СЫРҒА ТОЛЫ САНДЫҚ

342

0

СЫРҒА ТОЛЫ САНДЫҚСандық ежелден қазақтың төл жиһазы, ол халықтың көшпелі тұрмысында құнды дүниесі мен күнделікті тіршілікке қажетті жабдығын сақтайтын мүліктің қадірлісі саналған. Әрине, ол қолданыстан шығып қалған жоқ. Бұрынғының шеберлері жасаған сырлы сандықтың ішінен не табылмайды десеңізші! Үңіліп қарасаңыз, оның ішінде сан түрлі мата, көйлек-көншек пен бағалы әшекейлер, құнды жәдігерлер сақталды. Кейде сол сандықтың түбінен құжаттар бой көрсететін. Айтпақшы, бала кезде орыстың «Ажалсыз Кащей” ертегісін оқыған боларсыз. Онда сиқыршының ең бағалы дүниесі, яғни жаны сандықта сақталатын.
Енді бүгінгі салтқа келейік. Атадан жалғасып келе жатқан үрдіспен қызын ұзатар ата-ана міндетті түрде сандығын қамдайды. «Қыз мұраты – кету” деп білетін қазақтың салты қашаннан осы. Сәйкесінше, тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған мүліктің түр-түрі пайда болуда. Оның ішінде батыстық технологиямен арнайы қалыппен жасалғаны, шебердің маңдай тері, қажырлы еңбегі нәтижесінде дүниеге келгені бар. Бұған қала орталығында орналасқан Жаңа базар маңындағы сауда дүкендерін аралау барысында көз жеткіздік.
Сол күні сандықты саудалағандар көп болды. Бағасы да әртүрлі. Арнайы қалыпқа салынған, бедері заманауиы – 10-15 мың теңге шамасында. Ал қазақы оюлармен әрленген сандықтардың құны онан да жоғары. Дайын жапсырма қағаздысы сұраныста болмаса да, бір бұрыштан орын теуіпті. Сатушы Тұрар Әлібековті әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, қазіргі күні өңірде сандық жасаушылар бұрынғыдай көп емес. Сатушы Тұрарға Райкүл Мейрамбек есімді шебер дүниелерін ұсынған екен. Ұстаның ер кісі емес, әйел адам екенін білгенде таңданысымыз еселене түсті.
– Алушылардың дені арзанға құмар. Олардың сапасы жоғары емес. Бірақ өтімді. Шымкенттен тасымалдаймыз. Бөлшектерін осында әкеліп құрастырамыз. Ал жеке өзімнің сандығымды сатылымға шығарсам деп келетін шебер аз. Мүмкін мен қателесіп те тұрған шығармын. Оған қоса қазір еуропалық жиһаз тәріздес сандықтар мол сұранысқа ие. Бірақ арнайы тапсырыс үшін емес, қолы қалт еткенде өз қиялын ұштастырып әкелетін, өрнекті сандықтарын ұсынған жергілікті Райкүл есімді шебер болды, – деді ол.
Бұған қоса ол сауданың қызатын кезеңі – той маусымы енді басталғанын айтты. Себебі, бұл мүлік  қыздың артынан дүниесін берерде ғана алынады. Дүкендерде сандық көп болғанымен, сапасы көңіл көншітерлік емес. Өйткені, зауыт цехынан шыққандары ұлттық сандық жасау өнерімен үйлесе қоймайтынын байқатады. Бір сөзбен айтқанда, онда көбіне ою реттілігіне ғана мән беріледі. Бірақ халқымыздың әр оюы өзіндік сыр бүгеді емес пе?!
Орайлы тұста айта кетейік, кезінде атақты хан Абылайға бір сұлтан бешпент сыйлаған көрінеді. Алайда хан сыйды зерделей қарап, «Бұл бешпенттегі ою маған өлім тілеп тұр” деп нөкерлеріне бешпентті сыртқа шығарып тастауды бұйырыпты. Осыдан-ақ, әр оюдың астарында терең сыр жатқанын, оны қиыстырудың өзіндік ережесі барын аңғаруға болады. Бірақ, мұны ескеретін тәжірибелі шеберлер болғанымен, шет облыстан келетін, зауыттан шығатын сандықтардың ажары көлде жүзген қос аққу жанына әйтеуір бір оюды жабыстыру арқылы келістірілетіндей әсер қалдырды.

Мөлдір СНАДИН,
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз