СЫР АНАСЫ – СӘЛИМА

42

0

СЫР АНАСЫ – СӘЛИМА«Адамды ештеңе де еңбектей ізгілендіре алмайды.
Адам өзінің қадір-қасиетін еңбексіз сақтай алмайды» деген екен әйгілі жазушы
Лев Толстой. Сол айтпақшы, мұратқа жеткізетін, өмірді сәнді де салтанатты,
мәнді де мағыналы ететін – еңбек. Бақытын осы еңбектен тапқан жандардың бірі –
«Ғасырдың Батыр Анасы» атанған Социалистік Еңбек ері Сәлима Жұмабекқызы. Биыл
сексеннің сеңгіріне сергек жеткен оның еңбекпен өрілген өмірі – ұрпаққа үлгі.

Сейсенбі күні Н.Бекежанов атындағы Қызылорда
облыстық музыкалық драма театрында даңқты диқаншы С.Жұмабекованың мерейтойына
орай «Сыр анасы – Сәлима» атты салтанатты шара өтті.

Кеште Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еңбек еріне
жолдаған құттықтау хатын аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жұртшылық алдында
оқып, мерейтой иесіне табыстады. Елбасы құттықтауында: «Көп жыл бойы диқаншылық
кәсіппен айналысып, ел ырысы – Сыр күрішін өсіруден мол өнім жинап, Социалистік
Еңбек ері атандыңыз. Басқа да жоғары марапаттарды иеленіп, КСРО Жоғарғы
Кеңесінің депутаты болып сайландыңыз. Есіміңіз елге танылып, халқымыздың
құрметі мен қошеметін осы кезге дейін сезініп келесіз. Мақсатты тіршілік,
айшықты із дегеннің өзі де осы болса керек», – делінген.

– Қасиетті Сырдың суы мен топырағы – ықылым заманнан
адал тер төгіп, еңбек еткен адамға ырысы мен берекесін аямай төгетін құтты
мекен. Түгін тартса, майы таматын құнарлы жердің қойнауын игілікке кенелтіп,
халықтың құрметіне бөленген жандар бізде жетерлік. Еңбекті өмір салтына
айналдырған қарапайым еңбек адамдарын былай қойғанда, Социалистік Еңбек ері
деген ресми құрметті атаққа ие болғандардың саны біздің облыста жүзден асады.
Демек, сырбойылықтар ерен еңбектің парқын біледі, мәні мен мағынасын түсінеді,
қадірі мен қасиетін барынша жоғары бағалайды. Егер Еңбек ерінің қасына Ана
деген ардақты сөз қосылатын болса, онда бұл тіркестің мазмұны шексіз асқақтап,
шалқары теңдессіз кеңейеді. Тағдырдың талай тауқыметіне қайсарлықпен қарсы
тұрып, қазақ әйеліне тән ерлік жасап, ғұмырында талай сынақты басынан өткерді,
11 баласын жеткізіп, жетілдіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бір қолымен
сәбиін, бір қолымен Сыр маржанын аялады. Сондықтан білегі – еңбектен, тілегі
халықтан нәр алған, жүрегі ұрпағым деп тебіренген Сырдың Сәлимадай аналары аман
болсын! – деп жылы лебізін білдірді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Алтын дән падишасына жерлестері автокөліктің кілтін
табыстады. Еңбек еріне көрсетілген құрмет мұнымен біткен жоқ. Қызылордадағы
Ы.Жақаев атын­дағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти­тутының ғалымдары
шығарған күріштің жаңа сортына Сәлима Жұмабекованың есімі берілді.

Батыр ананың 80 жасқа толған мерейтойына ҚР
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова, Ақтөбе облысы­ның әкімі Б.Сапарбаев пен ҚР
Ауыл шаруашылығы ми­нистрі А.Мамытбеков құттықтау хаттар жолдады. Бұған қоса,
бүгінгі мерекелік шараға Ақтөбе облысынан арнайы келген делегация келіп
қатысып, қошемет көрсетті.

Сонымен қатар, салтанатты кеште облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов та ізгі тілегін жеткізді.

Шалқып-тасыған көңіл күй, ән мен жыр, құшақ-құшақ гүл
шоқтарының ортасындағы даңқты диқаншы Сәлима Жұмабекқызы құрмет көрсеткен
халқына басын иіп, алғысын айтты.

– Маған көрсетілген құрмет бүкіл еңбек адамына, Еңбек
ерлеріне, аналарға жасалған сый деп білемін. Төбелеріне көтеріп, төрге шығарып
сыйлап жатқан азаматтардың барлығына ризамын. Ең бастысы, егемендігіміз баянды,
Елбасымыз аман болсын. Отанымыз түрлі табиғи апаттан аман болсын. Бейбітшілік,
тоқшылық заман болсын дегім келеді. Осыдан артық бақыт бар ма?! – деді Сәлима
апа.

Қиын-қыстау кезеңде еселі еңбекпен табыстың тайқазанын
қайнатып, ел ырысын арттыруға сүбелі үлес қосқан Еңбек ерінің қажыр-қайраты мен
адами болмысы көпшілікке өнеге болары сөзсіз. 2000 жылы С.Жұмабекова «Ғасырдың
Батыр Анасы» атағына ие болды. Дүниеге 11 бала әкеліп, оларды азамат еткен ана
бүгінде 36 немере мен 27 шөберенің шаттығына кенеліп отыр.

Сондықтан, айтулы мерекені еңбекке, анаға құрмет
көрсетудің ерекше үлгісі ретінде атап өтуге болады.

Дәурен ОМАРОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз