ТАБЫСТЫ БОЛУДЫҢ КІЛТІ – ЕҢБЕКТЕ

268

0

ТАБЫСТЫ БОЛУДЫҢ КІЛТІ – ЕҢБЕКТЕМемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің Үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріскенімізді атап өтті. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемдегі ең озық 30 елінің қатарына ену болып табылады. Осынау идеологиялық маңызы басым тұғырнамалық мақалаға орай қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханованың пікірін білген едік.
– Роза  Аяғанқызы, Қазақстанның үшінші жаңғыруында қандай маңызды қадамдар айқындалды деп ойлайсыз?  
– Бұған дейін еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы Бірінші жаңғыруды жүзеге асырды. Содан кейін «Қазақстан–2030» Стратегиясын қабылдады және мемлекетіміздің жаңа астанасын салды. Нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына енді. Бұл Екінші жаңғырудың жемісті қадамдары болатын. 
Мұның бәрін таратып айтып отыру себебіміз, еліміздің жүйелі әрі дәйекті эволюциялық дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың өзара байланысы мен сабақтастығын көрсетуді мақсат тұтып отырмыз. 
Бүгінгі таңда Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және рухани жаңғыру сияқты үш жаңғыру үдерісі жүзеге асырылатын болады. 
Әлбетте, саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан, бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр. 
Осы орайда, Мемлекет басшысы бұл аса зор міндетті орындау үшін  ұлттық рухани жаңғыруды тұтастай қамтитын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ұсынды. Бұл − мазмұны өте терең, ауқымы кең, қоғамдық сананы биікке көтеретін, ұлттық құндылықтар дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген өте маңызды құжат.
– Осы орайда кәсіпкерлікті дамытуға мәслихаттың ықпалы қалай? 
– Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті болуы керек. Яғни, әрбір тұрғын денсаулығы мықты, жоғары мәдениетті, компьютерлік сауатты, терең білімді болуы тиіс. Ол кез келген елде, ортада емін-еркін сөйлеп, өз пікірін дәлелдеп өткізе білетін, ұстамды, қарапайым, саламатты өмір салтын ұстанған азамат ретінде қалыптасқаны жөн. Сондай-ақ тірліктің тінін, кәсіптің көзін тауып, еңбек ете білу керек. Бүгінгі қоғамда табысты, бәсекеге қабілетті болудың кілті – еңбек.  
Елімізде халықты жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіппен айналысушы  азаматтардың санын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан көптеген тиімді бағдарлама мен жеңілдіктер жасалып келеді. Елбасының тапсырмасына орай, 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету міндеті тұр. 
Осы ретте халықты жұмыспен қамту, жеке кәсіппен айналысуға шақыру мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, қалалық мәслихат биылғы жұмыс жоспарына сәйкес, жоғарыда аталған мәселені сессия қарауына шығарды. Сессияға алдын ала дайындық жұмыстары аясында VІ шақырылымдағы депутаттық корпус шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша кеңес беру, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектер туралы кеңінен ақпарат беру және жұмыспен қамту мәселесіне орай ұсыныс-пікірлер жинақтау мақсатында қалаға қарасты кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Нәтижесінде, тұрғындар тарапынан жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша 60-тан астам ұсыныс-пікір жинақталған. Бір мезетте жүргізілген үгіт шараларының өзінде  ондаған азамат «Қызылорда облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалына, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына жүгініп, өз кәсібін бастауға ниеттеніп отырғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, кездесулерде көтерілген мәселенің бірі – «Наурыз», «Сабалақ» саяжайлары тұрғындарының шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған несиелендіру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмауы. Ондағы басты себептің бірі – саяжайда салынған үйлерінің қаржы ұйымдары және екінші деңгейлі банк тарапынан кепілдікке алынбайтыны болып отыр. Бұл мәселеге орай,  қалалық мәслихат депутаты №8 «Мерей» сайлау округінен сайланған депутат М.Кәрімбаев 1500-ден астам халық тұратын «Наурыз» саяжайындағы  тұрғын үй құжаттарын  «Ақсуат» ауылдық округі деп өзгерту және 3000-ға жуық халық тұратын «Сабалақ» саяжайын қалаға қосу туралы ұсыныс көтерді.
– Өзіңіз айтқандай, табыстың кілті – еңбекте.  Дегенмен бүгінгі қоғамда кейбір мамандыққа сұраныс жоғары болғанымен, маман тапшы. Керісінше, бірқатар жоғары білімді маман жұмыссыздардың тізімін толықтырып отыр. Осыған байланысты ойыңыз қандай? 
– Еңбек ресурстарының тепе-теңдігін сақтау мәселесіне байланысты аймақ көлемінде арнайы іс-шара әзірленген. Әйтсе де, бұл мәселе тұрақты қадағалауды қажет етеді. Жалпы қоғамдық бетбұрыс қажет деп ойлаймын. Айталық, қалада 4 мамандық бойынша кіші медициналық қызметкерлерді дайындайтын оқу орындарында соңғы екі оқу жылында 1767 түлек бітіріп шығып, олардың 62 пайызы жұмысқа орналасқан. Қалған 40 пайызға жуығы жұмыссыздар қатарын толтыруда. Мәселен, облыстық медицина орталығына жұмысқа орналасқысы келетін кіші медициналық қызметкерден бүгінге дейін 200-ге жуық өтініш келіп түскен.  Олардың барлығын қанағаттандыруға мүмкіндік жоқ. Есесіне, дәрігерлерге,   медициналық құрылғылармен жұмыс жасай алатын мамандар мен лобаранттарға сұраныс жоғары. Мәслихат сессиясында осы мәселені көтерген   №3 «Торайғыров» сайлау округінен сайланған депутат С.Пазилов еңбек нарығындағы мамандықтарға сұранысты зерделеуді ұсынды. 
Сондай-ақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасында халықты жұмыспен қамту мәселесіне орай «дөңгелек үстел» өткізіліп, онда жастардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және жазасын өтеп келген азаматтардың жұмыспен қамтылуы және шағын кәсіпкерлікті дамыту жайы сөз болды. Айталық, қаламызда орналасқан №169/5 түзеу мекемесінде 625 сотталушының 600-дейі жұмысқа жарамды.  Бірақ, жоғарыда атап өткендей, сотты болған азаматтарды жұмыспен қамтуда көптеген кедергі бар. Бүгінгі таңда түзеу мекемесі ғимаратында жол төсемелері, әк шығаратын, кәдесый  жасайтын, тігін цехтары жұмыс жасап жатыр. Осы ретте, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы қала кәсіпкерлерін түзеу мекемесі жанындағы ғимараттарды пайдалана отырып, өз кәсіптерін ашуға шақырды. 
Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мақсатында құрылыс саласында басшылық жасайтын қалалық мәслихат депутаттары «Интегрострой» ЖШС директоры Б.Ысқақов, «Бақ-Береке 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Ерназаров, «Жабдықтау» ЖШС директоры  А.Сүйінтаев, «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС директоры Илларион Ли, «Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен өзара серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандум нәтижесімен, кәсіпорын 30-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматы жұмысқа қабылдауды жоспарлауда. 
Осы аталған мәселелерді зерделей келе, қалалық мәслихат бірқатар жаңа жоспарын айқындады. Мәселен, Қызылорда қаласының экономикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалана отырып, халықтың сұранысына сәйкес кәсіпкерлік қызметті өндіріс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, халыққа қызмет көрсету салалары бойынша дамуына басымдық беру міндеттері алға қойылды. Сонымен бірге, еңбек ресурстарының тепе-теңдігін сақтау мақсатында қала бойынша еңбек нарығындағы қажетті мамандарға сұранысын зерттеп, нәтижесімен құзырлы орган назарына ұсыныстар жолданды.  
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Үстіміздегі жылдың маусым айында өтетін кезекті сессияда «Қызылорда қаласының рухани-мәдени дамуы, атқарылған жұмыстар және мәдени қызметтің тиімділігін арттыру шаралары туралы» мәселесі  қаралады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деп атап өтті.  Осы ретте, сессияға дайындық аясында Қызылорда қаласындағы киелі орындардың сақталуы мен оларды  насихаттау және 2018 жылы аталып өтетін Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерекесін жоғары дәрежеде атап өту үшін рейдтік шаралар ұйымдастырып, мәдениет саласын дамыту бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жолдайтын боламыз. 
– Сұхбатыңызға рахмет! 
Сұхбаттасқан 
Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз