ТАЛАЙЛАРДЫ ТАМСАНДЫРҒАН БАЙҚОҢЫР

72

0

ТАЛАЙЛАРДЫ ТАМСАНДЫРҒАН БАЙҚОҢЫР
Қармақшыға барған сапарымызда жылт еткен жаңалықтың барлығын қамтуға тырыстық. Аймақ туризмін дамытуға қатысты жоба қолға алынғанын айтқанда, бұл істі үйлестірушілермен жолығуға асыққан едік.
Әлемде мұнай, автомобиль экспортынан кейінгі орындағы табысы  шалқыған саланы біздің елде өркендету үшін көптеген бағдарламалар жасалды. Бір ғана Сырдың бойы адамзатқа ортақ мұра болуға лайықты орындарға бай болғандықтан, мұнда тарихи-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол.  Сарапшылардың айтуынша, ел танып, жер көруге құштар адамдарды қызықтырып келген туристік рыноктың дәстүрлі аудандарының аясы тарылып келеді. Әлемнің жеті кереметін, адам аяғы баспаған, тұмса табиғаты түртілмеген жерлерді көрген туристер өздері үшін жаңа әлем ашқысы келеді. Мұндайда турфирмалар туристер баратын жаңа аумақтар іздейді, жаңа маршруттар сызады. Осының есебінен біздің аймақтың да әлемдік туристік рыноктағы орны нақтыланады деген үміт бар.  
Қармақшыда еліміздің туризм нарығындағы үздік компаниясы «Travel Club Kazakhstanның” өкілі Марлен Жәрімбетовпен әңгімелесудің сәті түсті. Ол Жосалы кентіндегі «Алматы» қонақүйінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының басы-қасында екен. Мамырдың 1-не дейін қонақүйді қайта ашу жоспарланғандықтан, мұндағы жұмыс қарқыны бір сәтке де толастамады. Өйткені туризм нарығында 2003 жылдан бері тәжірибе жинаған компания жақында қазақстандықтар мен шетелдіктерге арнап «Өткеннен бүгінге» деп аталатын ерекше бағдарлама ұсынғалы отыр. Олар қонақтардың қалауын тауып, келушілерді Сыр бойының бай тарихына, дәстүрі мен  тағылымына қызықтырып, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпірді нығайтпақ. 
Компания Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт ата кешеніне келуші туристерге қызмет көрсетуге дайындықты бастап кеткен. Әрине, ұзақ жолдан келген жолаушылар ең алдымен қызмет көрсету сапасына мән береді. Сондықтан туристік маршрутпен бірге олар түсетін қонақүйлер сервис жағынан кемшін түспеуі керек. Жосалыдағы шағын қонақүй бесжұлдызды болмағанмен, шетелдіктердің де, отандық туристердің де көңілінен шығатындай етіп жабдықталмақ. «Travel Club Kazakhstanның” кәсіби мамандардан құралған ұйымшыл командасы  әлемдік стандарттарға сай сапалы қызмет көрсету үшін бір мақсатқа жұмылып отыр.  
Бастысы – қонақтарды әлемге аты әйгілі Байқоңыр айлағының, түркі әлеміне етене таныс «Қорқыт ата» кешенінің, Жібек жолы бойындағы ескі қалалардың құндылықтарына қызықтыру. Бір ғана Байқоңырдағы Халықаралық космонавтика мектебін, Ғарыш музейін, Гагарин мен Королевтің мемориалдық үйлерін  көруге ынталылар көп. Бағдарлама бойынша ұшатын дрондарды жинау және түнгі далада ұшыру қарастырылған. Балық аулауға әуестігі бар туристерге Сырдарияның байлығын көрсету де ойда бар.  
– Жаз шыға бере қонақүй жанына 3 алты қанатты, 1 сегіз қанатты – барлығы 4 киіз үй тігеміз. Туристерге қазақтың ұлттық тағамдарының қалай әзірленетінін көрсеткіміз келеді. Сонымен бірге, ұлттық аспаптар, әшекей бұйымдар жасайтын шеберлерді шақырамыз. Олар бұрын біздің бұйымдарымызды көрмелерде дайын күйінде ғана көрсе, енді қалай жасалатынымен танысады, – дейді Марлен Жәрімбетов.
Кез келген туристік сапардың көңіл көтеру бағдарламасы ерекше етіп түзілсе, ұтымды ұйымдастырудың пайдасын қос тарап та көреді. Ол үшін туристерді не қызықтыратынына зерттеу жүргізілді. Жолға жиналған турист ең алдымен баратын нысаны туралы жағымды пікірлерге, ауа райына, онда кездесетін тылсым құбылыстар мен ғажайыптар туралы аңыздарға назар аударады. Өз елінде жоқ ерекше жағдайларды есепке алады. Мәселен, ен  далада атқа шауып, түйеге міну шетелдік түгілі, шағын қаланың тұрғыны үшін де экзотика болып тұр. Дубайға сапар шеккендер шағыл құмда көлік айдап, түйемен серуендегенде керемет адреналин алғандарын айтып жатады емес пе?   Арабтар сияқты туристерге қызмет көрсету үшін бізде бәрі бар. Осы артықшылықтарды ескеріп, үлестіруші табылса, істің дөңгеленіп кететіні көрініп тұр. 
Компанияның жақын бола¬шақтағы даму бағдарламасында турист алмасу жоспары да бар. Ол үшін арнайы маршруттар әзірленуде. Қазірдің өзінде латвиялық туристерден, шетелдерде тұратын қандас ағайындардан сұраныс түсіп жатыр. Отандық туризмнің өркендеуіне атсалысып, алыс-жақынның арасына дәнекер болуды көздеген жобаның болашағын уақыт көрсетеді. Әзірге сәттілік тілейік.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз