ҚҰТ ҚОНҒАН КИІЗ ҮЙ

346

0

ҚҰТ ҚОНҒАН КИІЗ ҮЙЖылда Наурыз мерекесі еліміздің барлық аймағында кеңінен тойланады. Орталық алаңда қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, бауырсақ пен наурыз көже пісіріліп, шұбат, қы¬мыз сапырылып, самаурын қайнап бір жасап қаламыз. Жиналған жұртшылық бірге ән айтып, би билеп, алтыбақан тебеді. Білекті жігіттер өзара күресіп, көкпар тартады. Осының бәрі ақшаңқан киіз үйдің айналасында өтетіндігі белгілі. 
Бала күнімізде көктем шыға ауылдағы ағайындар киіз үй тігу қамына кірісетін. Оны құрастырар кезде  көршілер келіп, бәрі бірге үйді тұрғызатын. Бұрынғы бабаларымызға пана болған бұл үйді тұрғызу кезіндегі ең маңызды сәті ол шаңырақ көтеру деседі. Себебі, қазақта шаңырақты құлатып алуды жаман ырымға балаған. Соны ескерсе керек, кереге маңына уықтарын тосқан білекті ағайындар шаңырақты көтеріп, барлығын қолында бір-бір уықты шаңырақтың жан-жағынан қадап, түзулетіп байлайтын. Оның арасында анамызбен бірге біз де жүрміз. Бағанды ұстаған әкелеріміз алты қанатты керегенің қақ ортасынан шаңырақты жоғары көтерді. Сол сәтте жан-жақтан уық шаншылып, шаңырақ орнында тұра қалды. Әлі есімде, сол кезде бәрі бір-біріне «Шаңырақ биік болсын!» деген тілек білдіріп жатты. Одан кейінгі безендіру жұмыстары кезінде анамызбен бірге үйді әрлеуге кірісетінбіз. Ең қызықты сәті, сол күнді біздің отбасы үшін үлкен мереке ретінде сезіндік. 
Құрылымы қарапайым киіз үй жасаудың бейнеті көп. Ал үй тіккенде ең алдымен қолайлы жер таңдап алу аса маңызды. Киіз үйдің негізін кереге, уық, шаңырақ пен сықырлауық құрайды. Бір ерекшелігі, киіз үй тігу үшін бірде-бір шеге пайдаланылмайды. Құрылыс нысаны тек табиғи материалдардан жасалады. Шеберлер керегені жайып, таңғышпен біріктіреді. Оларды бір-біріне жалғап, есік есебіне сықырлауықты орнатады. Кереге ағаштарының айқасқан тұсын түйіп, жинап жазуға ыңғайлы етіп жасайды. Шаңыраққа уық шаншиды. Шаншылып біткен уықты айналдыра құрмен таңады. Осылайша, уық кереге мен шаңырақты жалғайды. Одан кейін туырлық, үзік, түндік және киіз есіктерді жабады. Киіз үйдің негізін туырлық, үзік, түндікпен жабу төменнен басталады. Туырлықтың бір ұшы есікке байланыстырылады. Содан кейін керегені орай айналдырады. Уық бойына үзік жабылады. Үзіктің төменгі шеті туырлықтың жоғары шетімен біріктіріледі. Ол кереге басына бекітіліп, қалған бөлігі бақанның көмегімен түндік жабылатын жерге дейін көтеріледі. Үзік киіздер арасында ашық жер қалмайтындай етіп жабылады.
Үлкендерден естуімізше, киіз үйдің ішіне қойы¬латын ағаштан жасалған жиһаздардың қатарында сан¬дықты ерекше атап өтуге болады. Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде оны кейде «кебеже» немесе «әбдіре» деп те атайды. Сандықтар арнайы жүк аяқтың үстіне орналасатын болған. Сандықта түрлі заттар сақталынды. Сол себепті, олар көбіне төрдің артын ала орналасатын. Ал, киіз үйдің шаруашылық бөлігінде ыдыс-аяқ қоятын – асадал, жатаған орындық, айран пісетін күбі, ет жейтін ағаш астау, қымыз ішуге қажетті тостағандар қойылды.
Қорыта айтқанда, қазақтар өздерінің киіз үйлерін тұрмысы мен табиғи ортаға ғана бейімдеп қоймай, оған өзіне тән әдемілік те берді. Қазақ қоғамындағы эко-номикалық теңсіздік әлеуметтік жағдаймен байланыса отырып, тұрғын үйге де әсерін тигізді. Киіз үйдің сырт¬қы көрінісі мен ішкі жасауы үй иесінің тұрмыс жағдайымен тығыз байланысты болды. 
Нұрбина КӨПТІЛЕУ.
Жалағаш ауданы,
Ақсу ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз