмасты.
Сонымен қатар, мемлекет басшылары Қазақстан мен
Ресейдің 60-қа жуық компаниясы қатысқан «Көмірсутек саласындағы инновациялар»
көрмесін аралап көрді.
Осыдан кейін 
Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы
отырысы өтті.
Қазақстан мен Ресейдің биылғы XI өңіраралық ынтымақтастық
форумы көмірсутек саласында, соның ішінде мұнай және газ өндірісінде
инновациялық технологиялар қолдану мәселесіне арналды.
Форум отырысында сөйлеген Мемлекет басшысы мұнай қоры
бойынша әлемде 12-орынды иеленетін, газ қоры жөнінен алғашқы жиырмалықтағы
елдердің қатарына кіретін мұнай-газ өнеркәсібінің Қазақстан экономикасы үшін
маңыздылығын атап көрсетті. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз үшін
көмірсутек секторының дамуын айқындайтын заманауи үрдістердің өзектілігін атап
өтті.
– Былтырдан бері мұнайды тұтыну теңгерімі дамушы
экономикалар жағына қарай ауды. Дамушы елдердегі мұнай тұтынысы тарихта бірінші
рет ЭЫДҰ елдерінің тұтынысынан асып түсті. Мұнай-газ саласындағы соңғы
жылдардың негізгі тренді сланецті кеніштерді игеру болды. Көлбеу бұрғылау мен
жер қыртысын сумен жарудың заманауи технологиялары газды да, мұнайды да
өндіруге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің көмірсутек
саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.
– Бұл – терең және шектен тыс терең бұрғылаудың озық
технологияларын өндіру мен сынау, ол біз үшін Каспий маңы ойпатында өзекті.
Қазақстанның компаниялары ресейліктермен бірге өз өндірісінің жоғары
технологиялық жабдықтарын ұсына алар еді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, екі елге
мұнай мен газдың жаңа перспективалы кеніштерін анықтау үшін геологиялық барлау
саласындағы бірлескен жұмысты жандандыруға болады. Атап айтқанда, бұл ресейлік
тараптың халықаралық «Еуразия» жобасын жүзеге асыруға атсалысуына қатысты. 
– Бұл жобаның негізгі міндеті – тереңдіктегі
геологиялық түзілістерді және Каспий өңіріндегі жер қыртысының геохимиясын
зерттеу, уақыттық-кеңістіктегі модельді жасау, сондай-ақ ресурс­тарды бағалау.
Қазақстан мен Ресей аумағындағы мұнай-газды Кас­пий маңы ойпатының ғаламат
перспективалары халықаралық ірі компаниялардың зор қызығушылығын тудырады, –
деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мұнай саласының инфрақұрылымын
дамыту үшін көлік, логистика және құрылысты ғана емес, инжиниринг, жобалау,
ақпараттық технологиялар секілді жоғары технологиялық қызметтерді қоса қамтитын
қызмет ауқымын кеңейтудегі екі елдің өзара іс-қимылының әлеуеті жоғары екенін
айтты.
Мемлекет басшысы энергетикалық секторды дамыту үшін
ғылыми зерттеулердің рөлі айрықша екеніне тоқталды.
– Біздің ғылыми институттарымызға бірлескен зерттеулер
арқылы ауыр мұнай өндірісін интенсификациялау, терең судағы өндіру, сланецті
мұнай, мұнай синтезін алу, балама энергетика және басқа да перспективалы
бағыттармен айналысуға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Қазақстан мен
Ресейдің мұндай бірлескен жұмыстарының нәтижелері Астанада өтетін «ЭКСПО-2017»
көрмесінде ұсынылуы мүмкін.
Өз кезегінде Ресей Президенті өңіраралық ынтымақтастық
форумы Қазақстан мен Ресейдің арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды
дамытудың маңызды құралына айналғанын айтты.
– Өткен 11 жыл ішінде елдеріміздің экономикалық
байланыстары жаңа сапалы деңгейге шықты. Екіжақты тауар айналымы 6 еседен астам
өсті. Қазақстан экономикасына келген ресейлік тікелей инвес­тициялар көлемі 10
есе ұлғайды. Мұндай жоғары қарқын көбіне-көп экономикаларымыздың инвестициялық
ықпалдастығы арқылы қамтамасыз етілуде, – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті екі елдің шекаралық ынтымақтастығының
деңгейін де жоғары бағалады.
– Ресейлік субъектілердің көпшілігі Қазақстанның
барлық 14 облысымен тікелей серіктестік қатынас орнатқан. 11 мыңнан астам
бірлескен кәсіпорын құрылды. Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы 300-ге
жуық өңіраралық келісімге қол қойылды. Ресей мен Қазақстан әлемдегі ең ұзын
құрлықтық шекараға ие. Осы шекараның бойында орналасқан өңірлерге екіжақты
тауар айналымның 40 пайыздан астамы тиесілі, – деп атап өтті Владимир Путин.
 Қазақстан мен
Ресейдің келесі ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы 2015 жылы Ресей  Федерациясындағы Уфа қаласында өтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз