ТАЛАНТ – ТАҢДАП ҚОНАТЫН БАҚ

258

0

 
Кез келген жүрекке жылы шығарманы оқып отырғанда авторын бұрын-соңды көрмесеңіз де, жазғанына қарап оның жан-дүниесін терең танығандай, бітім-болмысы, мінез-дағдысы, тіпті кескін-келбеті, пошым-порымына дейін көз алдыңызда жалқы сәт жылт етіп, ерекше іштартып, жаныңызға жақын боларыңыз рас. Бұл да талант табиғатының бір ерекшелігін танытса керек. Әрегідік үлкен басылымдарда «Қаныбек Әбдуов» деп қол қойылған туындыларды көзіміз шалғанда, мейлі ол қандай тақырыпты қозғамасын, бұрын өзіміз аңдай бермейтін ақиқатқа ой жіберіп, соны тап басқан суреткердің нәзік байқампаздығына еріксіз бас шайқап, талантына тәнті боларымыз рас-ты. Сонысымен де көңілімізге жақын тартып тұратын осы тұлғаны біздің ұжымға басшы болып келген сәтте еш жатсынбай, жатырқамай, жылыұшырай қарсы алған едік.
Аудандық газет – аудан өмірінің айнасы, аймақ халқының ажырамас бір ақпарат құралы ретінде сексен жылдан астам адал қызметінен танған емес. Замана тынысымен қоса түлеп, қоса жаңарған саяси басылымның бет-әлпеті, мазмұн-мәйегі мүлде жаңа арнаға бет бұрып, халықтың рухани қажеттілігін қанағаттандыруы заман талабы. Өз басым, егемендікке қол жеткізгеннен бастап баспасөзде салтанат құра бастаған сөз бостандығының бағасын біліп, соның рухымен қанаттанған қасиетті қаламнан сүйеу тапқан шығармашылық өкілі ретінде тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктердің баршасына куәмін. Еркіндіктің самалы ескен сындарлы шақ баспасөз жауынгерлеріне де үлкен міндет арқалатып, қаламына қуат, шығармашылығына шуақ сыйлады.
Соңғы жиырма бес жылдағы төл басылымымыз – «Жаңақорған тынысы» газетінің мазмұндық деңгейі, бағыт-бағдарын кешегісімен салыстыруға мүлде келмейді. Көп өскен, көп өзгерген. Мұнымен өткеннің бәрін жоққа шығарып, сызып тастауға болмайды. Кеңестік кезең идеологиясының адал жауынгері бола білген баспасөз өкілдері қатарында өзіміз де қоғам игілігін жеке бас мүддесінен жоғары қоятын жаны таза Кеңес адамын тәрбиелеуге біркісідей атсалыстық қой. Бүгінде мемлекеттік саясаттың құрылымы, бағыты, бағдары өзгергенімен мазмұны сол баяғыдай: мықты мемлекет орнату үшін мықты идеология қажет. Осы бағытта алдыңғы шептен танылар журналистерге артылар міндет ауырламаса жеңілдемек емес.
2015 жылдың 2 ақпанынан «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторлығына тағайындалған Қаныбек Әбдуов алғашқы жұмыс күнінен бастап газет мазмұнын жаңартуды мықтап қолға алған. Ол газет тілшілерін журналистикаға енген жаңа медиалық әдіс-тәсілдермен қаруландыруға қажымай-талмай жұмыс жасады. Мақала жазуда бұрынғыдай бір жанрға қатып қалмай, жанрларды араластырып жазу мәнеріне баулыды. Журналистика — етікшілік кәсіп емес. Былай істе, былай жаз деп жақсы маман даярлау тағы мүмкін емес, дегенмен «талағында биті бар» талай жастың шеберлік мектебінде шыңдала түскеніне бүгінгі табыстарымыз куә.
Адам табиғаты жаңалыққа құмар. Газет тілшілері осы сұранысты қанағаттандыру үшін жаңалыққа татитын оқиғаны көре білуге, жұрт назарын аударатындай пайдалы мәлімет ала білуге төселумен қатар көпшілік мүддесін қозғайтын проблемалық мәселелерді көтеруге тиіс. Ең басты ақпарат көзі — адамдар. Осы ретте тілшілердің айналамен тіл табыса білуі маңызды. Өз көрген-түйгенін дәлел-дәйекпен тұздықтап, ой түйіндеуде адам ішкі интуициясы әлеуетінің де әсері мол. Қанекең бұдан бөлек газеттегі мақалалардың берілу техникасына да баса назар аударды. Мәселен, сурет мақаланың характерін ашып тұруы керектігін жиі ескертетін. Төлқұжатқа түскендей қақиып емес, іс-әрекет үстінде түсірілген фотолардың маңызын түсіндіріп, мамандарды осы бағытта тәрбиеледі. Газетте жаңа айдарлар пайда болды. Мәселен, «Сенбілік сұхбат» айдарына таңдап алынған кейіпкерлер мен төл кәсібінен туындайтын қасаң сауалдарды қойып, тар ауқымда шектелгеннен гөрі еркін, емен-жарқын әңгіме өрбітуге ұмтылған өрелі сұхбаттың ұпайы басым түсіп жататынына көптің көзін жеткізді. «Оқшау ой» айдарымен берілген материалдар да әр журналистің ізденісі мен ішкі мәдениетінің өлшемі танытып келеді.
Газет мазмұнын айшықтауда талап пен талғам таразысында бәсі басым түсер тың тақырыпты таба білудің өзі үлкен жетістік. Осы орайда Қанекең өзі бас болып ел ішіндегі елеусіз қалып келе жатқан тақырыптарға қалам тербеп, «сенсациялық» мақалаларды жазуға дем берді. Өткеннің киесі мен иесіне жан бітірді. «Солай болған» айдарын ашып, алғаш «Өртте қалған орден» деп аталатын мақаласы арқылы әріптестеріне әдемі арна тартып берді. Ол қазір жүйелі жалғасын тауып келеді.
Қанекең экономикалық тақырыптарға да еркін қалам сілтеді. Ел дәулеті мен сәулетінің көрсеткішін қай салада болмасын өткен жылдармен салыстыра сипаттайтын сараптамалық материалдары аудан саяси өмірінің барометрі сынды байыпты байламдарымен құнды құжат ретінде келешектің игілігіне қызмет ете берерін бүгінгі күн газетті парақтай отырып, іштей млйындауыңа тура келеді. Қанекеңнің кезінде нөмір сайын берілген «Шалқы, Шалқия» атты сериялық мақалалары, аймағымыздағы ірі өндіріс орындары: СКЗ-U, Байкен-U, Хорасан-1,2 өндіріс орындарынан жазылған журналистік зерттеулері ертеңгі күн еншісіне таусылмас тарих.
Өнер – шығармашылық адамының бір қанаты сынды, өмір бойы өне бойына рух дарытып, күш — қуат құйып, қиялының қияға қанат сермеуіне серпін беріп отырады екен. Кезінде КазГУ-дің қабырғасында жүріп ВИА-ның белді мүшесі ретінде бас гитарада ойнап, талай концерттік бағдарламалардың гүлі болған Қанекеңнің осы музыкаға құмарлығы көңілін көлдей тасытып, көктегі идеяларды қанжығасына ілдіріп, жердегілерге тарту еткізетіні бар. Оның кей шығармасының ән айтып, күй тербеп тұратындай болатыны содан. Жүректен шыққан жүрекке жетеді.
Бұған дейін «Жас Алаш» газетінде тілші, аға тілші, «Сыр бойы» газетінде техникалық редактор, жауапты хатшы болып бай тәжірибені жинақтаған Қанекеңе одан әрі 7-8 жыл «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімі меңгерушісі болып қызмет атқарған жылдар мол тәжірибе тарту етті. Халық пен билік арасындағы алтын көпір сынды кәсіби құзыреті мұнда да кемеліне келіп, елдің саяси өміріне салмақты із, сара сүрлеу салып үлгерді. Оның «Редактор Қалқабай Әбенов», «Желкілдек батыр», «Ғибратты ғұмыр», «Мен елімді бағаладым, елім мені бағалады», «Нұрлы жүрек», «Түгіскен түлеткен тұлға» тағы басқа кітаптары осы жылдардың жемісі. Төгілген тер текке кетпейді екен. Саналы ғұмырындағы атқарған қызметтеріне орай ол Елбасының «Алғыс хатымен», Ақпарат және байланыс министрінің екі рет, Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Республикалық І-ші «Алтын жүрек» байқауының номинанты болды. Облыстық байқаулар жеңімпазы, 2008 жылғы облыс әкімінің стипендиаты атанды. Сондай-ақ, «Астанаға – 10 жыл», «ҚР Консититуциясына – 20 жыл», «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» тағы басқа да мерекелік медальдарды иеленді.
Шын талант — адамзат бағына жаратылған Тәңірдің сыйы. Ел ішінде «текті әулет» атанған бұл отбасының аталары Бұхарада оқып, шатырхат (диплом) алған ғұлама, әулиелігімен аты шыққан емші кісі болған. Перзенттерінің ішінде зейіні озық Қаныбегін ата жолымен дәрігер болса деген әке арманы орындалмады. Қаныбек қаламды серік етті. Оған өзі өкінбейді. Адам жанын жақсы сөзбен де сауықтыруға болады. Қоғам дамуына түзу сөз де тірек. Біз әріптестері, Қанекеңе осы жолда тек қана табыс тілейміз.

«Жаңақорған тынысы» газетінен алынды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз