СЫРҒА СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБАЛАР

70

0

СЫРҒА СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБАЛАРӨңірде
индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдар­ламасы аясында қарқынды
жұмыстар атқарылуда. Осы күні құны 387,7 млрд теңгені құрайтын 50 жоба іске
асырылып жатыр. Жобалар толыққанды іске қосылғанда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс
орны ашылатын болады. Елдегі ілкімді істердің басы-қасында жүретін БАҚ өкілдері
инудстриалды-инновациялық даму басқармасының үйымдастыруымен баспасөз турында
болып қайтты.

Арман Аймахан «Жан Арай Жем” серіктестігінде оператор
болып қызмет істейді. Құрама жем өндіру жобасын іске асырып жатқан мекеменің
барлық құрылғылары компьютермен басқарылатындықтан мұнда оператордың маңызы
зор. Ғылымның дамыған заманында ол кәсіпорынның әрбір өнімінің сапалы
шығарылуына атсалысады.

– Кәсіпорын ашылғалы бері осында еңбек етіп келемін.
Екі қызым бар. Отбасымның игілігі жолында адал еңбекпен нан тауып жүрмін.
Балаларым жас. Өзіміз де жас отбасы қатарындамыз. Жаңақорғаннан келгенбіз,
әзірге пәтер жалдап тұрамыз. Осы жұмыстан еңбектеніп, өз баспанамды да
көтеремін, – дейді А.Аймахан.

Мұнда Арман тәрізді алдына мақсат қойған 110 азамат
жұмыс істейді. Өңірлік индустриаландыру картасына 2011 жылы енгізілген бұл жоба
толық қолданысқа берілгенде ұзын саны 250 азаматты тұрақты жұмысқа қабылдамақ.
Бастапқыда 280 миллион теңгені құраған жоба жан-жақты дамытылып, ауқымы
кеңейіп, 375,9 млн теңге болып бағаланған. Құрама жемнен бөлек, күріш ақтау
зауыты, құс фермасы да осы кешеннің құрамына кіреді.

– Агрокешен 10 гектар аумаққа орналасқан. Бұл күнде
нысанның 6 гектары
толық игерілді. Біз Қызылорда облысынан ғана емес, басқа да алыс жерлерден
тұрақты жұмыс істеймін деген азаматтарды жұмыспен қамтимыз. Сондықтан мекеменің
өз жатақханасын салудамыз. Ал біраз уақыт бұрын әкелгенін 10 мың қаз-үйрек
көлге жіберілді, – дейді серіктестік директоры Мұрат Айменов.

Құрылысы қарқынды дамыған аймақтағы маңызды жобалардың
бірі – үй құрылысы комбинатын салу. Аталған нысанды «РМЗ-Шапағат” ЖШС оңтүстік
өнеркәсіптік аймақта орналастырған. Үш гектар көлемді алып жатқан нысан бұл
күнде темір-бетон бұйымдарын шығару үстінде. Қуаттылығы жылына 35 мың шаршы
метр. Мекеме «Өнімділік – 2020”
бағ­дарламасы аясында «Қазақстанның даму банкі” АҚ еншілес кәсіпорны
«БРК-Лизинг” АҚ-ның лизингтік қаржыландыруы арқылы германиялық жаңа
технологияларға қол жеткізген. Келісімшарт бойынша 5 пайыздық үстемемен 2021
жылға дейін қаржыны қайтаратын болады.

Тәй-тәйлап қадам басқан шағын зауыттың құрылысы
барысында 52 адам жұмыспен қамтылса, бұл күнде мұнда еңбек етіп, нәпақасын
айырып отырған 68 азамат бар. Солардың бірі – Сейілбек Бәйменов. Ол оператор
қызметін атқарады.

– Мұнда менің міндетім – мына бетон құятын аппаратты
басқару. Құйылған бетон 12 сағат кебеді де, қолданысқа даяр болып шығады.
Күніге 40 бетон құямыз. Оның да екі түрлі өлшемі болады. Бірінің ұзындығы 6 метр, екіншісінікі – 3,5 метр. 8 жылдан бері
«РМЗ-Шапағат” мекемесінде жұмыс істеймін. Енді осы жаңа нысанда тер төгу
бұйырыпты, – дейді С.Бәйменов.

Сыр елінің серпінді жобаларының бірі – құрылысын «Orda
Glass Ltd» ЖШС жүргізіп келетін шыны зауыты. Қы­зылорда қаласындағы
индустриялық аймақтан 50
гектар жер телімі бөлінген болатын. Бұл күнде құрылыс
жұмыстары қарқынды. Облыс экономикасын арттырып, өңірдің әл-ауқатын жақсартып,
талай жаңа жұмыс беретін нысанның құрылысы 75 пайыз дайын. Жылына 197 100 тонна
табақша шыны шығарады деп күтіліп отырған зауыттың құрылыс жұмыстарына 200 адам
жұмылдырылған.

Осы күнде 2,5 млрд теңгенің жұмысы атқарылды.
Біртіндеп тапсырыс берген құрылғыларымыз келіп жатыр. Нысанды 2017 жылдың
алғашқы жартыжылдығында пайдалануға береміз деген мақсат бар, – дейді «Orda
Glass Ltd» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Қанат Мұнатаев.

Сырдарияның жаға­сын­дағы Сыр елінің бас қаласы,
Алаштың алғашқы астанасы дамудың даңғыл жолында. Күн санап көркейіп келе жатқан
аймақтың мұндай жобалар арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығаймақ. Демек,
мұндай тың жобалар әлі де бой көтерері анық.

 

Дәулет ҚЫРДАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз