СЫРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАДЫ

55

0

СЫРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАДЫСенбі күні
Қызылорда әуежайында қала тұрғындары Астанада алғаш рет өткізілген «Мерейлі
отбасы” Ұлттық байқауына Сыр өңірінен қатысып қайтқан Әлібековтер отбасын
салтанатты жағдайда қарсы алды.

Елбасының бастамасымен
биылғы жылы алғаш ұйымдастырылған бұл Ұлттық байқауға еліміздің бүкіл аймағынан 1298 отбасы
қатысып, олардың арасынан sмs және интернет-дауыс беру арқылы өңірлік турлар
қорытындысы бойынша 16 отбасы іріктелгені баршаға аян. Сыр өңірінің намысын
қорғаған Әлібековтер отбасы Ұлттық байқаудан
жоғары көңіл күймен оралды.

– Қызым Қымбат алдын
ала Астанаға барып, «Бәйтерекке» қол
қоюды, Елбасымен амандасуды соншалықты қалайтынын жеткізген-ді,– деді «Алтын
алқа” иегері Лаура Шоқашева.– Баламның арманы орындалды. Егіздеріміз, Бекзат
пен Қымбат, бізбен бірге болды, үлкен екі ұлым мен үшем үйде қалған болатын. Елбасы олар жайында сұрап жатыр. Мен соған
риза болдым. Сонымен бірге біз үшін дауыс берген Сыр бойы халқына шын жүректен
алғысымды білдіремін.

Иә, «тойдың болғанынан
боладысы қызық” дегендейін, Әлібековтер отбасының осынау республикалық байқауға дайындық жасағандары,
оған өздерінің жетістіктері мен қол жеткізген түрлі табыстарын саралағандары
кеше ғана секілді еді. Олардың басты
мақсаты өздерін республикалық байқауға
үкілеп қосқан Сыр өңірі жұртшылығының
сенімінен шығу болатын. Байқау сәтті
аяқталды. Елбасы жеңіл көлік кілтін қолдарына ұстатты. Мемлекет басшысының осы байқауға қатысқан әрбір отбасы туралы
кітап жазып, фильм түсіруге болатыны жайында айтқаны олардың жүрегіне жылылық
пен шаттық, қуаныш сезімін құйды.

«ПетроҚазақстан Құмкөл
Ресорсиз” АҚ жобаларды бақылау бөлімінің бастығы болып жұмыс істейтін отағасы
Мейрамбек Әлібековтің қызмет бабымен Астанада
кідіріп қалғанын, үйде бір жарым жастағы Інжу, Маржан және Бекжанның,
ұлдарының күтіп отырғанын алға тартқан
Лаура өзінің ыстық ұясы – отбасына асығыс аттанды. Ел сенімінен шығып, көп
алдында мерейі асқан отбасына табыс, бақыт тіледік. Өйткені, орнықты отбасы
қашанда ел тірегі болып қала бермек.

«Мерейлі отбасы”
мерекесі жыл сайын жалғасады.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз