СЫРДЫҢ СЫРЛЫ ШЕЖІРЕСІ

202

0

СЫРДЫҢ СЫРЛЫ ШЕЖІРЕСІБиыл «Қазақстан-Қызылорда» Ұлттық телеарнасы өзінің 25 жылдық мерекесін атап өтті. Тәуелсіздікпен құрдас ұжымның жұмысы туралы телеарна директоры Жағыпар Қарабалаев біздің тілшімізге әңгімелеп берген болатын. 
– Жағыпар Аманжолұлы, телеарнаның осы ширек ғасырда өткен жолына  қысқаша шолу жасап шықсаңыз…
– Иә, облыстық телеарна тәуелсіздіктің төл құрдасы, ол алғашқы хабарын  1991 жылдың 30 сәуірінде таратқан болатын. Содан бері 25 жыл ішінде үлкен өсу, қалыптасу кезеңдерінен өттік. Алғашқы кезде бұрынғы кеңес кезеңінде бар техни¬калар, Санкт-Петербург, Латвия мен Эсто¬нияның қалдық деген техникаларының өзі бізге үлкен байлық болатын. Сол тұста тәулігіне бір сағаттан хабар таратып тұрсақ, арада 15 жыл өткенде біз 14 сағат хабар тарататын деңгейге жеттік. Бұл – 2004 жыл болатын. 2009 жылдан бастап техникалық жарақтандыру мәселелері жақсы қолға алынды. Облыс әкімдігінің, об¬лыстық мәслихаттың үлкен қолдау-көмегі арқасында 21 ірі елді мекенге телевизиялық таратқыштар қойылып, жаңағы 14 сағат эфирімізді облыс халқының 89 пайызы көретін жағдайға жетті. Қазір мұндай мүм¬кіндік пен көрсеткіш республиканың 3 облысында ғана бар. Қалған 10 облыс Қазақстан Ұлттық телеарнасы арқылы кешкісін 17.50 мен 18.50 аралығында бір сағат ғана эфирге ие.  
– Кадрлар жайында әңгіме қозғай кетсеңіз…
– Жалпы, осы жылдар ішінде біздің облыстық телеарна арқылы 280 кадр тәрбиеленіп шыққан екен. Соның 43-і қазір республикалық телеарналар мен басы¬лымдарда жұмыс жасайды. Дана Рысмұ¬хамедова қазір «Қазмедиа» орталығындағы Оқыту орталығының директоры, ал Зина Есмаханова Қазақстан Ұлттық теле¬арнасының режиссеры. Бұған қоса, «Хабар» агенттігінде біздің бұрынғы 17 кадрымыз еңбек етеді. Тағы 21 түлегіміз Қазақстан Ұлттық телеарнасында жұмыс істеуде. Осындай ел аумағында салада еңбек етіп жатқан түлектерімізбен мақтанамыз. Біз¬дің рейтингімізді көтеріп жүрген де осы жігіттер мен қыздарымыз. Сол 43 түлектен өзге біз осы жылдарда хабар жаңа¬лықтарын дайындаудан бөлек, халық шығар¬машылығын дамыту мәселелерімен тығыз айналыстық. Осылайша, бір жағы¬нан балалардың, жастардың, үлкендердің арасында таланттарды анықтап, шығарма¬шылықты дамытуға үлес қостық. Бір жағынан біздің теледидар үшін жақсы музыкалық хабарлар керек болды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, басқа облыстардағы біздің әріптестерімізде мұндай арнайы тележобалар жоқ. Олар негізгі міндетімен ғана айна¬лысады. Біз мұнымен шығармашылықты дамытуға және жақсы музыкалық хабарлар жасауға мүмкіндік алдық. Біздің «Әнші балапан», «Таңшолпан» сияқты алғашқы үлкен телебайқауларымыздың ішінен өсіп шыққандардың арасында қазір «Қазақ¬станның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған 7 түлегіміз бар. Мәселен, Мәдина, Гүлнұр, Алмас, Өмірқұл, Гүлхан және «Азия» тобындағы Ербол. Солардың бірі – Бибігүл Жанұзақ 1994 жылы «Таңшолпан» бай¬қауының лауреаты атанған-ды. Ол қазір Астана опера театрының жетекші солисі. Біз осындай мыңдаған балаларға өнерге қанат қағуына мүмкіндік жасағанымызды бақыт санаймыз. 
Биылғы жылды да үлкен жетістіктермен аяқтап жатырмыз. Соның бірі – біздің корпорацияның аты «Қазақстан респуб¬ликалық телекорпорациясы» АҚ деп аталады. Осы қоғамның құрамына 21 үлкен құрылым кіреді. Оның 14-і облыстық филиалдар, қалғандары республикалық құрылымдар. «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Казинфо», «Радио¬классик», «РадиоАстана» және басқалар. Осы 21 құрылым қыз¬мет¬керлері арасында Тәуелсіздіктің 25 жыл¬дығына арналған 15 номинация бойынша үлкен конкурс өтті. Алдағы уақытта оның қорытындысы жарияланады. Сол 15 номинацияның төр¬¬теуінде біздің қыз¬мет¬керлеріміз бас жүлдені иемденді. Біздің рейтингімізді, хабарларымыздың жақсы бағаланатының бір белгісі деп есептеймін. Оның ішінде жас әріптесіміз Бекзат Есқали «Тәуелсіздікке тарту» атты хабар дайындау номинациясы бойынша, Тәжімұрат Әлжа¬нов деген кәсіпқой журналисіміз «Корпо¬рацияның үздік блогері» деген конкурстың  Гран-приіне ие болды.  Ал, Жалғас Әлібеков деген жетекші дизайнеріміз «Өзгерген өңір» атты коллаж номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. Келесі бір дизайнеріміз Тоқтар Бұқарбайұлы болса, «Үздік дизайнер» номинациясын жеңіп алды. 
– Қазіргі кезеңде қай сала да болмасын, біліктілік арттыруға мән берілетіні белгілі…
– Қызметкерлеріміздің білімін жетіл¬діруге, біліктілігін арттыруға  ерекше көңіл бөлеміз. Себебі, қазіргі уақытта телерадио өндірісі саласында бәсекелестік өте үлкен. Бізді «Отау ТВ» арқылы бүкіл Қазақстан көреді. Сондықтан кез келген дайындалған сюжет, тақырыптық хабарымыз біріншіден, контенті өте мықты, халықтың ойынан шығатын дүние болуы керек. Екіншіден, көркемдік тұрғыдан шебер түсірілген, соңғы дизайндерді пайдаланған болуы керек. Сол үшін де біліктілігін арттыру мәселесімен үзбей айналысамыз. Мысалы, біздің 15 қызметкеріміз әртүрлі салалар бойынша Алматы мен Астанада, тіпті республикадан тыс жерлерде білімін жетілдіріп келді. Екі қызметкеріміз Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Менің орынбасарым Ғалымжан Бәйімбет Лондонда, Айжан Жұматаева деген редакторымыз Нью-Йорк қаласындағы Колумбия универ¬ситетінде оқиды. Айжан оқуын келесі жылы бітіреді. Олар елге демалысқа келген сайын тапсырмалар алып, түрлі циклдағы хабарлар дайындайды. Екеуі де 3 тілде жетік оқып-жазады. Міне, осындай кадрлар дайындап жатырмыз. Оқып, білім алады әрі оны өндірісте пайдаланады.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? 
– Алдағы жылдан бастап республикада 14 облыстың арасында бірінші болып эфирді тәулігіне 17,5 сағатқа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қазір жұмыс күндері түскі сағат 15.00-ден 17.50-ге дейін үзіліс бар. Енді таңертеңгі сағат 7.30-дан түнгі сағат бірге дейін еш үзіліссіз хабар тарататын деңгейге жеттік. Ол үшін түскі үзілісті жабу мақсатында жақсы хабарлар дайындаймыз. Арнаулы аудитория үшін, мысалы үй шаруасындағы әйелдер, ардагерлер, ауысыммен жұмыс істеп үйде болатын кісілер, балалар, жастардың бір бөлігі үшін мақсатты түрде арнайы бағ¬дар¬ламалар ашу арқылы бос уақытты тол¬тыратын боламыз. Мысалы, отбасылық құн¬дылықтар және тәрбие мәселесі тақырыбын қозғайтын «Шаңырақ» деген бағдарлама аптасына 5 күн шығатын болады. Кезінде бір себептермен жабылып қалған «Он жеті» атты жастар бағдарламасы болды. Соны қайта ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жастардың ойын, дүниетанымын біліп отыруға, ақыл-кеңес беруге арналған.  Сол секілді, балаларға арналған «Марламқаш» деп аталатын интеллектуалдық және ойын-сауық бағдарламасы бар. Балаларға пәннен тыс сұрақтар беріліп, интеллектуалдық ой-өрісін дамытады. 
Қазіргі уақытта біздің жаңалықтарымыз күніне сегіз рет шығады. Төртеуі қазақша, төртеуі орысша. Соның үш-үштен алтауы тікелей эфирде шығады. Жаңалық хабар¬лардың саны және көлемі жөнінен облыс¬тар арасында ОҚО-дан кейін екінші орын¬дамыз. Күніне 295 минутты құрайды. Бұдан бөлек, 34 тақырыптық хабар бар. Күн¬делікті кешкілік мезгілде берілетін 3-4 хабар бар. Және халыққа көруіне ыңғайлы болуы үшін сенбі-жексенбі күндері қайта¬ланады. Хабарлардың ішінде тікелей эфир¬ден берілетіндері көрерменнің үлкен қызығу¬шылығын туғызуда. Мысалы, «Өзек¬жарды» хабарымызға тек билік өкілдерін ғана емес, халыққа қызмет ететін салалардың басшылары мен мамандарды қатыстырамыз. Мұнан басқа аптасына екі рет шығатын «Өмірдің өзі» деген ток-шоуымыз бар. Өмірден алынған мысалдарға, әлеуметтік проблемалардан құрылған ел аумағында осылай тікелей эфирден шығатын ток-шоулар  тіптен некен-саяқ. Осы екі хабарымыздың рейтингі жоғары. «Ақиқат алаңы» деген көңілде жүрген ой-пікірлерді ортаға салатын ток-шоуымыз бар. «Алқа» деп аталатын пікірсайыс клубын да айта аламыз. Аптаны сараптайтын, қорытындылайтын «Үштаған» деген хабарымыз республикада соңғы үш жылда екі мәрте үлкен конкурсқа қатысты. Ол ұлттық деңгей санатындағы хабарлар санатына жатады. Редакторларымыз Айткүл Шалғынбаева, Қаршыға Есімсейітова, бас редактор әрі журналист Айнұр Тұңғышбаева, шеф редакторларымыз Алтынай Молжанова, Әділ Жаханов секілді басқа да көптеген мамандарымызды мақтан етеміз.
Алдағы жылы ашылатын хабарлар ішінде «Мәртебелі мамандық» деген хабар болады. Елбасының кәсіптік-техника¬лық салалар бойынша мамандар дайындау тура¬лы тапсырмасы бар. Соларға бағыт-бағдар беру, ақыл-кеңес қосуға арналған, «ЭКСПО-2017», «Заңгер кеңесі», «Юриди¬чес¬кая консультация» және «Ойын-сауық, күлкі-думан» деген хабарлар ашып отырмыз. Бұлар біздегі кейбір хабарлардың орнына кіреді. 
Қазір біздің рейтингімізді көтеріп отырған хабарлардың бірі 25 жасқа дейінгі орындаушылардың конкурсы – «Сыр жұл¬дыздары» хабары бұрынғы «Әнші балапан хабарын» алмастырады. «Ботақан» деген балалар шығармашылығына арналған фес¬¬тивалі «Жыр керуен» деген жас жыр тер¬ме¬шілерінің фестивалі бұрынғы «Әнші бବлапан» мен «Таңшолпанның» орнын басып, бұлардың лауреаттарының өзі «Жас қବнаттың» деңгейінде Гран-при алып жат¬қандары бар. Олар Өнер институты, Өнер ака¬демиясы мен консерваторияда оқып жатыр. Жақында Тәуелсіздіктің 25 жыл¬дығына арнал¬ған солардың қорытынды концертін өткіздік.   
Бізде үш үлкен студия, 600 орындық кон¬церт студиямыз бар, көптеген конкурс фес¬тивальдарымыздың сол жерде өткіземіз. Бұл – бізге сонау кеңестік кезеңнен қалған байлық, Саяси ағарту үйі ғимараты. Бізде 12 тақырыптық хабарды түсіретін 176 шар¬шы метрлік павильонымыз, сондай-ақ, тек жаңалықтардың студиясы бар. Ал¬дағы көктемнен бастап осы жаңалықтар қызметі мен «Үштаған» ақпараттық-таным¬дық мақсаттағы хабар үшін арнайы соңғы үлгідегі техникалармен жарақтандырылған арнайы студия ашайық деп отырмыз. Бұл үшін корпорация 120 млн теңге көлеміндегі техника – камералар, крандар жарық жүйесі мен декорациямен қамтамасыз етеді. 
Бір мақтануға болатын нәрсе, корпо¬ра¬ция филиалдары ішіндегі ең бюджеті үл¬кен филиал біздікі. Бұл – телеарна жұ¬мысын жергілікті билік те, бизнес те, қарапайым халық та бағалайды деген сөз. Себебі, біз тендерлер арқылы мемлекеттік тапсырыстарды аламыз, коммерциялық негіздегі хабарларды дайындаймыз. Әртүрлі жарнамалық негіздегі материалдарды бере¬міз. Эфирді көргеннен кейін өздерінің жар¬на¬маларының, хабарларының әсері бар екенін біледі. Сонымен қатар, облыс әкі¬мінің тікелей қолдауы нәтижесінде жұмысымыз жандана түсуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
 
СЫРДЫҢ СЫРЛЫ ШЕЖІРЕСІ
СЫРДЫҢ СЫРЛЫ ШЕЖІРЕСІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз