ТАҒДЫРЫМ ОРТАҚ ТЕҢІЗБЕН

72

0

ТАҒДЫРЫМ ОРТАҚ ТЕҢІЗБЕНШын мәнісінде солай. Жалпы біздің әулеттің тарихы  теңізбен тығыз байланысты  десем, артық емес. Оған мына дерек толық дәлел болары анық.  Бір сәт төмендегі деректерге назар аударайықшы.  Кезінде мен жайлы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған очеркте «Теңіз Әдекеңе қарыз, Әдекең теңізге қарыз» деп жазылғаны бар. Мәнісі –  Әйімбет  атамыз балық аулап жүріп теңізге кетіп, бақилық болған. Бәлкім, теңіздің маған қарызы атамның айдын құшағында ажал құшуы болса, менің борышты болатыным қасиетті теңізден несібемді тауып, бала-шағамды асырауымда, елімнің қошеметін естуімде  шығар.  Өз әкем Ізбасар бозбала шағынан  ересектерден қалыспай теңізді шарлаған байырғы балықшы. Ұлы Отан  соғысынан ауыр жарақаттанып елге оралған соң әкем ұзақ уақыт балық аулау пунктін басқарды. Ал, өзімнің  кіндігім теңіз қолтығында кесілді. Сондықтан теңізбен тағдырым да, тынысым да ортақ.
Талай жанға пана болған киелі теңіз бізді де бауырына тартты. Соған орай біз де оған  адал қызмет жасауға ұмтылдық. Қарапайым  жұмысшыдан бастаған өмір жолымда мұғалім, экономист, партия комитеттерінде нұсқаушы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, «Арал балық өндірістік бірлестігінің»  бас директоры өзге де лауазымдарды атқардым. Қандай қызметте жүрсем де, елімнің сенімін ақтауға тырыстым. Ғасыр тоғысында «Қамыстыбас» балық питомнигін басқардым. Елбасы Аралға сапарында біздің мекеменің жұмысымен танысып, көгілдір айдынға өз қолымен балық жіберуі бізді жаңа істерге жігерлендірді. Мемлекет қолдауы нәтижесінде питомниктің қаржыландырылуы, балық өсіру өнімі  әлденеше есе ұлғайды. 
«САРАТС» жобасының алғашқы кезеңінде Арал өңірінде көптеген толымды тірліктер атқарылғаны көпшілікке жақсы мәлім. Көкарал бөгетін салумен Кіші теңізде балық шаруашылығының қайтадан негізі қаланды. Бүгінгі таңда балық өңдеу зауыттарының саны да көбейіп келеді. Арал проблемасы ғаламға ортақ болғандықтан, әлемдік қауымдастықтың қолдауы мен көмегі аса қажет. Алдағы форумда Аралға олардың тағы да назарын аударып, гранттық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал еткен дұрыс. Бұл өңірдің жаңа тынысын ашады.
Облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолға алып жүрген үлкен мәселесі «САРАТС» жобасының екінші кезеңін іске асыру екені белгілі. Бұл жоба  іске асқанда Аралда балық шаруашылығы мұнан да  өрлей түседі. Ол кезеңде жылына 30 мың тонна балық ауланатын мүмкіндік туындап, халықтың несібесі молаймақшы. Солай болғай.
Әділбек ӘЙІМБЕТОВ,
«Арал сервистік дайындау орталығы»
ЖШС балық зауыты 
бас директорының  кеңесшісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз