ТАЛПЫНЫС ТАБЫСҚА БАСТАДЫ

123

0

   Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен өткен «Нұрлы жүрек» I облыстық қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар форумында Жалағаш ауданынан кәсіпкер Бибігүл Сейітова облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. 

  Расында, кәсіпкер келіншек қандай да бір қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Ол соңғы үш-төрт жылдың көлемінде ол 2 млн теңгеден астам қаржысын қайырымдылық шараларына жұмсаған екен. Сондай-ақ, іскер жанның аудан орталығынан ашқан екі бірдей «Ақниет» сауда дүкені 17 жылдан бері азық-түлік және тұрмыстық бұйымдарды  тұрғындарға қолайлы бағада ұсынып отыр. Айталық, әрбір отбасына аса қажетті азықтың бірі – ұн болса, кәсіпкер Қарағанды қаласындағы «Дамир» АҚ-нан  барлық сұрыпты ұнды делдалсыз тасымалдайды. Сондықтан ауданда ұнның бағасы тұрақты әрі қолжетімді. Жалпы, барлық азық-түлік өнімдерін кәсіпкер өз күшімен тасымалдайтын болғандықтан, мұндағы баға базар нарқынан біршама төмен. Оның бір артықшылығы, әкелінген өнім дүкен сөресінде сіресіп тұрмайды, сол мезетте сапалы күйінде сатылып жатады. Әлбетте, сапалы тауарға сұраныс та жоғары.

Ауданға белгілі кәсіпкер Бибігүлдің негізгі мамандығы мұғалім екенін көпшілік біле бермейді. Иә, ол жасында мұғалім болуды армандаған еді. Шығармашылық ізденіспен еңбек етіп, шәкірт тәрбиелесем дейтін. Ол арманы орындалды. Аудан орталығындағы қазіргі Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі ретінде 10 жылдан астам ұстаздық еңбек етті. Білікті мұғалімдердің бірі болды. Алайда, өмірдің ағымына, нарықтың талабына сай арманын мақсатымен ұштастыра білген келіншек кәсіпке бет бұрды.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қаржылық дағдарыс қай-қайсымыздың да есімізде болса керек. Басқасын айтпағанда, бюджет саласы қызметкерлерінің өзі ай сайынғы еңбекақысына әзер қол жеткізетін. Сол уақытта Бибігүл де ел қатарлы еңбек етіп, айлықтан айлыққа күнелтіп жүрді. Дегенмен, ерік-жігері мықты келіншек еңбекақыны қанағат тұтып отыра алмады. Қосымша табыс тауып, тұрмысын түзеуге талпынды. Азын-аулақ қаражат жинап, 2000 жылы «Ақниет» азық-түлік дүкенін ашты. Ауданда алғашқылардың бірі болып кәсіп тізгінін ұстады. Соның нәтижесінде, жылдан-жылға жағдайы жақсара түсті. Тірлігі алға басып, тұрмысы да түзелгендей. Осыдан соң ол табыс көлемін, тауар айналымын тұрақты қадағалап, кәсібін кеңейтуді ұйғарды. Сонымен, 2014-2015 жылдары «Ақниет» сауда орталығын ашты. Қазіргі таңда кәсіпкер 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Соңғы 5-6 жыл бедерінде ауданда жеке сектор бойынша құрылыс қарқын алып келеді. Осыны ойға алған кәсіпкер бүгінде құрылыс заттарын да қолайлы бағада жеткізіп беріп отыр. Иә, бір сөзбен айтқанда, Б.Сейітова талпынысымен табысқа жетіп, кәсіптің көзін тапқан жан. Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасын» және бірнеше мерекелік медальдарды иеленді.

 Өмірлік жолдасы Базарбай Құлшыбековпен төрт бала тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосып, олардан алты немере сүйіп отырған бақытты отбасының бірі. Болашағына батыл таңдау жасаған бұл отбасының сенімді қадамы мен серпінді тірлігі осындай игілікті толыстырып отыр.

                                                                               

        Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                                                            «Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз