ТАҢДАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ

79

0

ҚР Парламенті Сенатының депутатын сайлау науқанына да санаулы күндер қалды. Облыстан тіркелген 3 үміткер аудандарды аралап, жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесу өткізуде. Өткен аптаның соңында кандидаттар өз таңдаушылары – Шиелі және Жаңақорған ауданы мәслихатының депутаттарымен жүздесті. 
Кездесуге облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов, мүшесі Қожамжар Наурызбаев және ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар Ержан Әжікенов, Ақмарал Әлназарова мен Мұрат Бақтиярұлы қатысты. 
Әрбір кандидаттың сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, үгіт жүргізетін, кандидаттың мүдделерін білдіретін әр аудан – қалада бір-бірден сенімді өкілдері бар. Сайлау заңнамасымен жөнсіз үгіт жүргізуге тыйым салынған.
– Осы кездесуді пайдалана отырып, биылғы сайлаудың ерекшелігі туралы айта кеткеніміз жөн. 28 маусымдағы сайлау кезінде дауыс берудің алдын ала қорытындыларын көрсете отырып, таңдаушыларды электрондық тіркеу жүргізілетін болады. Бұл жаңашылдық таңдаушылардың келуі туралы, сондай-ақ өңірлерде дауыстарды санау рәсімі аяқталған соң дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы ақпаратты Ортсайлаукомның ресми сайтында онлайн режимде орналастыруға мүмкіндік береді, – деді комиссия төрағасы. 
Мұнан соң кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, қойылған сауалдарға тиянақты жауап берді. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі, Жаңақорған аудандары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз