СӘУІРДЕГІ СУРЕТШІЛЕР СИМПОЗИУМЫ

229

0

СӘУІРДЕГІ СУРЕТШІЛЕР СИМПОЗИУМЫАйдың аяғына таман Сыр еліне елдің әр түкпірінен суретшілер ағылады. Симпозиум өтпек. Оған қатысып, бір жағы байланысты бекітпек ниетте. 
27 сәуір мен 3 мамыр аралығына жоспарланған «Жайнай бер, Қызылорда!» атты республикалық суретшілер симпозиумы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналады. Оны облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырып жатыр. Ауқымды шараның маңыздылығы туралы Қызылорда көркемсурет галереясының меңгерушісі Гүлнар Рамазановадан сұрап білдік. Оның айтуынша, симпозиумға Алматы, Астана, Павлодар, Орал, Өскемен, Шымкент, Ақтөбе, Жезқазған және Қызылорда өңірлерінен қылқалам шеберлері қатысады. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Өмірбек Жұбаниязов, Мәжит Бәйтенов, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Мәлік Қайдаров, Өсербай Шоранов, Бақытнұр Бүрдесбеков, Ғани Баянов және басқа да бейнелеу өнерінің шеберлері – бас-аяғы 25 шақты адам бар. 
– Осы уақыт аралығында пленэр ұйымдастырылады. Яғни қатысушылар ауада жұмыс істейді. Ашық аспан астында, табиғат аясында, белгілі бір орындарда өздері куә болған көріністерді кенепке бейнелейді. Мысалы, таңның арайлап атқаны, кештің қызарып батқаны, жаңбырдың жауғаны сияқты құбылыстар. Ол үшін біз қонақтарды Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің жағалауына, Қармақшыдағы «Қорқыт ата» мемориалды кешеніне, Жаңақорғандағы Қаратауға апарамыз, – дейді Гүлнар Тәжікқызы. 
Шараның тағы бір ерекшелігі, суретшілер бір-бір туындысын, пленэр барысында салған суреттерін сыйға тартып, галерея қорын толықтыра түседі. Айта кетейік, мұнда қазіргі күні Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева, Ағымсалы Дүзелханов, Гүлфайрус Исмаилова, Қойшыбек Мамақовтан бастап отандық және сырбойылық өнер иелерінің 300-ге жуық туындысы сақтаулы. Одан бөлек, жерлестеріміз әркез шет елде де, республиканың басқа облыстарында да қарым-қабілеттерін дәлелдеп, жетістіктерімен танылып жүр. 
Республикалық суретшілер симпозиумы 27 сәуір күні сағат 16.00-де көркемсурет галереясында (бұрынғы облыстық әскери комиссариаттың ғимараты) салтанатты түрде ашылып, 3 мамырға дейін жалғасады. Шараның соңғы күнінде сағат 11-де сурет көрмесі ұйымдастырылады. Қатысушыларға диплом, сертификат және сурет салуға қажетті құрал-жабдықтар табыс етіледі. Барлығына бір реттік стипендия беріледі. 
– Бұл әріптестеріміздің бір-бірімен тәжірибе алмасып, әріптестік әрі шығармашылық байланыс орнатуы үшін керек. Бұл оларды ынталандыра түседі, – дейді галерея меңгерушісі.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз