СЫР ЕЛІ ӘРДАЙЫМ ЕЛБАСЫ НАЗАРЫНДА

88

0

Кеше
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылордаға келді. Елбасын Қорқыт ата әуежайынан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
күтіп алды. Облыс орталығында Президент танысқан алғашқы нысан «Арай-2» шағын ауданындағы тұрғын үй кешені болды.

Жалпы соңғы жылдары Қызылорда өңірі қарқынды құрылыс
алаңына айналды. Облыста биыл құрылыс көлемі 3,5 есеге өсті. Өткен жылы
Қызылорда қаласында 364 пәтер салынса, биыл 43 көпқабатты үйдің құрылысы жүрді.

«Арай-2» шағын ауданындағы көппәтерлі тұр­ғын үйлер
құрылысымен танысу барысында Елбасына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орта­лығындағы
құрылыс қарқыны туралы баяндады.

– Соңғы төрт жылда Қызылорда қаласында 85 мың шаршы
метрді құрайтын 1460 пәтер салынған. Қала бойынша бүгінде 16 мыңнан астам
азамат пәтер кезегінде тұр. Қолға алған жобалардың аясында осы тұрғындардың 17
пайызы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Жыл басынан бері 420
пәтерді құрайтын 8 тұрғын үйді пайдалануға бердік. Ал бүгін өзіңіздің қатысуыңызбен
салтанатты түрде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі салған 10 тұрғын үйді
табыстағалы отырмыз, – деді қала әкімі.

«Арай-2» шағын ауданындағы 10 несиелік тұрғын үйдің
құрылысы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 2014 жылдың қыркүйек
айынан бастап жүргізілуде. Жалпы көлемі 33,5 мың шаршы метр болатын аталмыш
тұрғын үй құрылысы жобасының құны 3,7 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар,
мұнда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі арқылы жалпы ауданы 16,3 мың шаршы
метрді құрайтын, 240 пәтерлі 5 несиелік тұрғын үй құрылысы салынып жатыр.
Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 100 мың теңгені құрайды.

– Бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде
қаржылық жағдай қиын болып тұр. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы
аясында мемлекет тұрғын үй құрылысына кең көлемде қаржы бөліп келді. Енді
алдағы уақытта жағдай бас­қаша дамуы керек. Мұндай құрылыстарды әлеуетті
инвесторларға беріп, тұрғын үй құрылысын солар арқылы жүргізуді қолға алу
қажет,– деді Мемлекет басшысы.

Мұнан соң Елбасы жас отбасы иесі Шалқар Деместің жаңа
пәтерінде болып, дас­тарханынан дәм татты. Қоныстой иелерінің екеуі де білім
саласының қыз­меткерлері. Отбасында үш бала тәрбиелеп отыр. Жас маман бес жыл
кезекте тұрып, жаңа баспанаға ие болуда. Қуанышын Елбасының өзі бөліскеніне дән
риза.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа баспанаға қоныс­танған
тұрғындармен де кездесіп, емен жарқын дидарласты.

– Сіздердің жаңа қоныстарыңызға құтты болсын айтайын
деп арнайы кел­дік. «Қолжетімді баспана – 2020» бағ­дарламасын бюджет қыз­мет­керлері,
оның ішінде мұғалімдер мен дәрі­герлер баспана жағдайынан қиыншылық көрмесін
деп арнайы қабылдадық. Арендалық тұрғын үй деген түсінікті қалыптастырдық.
Мысалы, тұрғындар пәтерді жалдағаны үшін басқа біреуге ақы төлемейді. Оның
орнына болашақта өзінің меншігінде қалатын баспанаға ақша салады. Мұндай
бағдарлама Қазақстаннан басқа еш жерде жоқ, – деп атап өткен Елбасы тұрғындарды
қоныс тойы­­­мен құттықтап, отбасыларына амандық тіледі.

Сонан соң, жаңа баспанаға қол жеткізген №120 мектептің
мұғалімі Жадыра Құсейінова Президентке алғысын білдірді.

– Өзім ұстаздық қызмет етіп келемін. Төрт ба­­ла­­­ның
анасымын. Сіздің тікелей бастамаңызбен қолға алынып, іске асып жатқан
бағдарламалардың арқасында бала-шағамыздың болашағы жарқын болады деп сенемін.
Біз, қызылордалықтар, оны ұдайы сезініп келеміз. Сыр елінің бүкіл халқы атынан,
тұрғындары атынан Сізге шексіз алғыс білдіруге рұқсат етіңіз. Өзіңіз айтқандай,
«Сыр – Алаштың анасы» десек, Қорқыт баба жатқан киелі мекендегі ата-баба
аруақтары Сізді әрқашан желеп-жебеп жүрсін. Сізге үлкен рақмет!– деді
Ж.Құсейінова.

Сонымен қатар, осы жерде Елбасы Сыр өңірінде атқарылып
жатқан басқа да серпінді жобалармен, тыңғылықты істермен танысты. Соның бірі –
Қызылорда облысы аумағынан өтіп жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралі.
Бұл игіліктің арқасында биыл аудан орталықтарына газ жетті. Атап айтқанда,
осыған дейін Жаңақорған және Шиелі аудандарының тұрғындары көгілдір отынның
игілігін көруде. Енді бірер күнде тағы екі аудан отын мен көмірден арылып, газ
пайдалануға көшеді. Жалпы, 2017 жылға дейін аймақтағы барлық ауылдарға газ
жеткізу жоспарланған.

Мемлекет басшысы бұған дейін аймақтарға шетелдік
инвесторларды көптеп тартуды тапсырған болатын. Елбасы тапсырмасына орай
Қызылорда облысында ауқымды істер жүзеге асты. Мысалы, Еуропалық қайта құру
және даму банкі Қызылорда облысында 9 жобаны қолға алып, оған 100 миллиард
теңгенің көлемінде инвестиция салуға келісімін берді. Мұның сыртында Азия даму
банкімен де келісімдер жасалып жатыр. Қаржы институты қаланың Сырдария өзенінің
сол жағалауынан салынатын бөлігінің инфра­құрылымын қаржыландыру үшін 172
миллиард теңге қаржы салуға дайын. Жалпы
Сырдарияның сол жағалауы игерілсе, онда Қызылорда қаласының келбеті көріктеніп,
сәулеті сәндене түседі. Қазірдің өзінде дарияның екі бетін жалғайтын көпірдің
құрылысы жүргізілуде.

Елбасы аймақтағы ауқымды істерге оң бағасын берді.

– Облысқа газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Инфрақұрылым жасақталған. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және
орта бизнесті дамыту керек, – деді.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасына бір ғана
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында 33 нысанның салынып жатқанын,
жалпы облыста шетелдік инвесторлардың есебінен 300 миллиард теңге көлемінде
инвестиция тартылғанын жеткізді.

Осы орайда, Елбасы мемлекет қабыл­даған
бағдарламалардың жергілікті жерде өз дәрежесінде атқары­луындағы аймақ бас­шылығының
үлкен үлесін айрықша атап өтті.

– Қырымбек Елеуұлы Қы­зылорда облысында қыруар шаруа
атқарып жатыр. Берілген барлық тапсырма тап-тұйнақтай орындалады. Сыр елі менің
ұдайы назарымда. Сондықтан алдағы уақытта да жұмыс қарқыны бәсеңдемейді, – деп
сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Әбішұлы.

***

Елбасы жұмыс
сапары бары­сында облыс орта­лы­ғын­да­ғы «Жан Арай Жем» зауыты жұмысымен
танысып, осы салада еңбек ете­тін кәсіпкерлермен кез­десті.

Сыр елі әуелден аграрлы аймақ екені белгілі. Айрықша
назар аударудың арқасында көрігі қызған істердің бірі – «Жан Арай Жем» зауыты.
Мамыр айында іске қосылған зауыт бүгінде толыққанды жұмыс істеуде. Тәулігіне 80
тонна құрама жем өндіретін және 150 тонна күріш салысын өңдейтін өндіріс орны
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған. Жоба құны – 375,9 млн
теңгені құрайды. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның үлесі – 49 пайыз, яғни, 137 млн теңге
болса, қалғаны «Жан Арай Жем» серіктестігінің өз үлесіне тиесілі. Өндіріс
ошағына «Бизнестің жол картасы – 2020»
бағдарламасы арқылы инфрақұрылым тегін жеткізіліп берілген. Зауытта 250-ге жуық
адам еңбек етеді.

Соңғы жылдары облыс көлемінде мал басының көбеюі өз
кезегінде құрама жем зауытының қажеттілігін тудырды. Кәсіпорынға қажетті
шикізат – күрішті, бидайды, жүгеріні және күнбағысты жергілікті шаруашылықтар
өсіреді. Дәлірек айтқанда, зауыт облыстағы бір­қатар шаруа қожалықтарымен бірге
жұмыс істеуде. Олардың арасында Жаңақорған ауданындағы «Түгіскен ТШ» ЖШС,
Сырдария ауданындағы «Қызылдиқан» шаруа қожалығы, Қар­мақшыдан «Достық Жер МК»
ЖШС бар. Зауыт тәулігіне – 80, жылына 30000 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы.
Өнім сапалы, техникалары тың. Зауыттың қондырғылары дәнді дақылдар өңдейтін
жабдықтар шығаруда әлемдегі алдыңғы қатарлы германиялық «Петкус» компаниясында
дайындалған. Ал құнарлы мал азығының бір келісі – 50 теңге.

Елбасы алдында кәсіпорын басшысы Бақдәулет Мақашев бұл
жұмыстардың алдағы уақытта әрі қарай жалғасатынын айта келе, келешекте ұн шығару
зауытын және макарон фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Бүгінде аймақтағы шаруа қожалық­тары жылына 60 мың
тонна мал азығын тұтынады. Жаңа құрама жем зауыты сол сұраныстың жартысын
өтемек. Бұған қоса, жыл сайын облыс көлемінде мал басы көбейіп келеді. Оның
үстіне, зауыттың қазіргі уақытта аймақтың ауыл­ шаруашылығы саласында құрама
жем өндіретін бірден-бір кәсіпорын екенін ескерсек, оның өнімдеріне сұраныс
артпаса, кемімейтіні анық. Зауыт өнімі ай­мақта тек ғана мал шаруашылығы емес,
сонымен қатар құс, балық өсіретін шаруа­шылықтардың дамуына да ықпал етеді.

Сыр өңірі үш жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім
алды. Аймақтың басты дақылы саналатын күріш өндірісінің көлемі 11,6 пайызға
өсіп отыр. Мал шаруашылығы бойынша ірі қара, жылқы және түйе басының саны да
едәуір артқан. Ал агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция көлемі 7,7 есеге
өскен.

Зауыт жұмысымен танысудан кейін Мемлекет басшысы
Нұрсұлтан Назарбаев шаруалармен кездесті. Жылы жүздесуде Қазақстанның Еңбек Ері
Абзал Ералиев күріш өнімділігін арттыру, сапасын жақсарту бағытында жасалып
жатқан жұмыстары жөнінде айтып өтіп, саланы дамытуға қамқорлық танытып отырған
Елбасына алғысын білдірсе, «Бест Сервис» компаниясының басшысы Асқар Махамбетов
ет өндіру цехын ашуды қолға алып жатқанын жеткізді.

– Құрметті Елбасы, біздің мекеме 10 жыл көлемінде
мұнай саласында қызмет атқарды. Қазір ет өндіру цехын ашуды қолға алуда.
Мемлекет қолдауының нәти­жесінде алты пайызбен бес жыл­ға несие алдық. Бұл –
бізге үлкен көмек. Цехты ашу барысында 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын
болады. Олардың ішін­де кен орнынан босап қалған қызметкерлерді тарту
көзделуде. Мамандарымызды Мәскеуде оқыту жоспарланған. Елімізде кәсіпкерлікпен
айналысамын деушілерге үлкен қолдау жасалған. Осы ретте құрметті Елбасы, Сізге
үлкен рах­метімді айтамын,– деді Асқар Махамбетов.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
шаруаларға үлкен жауапкершілік жүктей отырып, дағдарыстан шығу жолында
атқарылар нақты жұмыс бағытын, яғни, ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды
енгізу, өнімділікті арттыру мәселелерін сөз етті.

– Бүгінде біз дағдарыстан қалай шығу керек деген
мәселені жан-жақты саралаудамыз. Біз қанша жылдан бері ауыл шаруашылығы
саласына көмек беріп келеміз. Бұған дейін елде көптеп балабақшалар, мектептер,
денсаулық сақтау нысандарын тұрғыздық. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жолдар
салдық. Енді оларды сәл қоя тұрып, ауыл шаруашылығын дамытуға барынша ден қоюымыз керек. Себебі, ауыл шаруашылығы
дағдарыс кезінде де экономиканың локомотиві болып қала береді. Осы орайда ауыл
шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға, сапасын жақсартуға, жаңа
технологияларды енгізуге күш саламыз. Сырттан инвестиция тартуға жұмыс жасау
керек. Өңдеу мәселесіне көңіл бөлетін кез келді. Қызылордада газ құбырлары
жүргізілген, жол салынған енді тек жұмыс жасау керек,– деді Елбасы сөзін
түйіндей келе. Және де Сыр диқандарының еңбегіне сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысының Қызылордаға жұмыс сапары бүгін де
жалғасады.

 

Дәурен ОМАРОВ,

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Суреттердi
түсiрген

Вадим Соловьев,

Бағдат
ЕСЖАНОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз