СЫРДАН СӘЛЕМ АРҚАҒА

93

0

СЫРДАН СӘЛЕМ АРҚАҒАҚазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығына орай
елордадағы «Қазақ елі» монументі алдында этноауыл ұйымдастырылды.

Мемлекет басшы­сы Н.Назарбаев Қазақ хандығының 550 жыл­­дығына
орай елдің барлық өңі­рі өкілдерінің қа­тысуымен ұйым­­дас­тырылған этноауылды
ара­лап көрді. Алаңға 50 киіз үй ті­гіліп, концерттік сахналар, жарыс өткізетін
спорт алаңқайлары орнатылған.

Мемлекет басшысы елорда тұр­ғындарымен және қала қонақ­тарымен
әңгімелесті, сондай-ақ бар­­ша Қазақстан халқын
мерекемен құттықтап, игілік пен
бақ-береке тіледі.

Мемлекет басшысы этноауылда Сыр өңі­рі­нің ұлттық
нақышта жабдықталған киіз үй­лері жанында аялдады. Аймақ азаматтарымен тілдесіп,
Сыр жұртына ізгі лебізін арнады. Ұлт бесігі саналатын өңірдегі қолөнер
шеберлерінің көрмесімен таныс­ты.

***

Сарыарқаның төріндегі жауһар қаланың тұрғындары алтын
күзде ұйымдастырылатын жәрмеңкені жыл бойы тағатсыздана тосады. Өйткені, осы
молшылық мерекесіне орай еліміздің барлық облыстары сонау он жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің
жәрмеңкесін Астанада өткізуді дәстүрге айналдырған.

Сыр бойындағы диқан қауым биыл егінге орақты
жылдағыдан ерте салды. Ауа райы егінге қолайлы болғандықтан Сыр маржаны бітік
шығып, егін жинау науқаны ерте басталды. Осылайша елордамыздағы жәрмеңке
көрігін қызылордалықтар қыздырды. Және жәр­мең­кенің жылдағыдай жалқы күн емес,
екі күн қатарынан ұйымдастыры­латынын естігенде астаналықтардың қуаныштарында
шек болмады. Сонымен, Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы тауарларын
өндірушілердің жәрмеңкесі екі күнге ұласты. «Думан» ойын-сауық орталығы жанында
өткен жәрмеңкеге күрішті өңірдің жеті ауданы мен Қызылорда қаласы және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ қатысты.
Жылдағы дәстүрмен таң ертесімен басталған сауда бұл жолы да өзіндік сәнімен
өрнектелді.

– Биыл аймағымыздағы шаруа қожалық­тары мен ірі
кәсіпкерлер елордамызға 30 жүк кө­лігімен ауыл шаруашылығы өнімдері­нің 30-ға
жуық түрін әкелді. Сатылымға шығарылған өнімдердің жалпы құны 65 млн теңге.
Сырдан әкелінген күріш құнының өзі 14 млн теңгені құрайды. Барлық өнімдердің
бағалары елорда базарларындағы бағадан шамамен 20 пайызға төмен. Өз өнімдерін
тікелей тұтынушыға ұсыну біздің кәсіпкерлерге де, сатып алушыларға да қолайлы,
– дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов.

Бұған қоса, Сыр аймағының өнер ұжымдары, атап айтсақ,
облыстық филармония мен облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының
өнерпаздары Астана жұртшылығын өнерімен тәнті етті. Мәселен, «Қазақ елі»
алаңындағы этноауылда Сыр өнерінің шеберлері Астана аспанын әсем сазбен
көмкерді. Қолөнер шеберлері де өз өнерлерін паш етті. Бір сәтте екі бірдей
алаңда өнер көрсеткен Сырдың жезтаңдай әншілері жиналғандарды әсем сазбен
елітсе, жыршы-жыраулар әйгілі Қорқыт ата елінің астаналықтарға деген ыстық
сәлемін өшпес өнерімізбен жеткізді. Осылайша, сырбойылықтар екі күн бойы арзан
өнім ғана ұсынып қоймай, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұған Астана тұрғындары
дән риза.

Сырбойылықтар жәрмеңкеге 380 тонна ауылшаруашылық
өнімдерін әкеліпті. Оның 30 тоннасы ақталған күріш болса, 25 тоннасы балық және
балық өнімдері. Мұнан өзге 40 тонна картоп пен осынша мөлшердегі жуаның әр
келісі молшылық мерекесінде 50 теңгеден саудаланды. Ал тілі дәм үйірер
Жаңақорғанның қарбызына, Шиелі мен Қазалының қауынына сұраныс тіпті жоғары
болды. Сатылымға әкелінген 40 тонна қауын-қарбыздың басым бөлігі сенбі күні-ақ
өтіп кетті. Басқарма басшысының айтуынша, жәрмеңкенің алғашқы күнінің өзінде
өнімдердің 55-60 пайызы сатылыпты.

Астаналық атанғанына жылдан асқан қазалылық Жылқайдар
Ахметов жерлес­терінің жер арасы шалғайлығына қарамай арзан өнім ұсынғанына дән
риза.

– Жұбайым екеуміз осы жәрмеңке ха­бары шыққалы күтіп
жүрміз. Ту­ған жердің дәмін сатып алып, бір мар­қайып қалдық. Жеке кәсіпкер
Фатима Қазбергенованың кәсіпорны шығарған Қазалының кәмпитін, Түлкібай Мұқанов
өсірген қауын мен асқабақ, кәсіп­кер Аманбай Ерхатовтың зауытында өңделген
балық өнімдерін арнайы іздеп келіп, сатып алып тұрмыз. Жыр­шы­лардың өнеріне де
ризамыз. Ауа райы­ның қолайсыздығына қарамастан Сырдың киелі өнерін насихаттап
жатыр, – деп ағынан жарылды. Ал, өзін Орал Көшкінбев деп таныстырған азамат жыл
сайын Сырдың жәрмеңкесінен «Сыр маржаны» күрішін арнайылап келіп сатып алатынын
жеткізді. Жалпы, астана­лықтар соңғы он жылдан бері өткізіліп келе жатқан
жәрмеңкеден қыстық азық-түліктерін қажетінше алуды дәстүрге айналдырыпты.

– Жыл сайын күзде Астана қаласында ел өңірлерінің ауылшаруашылық
өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Өз басым аймақтардың жәрмеңкесін асыға күтемін. Мысалы,
Атырау облысы балығымен, ал Қызылорда күрішімен даңқты. Биыл да таңертең ерте келдім.
Қызылорданың еті өте дәмді. Оның үстіне бағасы да қалтаға да тиімді. Біздің базарларда
картоп 100 теңгеден сатылып жатса, мұнда 50 теңгеден ұсынылуда, яғни, 50 пайызға
төмен, етке келсек, жылқы еті 1600-ден сатылса, жәрмеңкеде ол 1100-ден, ал сиыр
еті 1000 теңгеден саудаланды. Осының өзі-ақ жәрмеңкенің қаншалықты тиімді екенін
көрсетеді,– деп түйді сөзін тағы бір елордалық тұрғын Әсел Алданазаров.

Жексебі күні «Думанның»
жанындағы жәрмеңке көрігі қайта қызды. Әсіресе, Аралдың балығы мен Сырдың ақ күрішіне
сұраныс өте жоғары болды. Іздеген керегіне қол жеткізген жұртшылықтың жүздерінен
қуаныш сезімін байқамау мүмкін емес еді. Сондай-ақ, мұнда «РЗА» АҚ-ның сүт өнімдері
де өтімді болды.

Жәрмеңкеге облыстың
әр ауданы, әр шаруашылығы жан-жақты дайындықпен келгенін байыптадық. Көпшіліктің
көңілін ғана емес, қоймасын да тоғайтқан жәрмеңкеден түйгеніміз осы.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Астана қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз