СЫҒАНАҚ

167

0

СЫҒАНАҚСыр бойының сайын даласы ежелгі қалалар мен тарихи орындарға бай. Көне көмбелер – бабалар салған сүрлеудің куәсіндей бүгінге дейін жетті. Сауран, Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Сырлытам секілді тарихтың тамаша үлгілері кімді болсын қызықтыра түседі. Бүгін солардың арасынан Сығанаққа тоқталуды жөн санадық. Өйткені астана мәртебесі бар қаланың қазақ тарихында орны бөлек.
Тарихшы Зардыхан Қиянатұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағына береді. Ал, Сығанақтың атақты болуының себебі, ол өзінің 2 мың жыл¬ға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хан¬дығының (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілқайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болды. Қала қандай шапқыншылыққа ұшыраса да өмірі қайта жанданып отырған. Ұлы Жібек жолының бойында және Орта Азия мен Дешті Қыпшақ хандығының арасында орналасуы қала мәртебесін өсіре түсті. 
Махмұт Қашқари «Сығанақ – оғыздар еліндегі қала» деп, ал Әбілғазы жазбаларында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қор¬ша-лып, ішінде сауда үйлері, ¬керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді. Оның тұрғындары Кедейдің елшісі Хасан-Қажыны өлтіріп, моңғолдармен барынша қарсыласты» деп жазған.
Сығанақтың гүлденген шағын өз көзімен көрген Шайбани ханның жылнамашысы Фазлах ибн-Рузби¬хан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазған болатын. Сығанақ секілді алып шаһар үшін шайқастар Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ Енге төренің, кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының арасында болды. Осының бәрі көптеген хан мен айтулы ақсүйек жерленген қасиетті орын екенін білдірсе керек. 
Көне қала туралы көмбені алғашқы болып Орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша 1867 жылы археолог П.И.Лерх ашты.  Мұнан кейін 1892 жылы өлкетанушы Е.А.Смирнов,  1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.А.Каллаур,  1906 жылы  археолог И.А.Кастанье, 1927 жылы Ресей Академиясы жанындағы Материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Ю.Якубовский қозғап,  қаланың топографиялық жағына көңіл бөлінді. 
ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары қала¬ны зерттеуге Отырар археологиялық экспе¬ди¬циясының меңгерушісі К.Акишев пен ¬К.Бай-паков барады. Отырар қаласын зерттеп жүрген олар Сығанақ қаласының топографиялық ¬тарихына да назар аударып, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген қорытындыға келеді.
Х ғасырдағы атақты араб жағрафиятанушы, ғалым Ал-Идриси Сырдария бойындағы ғұндар¬дың қаласы көптігін жаза келіп, олардың ішіндегі «Сауран, Сүткент, Сығанақ қалаларын ерекше атайды. Ал Сығанақты нағыз сауданың қайнаған ортасы» деп көрсеткен. 
Рузбиханның деректерінде қаладағы қазақтар туралы алғаш рет баяндалады. Осы негіз Жәнібек пен Керейдің Жетісу аймағынан кейін Ақ Орда билігін өз қолына алып, Сығанақта билік жүргізгені белгілі. Сондықтан да екі ханның ұрпақтары мен Әбілхайыр ханның немересі Мұхамед Шайбани ханның арасында шайқастар ХVІ ғасырдың соңына дейін болып, Сыр бойындағы қалалар қолдан-қолға өтіп, ақыр соңында қазақтардың қолына біржола қарап, Мұхамед Шайбани ұрпақтары Орта Азияға ауып тынады. Бұл кез ХVІ ғасырдың басы, яғни 1510 жылы Мұхамед Шайбани хан өзін қолдайтын түркі тілдес ру тайпаларымен Самарқанды басып алып, сонда түпкілікті орналасып, Өзбек хандығын құрады. Ал Ақ Орданың ата билігін Барақтың ұрпақтары қазақ хандары Керей мен Жәнібек жалғастырып әкетеді.
Қазір Сығанақтың археологиялық жұмыс¬тарын Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ғалымдары жүргізіп келеді. Осы орайда Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Сәйден Жолдасбаевтың пікірін назарға алсақ. 
– Қазақ хандығының әлемге әйгілі бола бастағандығын Сығанақ қаласынан шыққан теңгелердің археологиялық зерттеу кезінде дүние жүзінің төрт бұрышынан табылғанын көреміз. Теңгетану ғылымының маманы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері Р.Бурнашеваның зерттеуіне қарағанда, ХІV ғасырдың соңғы кезіндегі Сығанақтан шығарылған күміс және мыс теңгелер Сырдария мен Еділ бойындағы қала-лардан табылған. Отырар қаласына жүргізіліп жатқан қазба зерттеу жұмысы кезінде Сығанақтың теңгеханасынан 1371-1372 жылдары шыққан 12 дана теңге табылған. Мұндай теңгелер Еділдің орта ағысындағы және Кама бойындағы қалалардан 1380-1400 жылдары да табылған. Ал Қазан уезі Сосновка ауылының жанындағы №197 қоймадан Сығанақта 1375-1376 жылдары жасалған күміс теңгелер табылған. Алтын Орданың астанасы Сарай қаласына 1996-2000 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының кезінде табылған теңгелердің ішінде Сығанақта шыға¬рылған күміс теңгелер шыққан. Мұндай дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Теңгелердің әр жердегі қалалардан табылуы Сығанақ қаласының дүниенің төрт бұрышымен сауда қарым-қатынасын үзбей жүргізіп отырғанын байқатады, – дейді профессор. 
Жалпы, Сыр еліндегі астаналар мерейін бас¬тап тұрған Сығанақтың қысқаша тарихы осылай.
Қ.ҚҰРБАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз