Суармалы жерлерді қалпына келтіруге қолдау қажет

66

0

7 шілде, жұма күні ҚР Премьер-министрі Кәрім  Мәсімовтың облысқа жұмыс сапары барысында «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында суармалы жерлерде су шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері бойынша мәжіліс өткен болатын. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың осы мәжілісте сөйлеген сөзін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Әріптестер!

Алты Алаштың анасы – Сыр өңіріне қош келдіңіздер!

Судың қадір-қасиетін біз – Арал өңірінің тұрғындары – жақсы білеміз.

Өйткені, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан мәселені толығырақ баяндауға рұқсат етіңіздер.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ірі шаруашылықтар ұсақ шаруа қожалықтарына бөліну нәтижесінде барлық шаруашылықішілік гидромелиоративтік инфрақұрылымдар иесіз және тиісті техникалық күтіп-баптаусыз қалды.

Мұның бәрі суару және дренаж жүйелерінің қарқынды түрде тозуына және жерлердің экологиялық-мелиоративтік жай-күйінің нашарлауына әкеп соқты.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 1992 жылмен салыстырғанда 100 мың гектарға дейін қысқарған.

Суармалы жерлер ауыл шаруашылығы айналымынан шығуда.

Суландыру және қашыртқы-дренаждық жүйелерінің техникалық жағдайының нашарлауынан 60 мың гектарға жуық  суармалы жерлер пайдаланылмай отыр…  

Аталған қиындықтар басқа өңірлерде де бар болғанымен, Сыр өңірінің халқының тыныс-тіршілігі судың және суармалы жерлердің жағдайына тікелей тәуелді.

Біріншіден, трансшекаралық Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандықтан өзеннің сулылығына, оның жоғары ағыста  орналасқан мемлекеттердің ұстанымына да қатты тәуелдіміз.

Екіншіден, басқа облыстар сияқты бізде тәлімді (богарный) егістік жер жоқ. Сондықтан біз көп шығынды қажет ететін инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердегі мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүрміз.  

Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, көтерілген екі мәселе бойынша өз ұсыныстарымызды білдіргіміз келеді.

Соңғы жылдары сумен қамтамасыз етудегі қиындықтар көбейіп отыр. Әсіресе олар су аз жылдары қатты сезіліп, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан біздің облыс су тапшылығынан көп зардап шегеді.

Мамандар болжамы бойынша таяу жылдары «Арал-Сырдария» бассейнінде су ресурстарының жетіспеушілігі күрделене түседі.

Жағдайды жақсарту үшін бізге бірінші кезекте Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруды жалғастыру қажет.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жиын алдында біз Сізге «САРАТС-2» жобасын жүзеге асыруға дайындық жайында баяндап, өз ұсынысымызды айтқан болатынбыз. Осыған байланысты Сізден Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктеріне Дүниежүзілік Банкпен несие жөніндегі келісімге қол қоюды жеделдету, болмаса жобаның кейбір бөліктерін республикалық бюджет есебінен жүзеге асыруды бастай беру туралы тапсырма беруіңізді сұраймыз. Уақыт күтпейді! Бізді әсіресе Қызылорда су торабындағы жағдай қатты алаңдатады.

Судың келу туралы болжамдардың өте төмендігі, нақты ақпараттардың болмауы өзен арналарының кейбір бөліктерінде суды негізсіз жоғалтуға және су берудің әркелкі болуына әкеп соғуда.

Сырдария өзенінде судың өтуі негізінен (70 пайызы) жылдың қыс-көктем маусымына тура келеді. Ал вегетация кезеңінде Сырдариядан судың түсуі бірден төмендеп кетеді және егістікке суды үздіксіз жіберуді қамтамасыз етуге «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жиналған су жеткіліксіз болып шығады.

Су пайдадалануды төмендету және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру үшін биылғы жылы біз негізгі дақылымыз – күріштің алқаптарын 4,4 мың гектарға кемітіп, ылғалды аз қажет ететін көкөніс, майлы дақылдары мен мал азығы дақылдары секілді ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарының көлемін көбейттік. Сонымен бірге біз күріш егістігін бірден азайтып жібере алмаймыз. Күріш үлкен мелиоративтік маңызға ие. Күрішті егу кезінде топырақ қабатындағы  суда еритін тұздар құрамы азайып, жоңышқа, мақсары, арпа, сұлы, бидай және басқа да дақылдар егуге қолайлы жағдай қалыптасады.  Сондықтан да Қызылорда облысы жағдайында күріш өсірмей, басқа дақылдардан өнім алу іс жүзінде мүмкін емес.

Сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін ескере отырып, егіс алқаптары бойынша ұзақмерзімді жоспарлау шараларын қабылдау қажет болады.

Соған байланысты, біздің шаруашылықтар өздерінің алдағы жұмыстарын жоспарлап қоюы үшін біз вегетациялық маусым кезінде Қызылорда облысы үшін кем алдағы бес жылға ең төменгі су пайдалану мөлшерін белгілей отырып, су балансын бекітуді ұсынамыз.

Сондай-ақ, Қызылордадан жоғары жақтағы көктемгі тасқын суларды шоғырландыру бойынша шараларды қабылдау қажет, ол әрі қарай төменгі ағысы бойындағы аудандарда суландыруға пайдаланылатын болады.

Мамандар пікірінше, Шиелі ауданының «Күміскеткен» шатқалында көлемі 500 млн текше метр су шоғырландыруға арналған су қоймасын салуға болады. Бұл бөгетті салу су аз болған вегетациялық кезеңде облыстың үш ауданы мен Қызылорда қаласының суармалы жерлерін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көршілер белсенді жұмыс істеуде. Су ресурстарының жетіспеушілігі өсіп келе жатқан жағдайда суармалы жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану біз үшін негізгі басымдылықтардың бірі.

Инженерлік-жүйеге келтірілген жерлерді жақсарту мәселесі бойынша.

Біз Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасына үлкен үміт артып отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жоспарына 127 су шаруашылығы жобасын енгізу жөнінде ұсыныстар берілді.

Сонымен бірге, облыстық бюджет есебінен коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарының мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

2013-2015 жылдары су шаруашылығын дамытуға облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 26 канал, 2 су қоймасы жөнделіп, 26 насос қондырғысы сатып алынды. Ал ағымдағы жылы осы мақсатқа 363,9 млн теңге бөлінді.

«Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалы мен шаруашылықтар өз күштерімен ағымдағы жылы 1,5 млн текше метр жер жұмыстарын атқарып, 477 дана гидротехникалық құрылыстар, 165 дана гидропост және 61 насос жөнделді.

Облыс диқандары тек мемлекет көмегіне ғана арқа сүйеп отырған жоқ, өз беттерінше жерді жоспарлау жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 2013 жылы – 200, 2014 жылы – 500, ал 2015 жылы – 1300 гектар күріш танабын тегістеді. Ал биыл осы алқаптардың барлығын екінші мәрте тегістеуден өткізді.   

Осының нәтижесінде күріш шығымдылығы 15-20 пайызға артты.    

Бұл суармалы алқаптар жағдайын жақсартуға шаруашылықтарды ынталандыру керектігін көрсетеді және бұл бағытта мемлекеттік-жекешеліктің әріптестік аясын кеңінен қолдану қажет деп есептеймін.  

Мелиоративтік жұмыстарды жүргізуді және арнайы техника алуды (тегістегіштер, скрепер мен эксковаторлар) алуды субсидиялау қажет.  

Бұл суармалы алқаптар шығымдылығын арттырып, керісінше олардың суды пайдалану көлемін азайтады.  

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының үшінші фазасын жүзеге асыруға халықаралық қаржы институттарынан қаржы тартуды жоспарлауда.   

Осыған орай біз жобаға 114 мың гектар сауармалы жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жайлы ұсыныс бердік.   

Ұсынылып отырған алқапты жобаға енгізу үшін су шаруашылығы нысандарына құжаттандыру (паспорттау) жүргізіліп, олар «Қазсушаруа» РМК теңгеріміне өтуі қажет.  Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының есебі бойынша техникалық паспорттарды әзірлеу мен мемлекеттік жер актілерін дайындау үшін облыс бюджетінен 1,3 млрд теңге төленуі тиіс.   Бұл – өте қомақты қаржы!  

Осыған байланысты Сізден, Кәрім Қажымқанұлы, Ұлттық экономика министрлігіне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бағаларын бекіту туралы бұйрығына мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға ставканы төмендету туралы өзгеріс енгізуге тапсырма беруіңізді сұраймын.   

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жақында (1 шілдеде) Мемлекет басшысы жерді суару және ирригация жүйесін қалпына келтірудің кешенді жүйесін әзірлеу қажеттігін атап өтіп, 5 жылда 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға қосуды тапсырды.

Сондықтан, жоғарыда аталған мәселелерді назарыңызға жеткізе отырып, Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, суармалы жерлерді қалпына келтіруге бағытталған жобалардың іске асырылуына қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.

Өз кезегінде, облыс әкімдігі Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес су ресурстары мен суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларды жалғастыратын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз