ТАЛСУАТҚА ГАЗ КЕЛДІ

53

0

ТАЛСУАТҚА ГАЗ КЕЛДІТалсуаттықтар көгілдір
отынның игілігін көре бастады. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов пен
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеше қала іргесіндегі ауылға барып,
газ жүйесін іске қосты.

Жергілікті билік ауыл халқын мазалаған мәселені жыл
соңына дейін шешіп беруге уәде еткен еді. Уәдеде тұрып, Жаңа жыл мерекесіне
сүбелі тарту жасады. Елді мекенді және осындағы үш әлеуметтік нысанды
газдандыруға облыстық бюджеттен 271,2 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде 31,5
шақырым газ құбыры тартылып, 500-ге жуық отбасы от жағып, күл шығару азабынан
құтылды.

Тұрғындардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің
орынбасары С.Сүлейменов бүгінде облыс халқының 63 пайызы табиғи газ пайдаланып
отырғанын жеткізді. Елбасының қолдауымен басталған стратегиялық маңызға ие
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» ма­гистральды газ құбырының Сыр елінің үстімен өтуі
облысты газдандыруға мүмкіндік берді. Жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын
ауқымды жобаның арқасында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының
орталықтарында 10 мыңнан астам тұрғын үй көгілдір отынның игілігін көруде.
Қазіргі күні Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының орталықтарын газға қосу
бағытында тиісті келіссөздер жүргізілуде. Ал 2014-2015 жылдары «Өңірлерді
дамыту-2020» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кенті мен
Қызылжарма ауылы толықтай көгілдір отынмен қамтылды.

Жаңа жыл алдында талсуаттықтар да осындай қуанышқа
кенелді. Салтанатты шара барысында қала әкімі Н.Нәлібаев:

– Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер
«СМП-Қызылорда» және жобалаушы «Жоба» серіктестігіне ауыл тұрғындарының атынан
рахметімізді айтамыз. Бұл – ел тәуелсіздігінің арқасында қолға алынған тың
бастамалар мен халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалардың
мәуелі жемісі, – дей келе, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Келер жылы көгілдір отынды Белкөлге жеткізу
жоспарланып отыр. Кентті толығымен газдандыруға облыстық бюджеттен 379 млн
теңге бөлінді.

 

Назерке САНИЯЗОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз