СУДЫ ҚАДАҒАЛАСА, ҚАУІП СЕЙІЛЕДІ

58

0

Биылғы көктем судың молдығымен, жоғары жақта жауын-шашын көптігімен ерекшеленіп тұр. Су қоймалары толған. Облыс басшылығы осы саладағы ат үстінде жүрген азаматтарды, ардагерлерді жинап, әр жағдайды бүге-шігесіне дейін есептеді. Мұндайда оңтүстік екі аудандағы каналдарға суды бөліп беріп, «Қызылорда су торабынан» секундына 900-950 текше метр суды төмен жіберу керек. Одан артып кетсе, Сырдария, Жалағаш аудандарындағы қорғаныс бөгеттері шыдас бермейді. Алдағы күндері су көлемі секундына 2000 текше метрге көтеріледі деген мәлімет бар. Оңтүстікте «Сумағар», «Келінтөбе», «Тайпақкөл», «Жаңа Шиелі» каналдары, «Күміскеткен», «Тарша» ойпаттары бар. Осыларға қанша су жіберуді, арнадағы судың жоғалуын, яғни судың сіңуін, аспанға ұшуын, жайылуын есептей келіп, алаңдауға негіз жоқ екеніне көзіміз жетті. Су жайылатын жер Шиелі ауданында көп. Бір айтарым, мол су – береке, жер жаңарады, соры шайылады, көгі қалыңдайды.
Бірақ, бұл қамсыз отыра берсек те болады деген сөз емес. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте бекітілген кесте бойынша жұмыс атқарылса, мол суды шығынсыз өткізуге мүмкіндік бар.
Мұндай жағдай, яғни жоғарыдан секундына 2000 текше метр су түсуі шамамен 1955 жылдары болған. Бірақ ерте көктем, дарияны мұз буып тұрған кез  екен. Қазір күн жылы, дария мұздан таза. Осы күндері «Қызылорда» су торабынан төмендегі судың абсолюттік деңгейі 126,50 бағамында тұр. Дамбының биіктігі – 130, бізде әлі 2,5 метр бар. Жоғарыдан түсіп жатқан секундына 600 текше метрге тағы 300 текше метр қосылатын болса, орта есеппен әр сантиметрге 5 текше метр кетеді деп есептесек, әрі кетсе 60 сантиметр көтеріледі. Қазіргі деңгейден 60-80 сантиметрге көтерілгеннің өзінде қауіп тудырмайды.
Дария шіреп аққанмен, «Әйтектің» жанындағы су торабын пайдаланып, суды барынша «Қараөзекке» айдау керек. Ақылдаса отырып жасалған кестедегі тәртіп қатаң сақталып, барлығы жіті қадағалауда болса, мол судан келген қатерді еңсеретініміз анық.
Тәжірибемнен айтайын, 1993-1994 жылғы қатал қыс естеріңізде шығар. Сол жылы секундына 1500 текше метр су келді. Ол кезде қазіргі Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның тұсындағы жердің  абсолюттік деңгейі 127 еді. Ал дамбының биіктігі 127,50 тұғын. Қыс қатты болды,  600-700 текше метр су түсті. Сол жылы бірінші рет қыстың күні суармалы каналдарды ашып жібердік. Мұз су құрылыстарына барып тірелгенде, оны алатын қазіргідей техника жоқ. Бірақ, елді су апатынан аман алып шықтық.
Қазір азаматтар түгел жағдайды бақылап отыр. Жұмыс кестесі егжей-тегжейлі жоспарланған. Сондықтан бұл сынақтан аман-есен өтетінімізге сенімдімін.

Әбдіманап ҚҰТЖАНОВ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз