ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТУЫСТЫҚ

54

0

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТУЫСТЫҚСейсенбі күні
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Иран Ислам Республикасының
президенті Хасан Руханимен кездесті.

Шағын құрамдағы келіссөздер барысында
қазақ-иран өзара ықпалдастығын бұдан әрі дамыту мен нығайтудың негізгі жолдары
мен тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, экономика, энергетика,
инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы
ынтымақтастық мәселелері қозғалды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен
Хасан Рухани өзекті халықаралық тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.

Ел Президенті Қазақстан мен Иранның
арасындағы қарым-қатынастар әрдайым тұрақты дамып келгенін және бүгінгі таңда
бұл ынтымақтастықтың дамуына қажетті зор әлеует бар екенін айтты.

Иран Президенті Х.Рухани өз кезегінде
Иран тарапының Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға баса мән беретінін атап
өтті.

Тараптардың кеңейтілген құрамдағы
кездесуі кезінде Мемлекет басшысы Қазақстанның Иран Ислам Республикасын
әлемдегі ғана емес, Каспий өңірі бойынша да маңызды серіктес ретінде
қарастыратынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Иранның ядролық
мәселесінің де шешімін табатынына және осы елдің экономикасының дамуына
септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Иран
Президентінің мемлекеттік сапары мен осы сапар аясында жоспарланған
Қазақстан-Иран бизнес форумы екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты
жаңа сапаға көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.

– Елдеріміздің арасындағы тауар
айналымының шамалы төмендегеніне қарамастан, өзара экономикалық
ынтымақтастықтың қазіргі көрсеткіштері жаман емес. Екіжақты сауда-экономикалық
ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан-Иран сауда үйін ашуды ұсынамын, –
деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Хасан Рухани Иран Ислам
Республикасы Қазақстанмен қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі екенін, бұны иран
делегациясының құрамында жеке бизнес өкілдерінің болуы айғақтай түсетінін
айтты.

Осыдан кейін қос ел басшысы бірлескен
баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан
Назарбаев елімізге алғашқы сапары үшін Х.Руханиға ризашылығын білдірді.

– Екі ел арасындағы достық пен
ынтымақтастықты нығайту үшін Сіздің бұл сапарыңыздың маңызы өте зор. Иран –
әлемдегі аса ірі және маңызды әріптесіміз әрі Каспий жағалауындағы тату
көршіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жүргізілген
келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар нақты мәселелері
талқыланғанын айтты.

– Біз жол картасына қатысты
басымдықтарды айқындап, тиісті тапсырмалар бердік. Сапар аясында қол қойылған
құжаттар тау-кен өндірісі, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ ғылыми
зерттеулер мен жаңа технологиялар саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды
қамтиды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы екі елдің
өзара ықпалдастығының негізгі бағыттары туралы әңгімеледі.

– Біз Иран кәсіпкерлерін Қазақстанның
ауыл шаруашы­лығындағы жобаларын жүзеге асыруға қатысуға шақырамыз. Олардың
тарапынан қазірдің өзінде қызығушылық бар. Тағы бір маңызды мәселе –
көлік-транзит саласын дамыту жайы. Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы
теміржолдың ашылуына байланысты біздің
еліміздің бидай экспортының көлемі 5 есе ұлғаятын болады. Сондай-ақ бұл қатынас
жолы 10 миллион тонна жүк жеткізуге мүмкіндік тудырады. Осы жол арқылы Иран –
Ресей мен Қытай нарықтарына, ал біздің еліміз өз кезегінде Парсы шығанағындағы
барлық мемлекеттерге шығуға мүмкіндік алады. Биылғы қараша айының басында
ашылуы жоспарланып отырған осы магистраль екіжақты және өңірлік
сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге зор серпін береді, –
деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев салынып бітуге
таяған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің артықшылықтарын да Иранның
пайдалана алатынын, оның бұл елге Қазақстан арқылы Қытай мен Ресей нарықтарына
шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесулер аясында
бірқатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір
алмасылғанын айтты. Атап айтқанда, Ирактағы, Сириядағы, Израиль мен
Палестинадағы ахуал, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі бойынша
мемлекеттер «алтылығы» мен Иран арасындағы келіссөздер үдерісі сөз болды. Соған
орай Қазақстан Президенті Иранға қатысты санкциялардың алынып тасталуы Иран
халқының әл-ауқатының артуымен қатар, осы елдің экономикасы мен саудасының
ұлғаюына да оң ықпалын тигізеріне сенім білдірді. Мемлекет басшысы біздің еліміз осындай келіссөздер жүргізу
үшін тағы да қажетті алаңды ұсынуға дайын екенін білдірді.

Қазақстан Президенті еліміздің
халықаралық бастамаларын Иран тарапының қолдауы маңызды екенін де айтып, кең
құрамды Иран делегациясының сапары және қол қойылған құжаттар екі елдің өзара
қарым-қатынастарын мүлде жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіндігіне сенім
білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханиға
және бүкіл Иран халқына табыс тіледі.

Иран Президенті Х.Рухани өз кезегінде
Қазақстанға шақырғаны үшін Елбасына алғысын айтты.

Кездесу аясында қос ел президенттері
Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысып, экономикалық байланысты тереңдету
мәселесін талқылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз