ТАРИХИ ОРЫНҒА БАЙ ӨЛКЕ

654

0

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт тарихын игеру үшін әуелі туған өлке тарихын білу керектігін айтқан болатын. Қазіргі таңда осыған байланысты көптеген жұмыстар жүріп, аймақта «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында туған жердің мәдениеті мен өнегелік құндылықтары дәріптеліп жатыр. Сыр елінің тарихы терең, қойнауы сырға толы бай өңір екенін айтуға болады. Олай дейтініміз, өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей тарихи және мәдени орындар жетерлік. Сондай елді мекеннің бірі – Шаған ауылы. Бес мыңға жуық тұрғыны бар ауылының да әр төбесінде айтылмаған сыр көп.
Менің кіндік қаным тамған ауылым – Сырдария ауданындағы Шаған ауылы тоғыз жолдың торабы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан. Елді мекен 1928 жылы құрылған. Оның жер көлемі – 29 984 гектар. Ауылдың облыс орталығынан қашықтығы – 60 шақырым болса, аудан орталығынан 20 шақырым. Халықтың көптен күткен арманы – көпір құрылысы аяқталып, қолданысқа берілгелі тұрғындардың аудан орталығына қатынауы қалыпқа түсті. Жергілікті ақындар «Ақ Шағаным» деп жыр шумақтарын арнаған ауыл Сырдария ауданындағы халық көп шоғырланған мекен. Бұл жерден айтулы ақындар да, қол бастаған батырлар да шыққан.
Сұлу Сырдың бойында орналасқан елді мекен көптеген тарихи оқиғаларға куә болып, осы жерде Қоқан билігі мен қазақтар арасында қақтығыстар орын алған. ХҮІІІ ғасырда Қоқан хандығы құрылып, Сырдария өзені бойын жайлады. Осы төңіректе бекіністер салып, қоқандықтар билігі нығая бастады. Қазақтармен тайталас күшейіп, өз билігін жүргізген болатын. Міне, сол кездерден бүгінге жеткен қорған-қалашықтар Шаған ауылының төңірегінде аз емес.
Елді мекен аумағында Үлкен асар, Кіші асар, Күміс қорған қалашықтарының орны бар. Кезінде совхозда бригадир болып қызмет атқарған Рамазан Аханұлы шаруашылық адамдарымен бірге осы жерлерде күріш еккен. Ол кісі бізге алдымен Кіші асар қалашығы туралы баяндады. «Ауылдың солтүстік-батыс беткейінде 5-6 шақырымда орналасқан қалашық б.э.д. ІҮ-І ғасырларды қамтиды. Қалашық археологиялық ескерткіш қатарына жатады. Аудан орталығынан 18 шақырымда тұр. Төбенің диаметрі – 30 метр. Оңтүстік жағынан кіретін қақпа бар тәрізді». Жолсерік болған зейнеткер ағамыз бұл төбелер қолмен үйілгендігін айтты.
– Бұл әдейі үйілген. Жаугершілік заманда жаудың тұтқиылдан шабуылын үлкен бекіністерге жеткізіп, әскердің дайын болуы үшін белгі беру керек болған. Осы мақсатта дария бойында топырақтан төбе жасап немесе қорғандар тұрғызылып, сол арқылы бір-біріне белгі берілген. Төбенің ортасына отынды жинап қойған. Мұндай асарлар осы жерде ғана емес, Қармақшыдан әрі асып кете береді, деген Рамазан аға төбе айналасы тегістегелгенде адамдардың сүйектері табылғандығын жеткізді.
Кіші асар қалашығы мен Үлкен асар екеуінің арасы 2-3 шақырым. Бірақ төте жол жоқ. Шіркейлі каналынан күріштікке су келетін канал бойымен жағалап, айналма жолмен жеттік. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің сол жағындағы Үлкен асар қалашығы да Кіші асар қалашығымен бір уақытты қамтиды. Бірақ Кіші асардан биік. Кезінде төбе үйілгенде айнала ор қазылып, қорғанмен қоршалған болу керек. Қалашықта әскер ұсталған деседі.
– Негізінде, осы екі асарда да әскер ұстаған. Бір-біріне жақын орналасқан. Айналасында елді мекендер де болған, – деді Рамазан аға. – Біз егемендік алғанша бұлардың тарихын зерттеуге мүмкіндік болмады. Мұның бойында көптеген қақтығыстар болған. Жоңғар шапқыншылығы орын алды, 1220-1221 жылдары Шыңғыс хан осының үстімен басып өтті. Одан қалды Қоқан хандығы өз билігін жүргізді. Міне, осындай тарихқа куә болған асарларға археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізсе, көптеген құнды жәдігерлерді тауып, мәліметтерге қанық болар едік, – деді.
Мұнан бөлек Күміс асар қалашығы бар. Мұны Күмісқорған деп те атайды. Шаған ауылы мен Ақжарма ауылының шекарасында, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы Іңкәрдария елді мекеніне бұрылыста орналасқан. Шаған ауылынан 8 шақырым жерде тұр. Бұл осы аумақтағы асарлардың орталығы болған. Оның уақыты ескерткіш тақтада «І-ҮІ-ІҮ ғасырлар», ескісінде «орта ғасырда салынған» деп тұр. Ал аудандық мәдениет бөлімінің мәліметінде б.д.д. VІ-І ғасырларды қамтиды делінген. Енді Шіркейлі каналының жағасындағы қорғанды зерттеушілер «қоқандықтардың қорғаны» 1818 жылы салынған» дейді.
Этнограф-ғалым Тынышбек Дайрабай «Сыр перзенттері» кітабында «Күмісқорған – қоқандықтар қорғаны. Қоқандықтар мен хиуалықтар шекарасында 1818 жылы салынған. Күмісқорған қалдығы Сырдария (Тереңөзек) ауданының Ақжарма мен Шаған ауылының шекарасында Шіркейлі каналының жағасында сақталған. Қалашық төртбұрышты квадрат әдісімен салынған. Биіктігі 3-5 метр, кейбір жерлері 4,5 метрге жетеді. Күмісқорғанның аумағы 35х35 метр. Айналасында қарауыл мұнаралары болған. Мұнда зеңбіректері бар қарулы әскер тұрған. Күмісқорған-Ақмешіт пен Қуаңдария арасындағы қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған. Қорғандағы билік басындағылар елден құшыр, зекет жинап және әрбір отбасынан 1,5 теңге күміс ақша түтін пұл салығын алып тұрған. Қорғанның Күмісқорған аталуы туралы түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Соның бірі зорлықпен келген Күміс атты қазақ қызының ауылдастарына көмегі айтылады. Қорғанды Бұқарбай, Тоғанас, Түлкібай батырлар шапқан. 1852 жылдың 8 тамызында орыс армиясының полковнигі И.Ф.Бларамберг Күмісқорғанды басып алады. Оған қазақтар да көмектескен. Бұл жайлы полковниктің «Естеліктер» атты кітабында жан-жақты айтылады» деп мәлімет берген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек те өзінің «Ел қорғаны – Түлкібай батыр және Сыр бойындағы Алаша руының батырлары» атты зерттеу мақаласында да Күмісқорғанның 1818 жылы салынғанын растайды.
Қорған этнограф ғалым анықтама бергендей, шаршы пішінді. Оның аумағы сол 35-40 метр шамасында. Солтүстік бөлігінде цитадель орналасқан және кешенді айнала бекініс қамалы қоршап жатыр. Цитадельдің сақталған биіктігі 5 метр. Оның құрылысына саз пайдаланылған. Қамалдың сыртынан айнала ор қазылған. Қорғанның солтүстік-батыс бұрышында «Осы Күмісқорғанда Түлкібай Жаңатайұлы Қоқан бегі Ниязбектің қазақ намысын таптағаны үшін 1853 жылы басын алған» деген жазумен белгі қойылған. Мұны сұрағанымызда Рамазан аға «Біздің бала кезімізде Шағанның батысындағы 211 деген жерде малшылар отырды. Міне, сол шақта біз осы Күмісқорғанның айналасында ойнап жүретінбіз. Ол кезде қорған қақпасының слемі бар еді. Қазір көміліп қалыпты. Әйтеуір, «Алашадан шыққан батыр Қоқан бегін өлтірген» деген аңыз-әңгімені үлкендерден естігенім бар» – деді.
Қазақтың батыры туралы Бақытжан Ахметбек жоғарыда аталған мақалада: «Түлкібай батыр Жаңатайұлы қазіргі Сырдария ауданы жерінде ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Батырдың бейіті осы жерде. Түлкібай Жаңатайұлы батырлығымен қоса елін билеген білікті би болған тарихи тұлға. Елі мен жерінің азаттығы үшін Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншыларымен күрескен.
Түлкібай батыр қоқандықтардың осы Күмісқорған қорғанының бегі Ниязға қарсы қол бастайды. Көмекке жерлестері, Сыр бойының батырлары Шөмекейдің батыры Тоғанас Бәйтікұлы мен Табынның батыры Бұқарбай Естекбайұлын (1812–1898) шақырады. Осы уақыттары Күмісқорған бекінісінің ішінде ме, бекіністің маңайында ма аударыспақ сайысы өткізіліп жатады. Аударыспақ сайысы – қазақ халқының ХІХ ғасырдағы жекпе-жек спорт түрлерінің бірі. Міне, осы аударыспақ сайысында қазақтың Түлкібай батыры Күмісқорған қорғанының иесі, қоқандық Нияз бекпен сайысқа түседі. Түлкібай батыр Нияз бекті атынан аударып құлатып, оның атын алады, яғни Түлкібай батыр сайыста жеңіске жетеді.
Зерттеу жұмыстары кезінде Қызылорда облыстық архивінің №885 қорының 2 тіркеу, 1-ші іс құжатында Түлкібай батырдың қазасы туралы мынандай мәлімет табылды. Орынбор генерал-губернаторына 1853 жылдың 13 шілдесінде генерал-майор Ладыженскийдің жіберген хатында: «1853 жылы мамыр айында 2000 шаңырақ қазақтар Шеңгел шатқалына бара жатқан кезінде Сырдария бойындағы Киіктөбе шатқалында қарақалпақ биі Лепес 300 қоқандықтармен аяқ астынан шабуыл жасайды. Қоқандықтармен болған ұрыста Алаша руының биі Түлкібай Жаңатаев қазаға ұшырайды. Қоқандықтар 500 шаңырақ қазақты өзімен бірге, Ақмешітке апарып, олардың аттарын және басқа да малдарын тартып алып, өздерін Көкжиде шатқалына жібереді» – деп жазған. Есіл Ер Түлкібай батыр елі үшін, жері үшін қоқандықтармен болған ұрыста жау қолынан қаза болады. Түлкібай батырдың артында Бәймен атты ұлы қалады. Бәйменнен Оспан, одан Иманғали, одан Сапар дүниеге келеді. Қазіргі уақытта Түлкібай батырдың ұрпақтары Сыр өңірінде, Алматы қаласында тұрып жатыр, – деп жазады.
85 жастағы ауыл ақсақалы Сақтаған Есжанұлы Ер Түлкібай туралы ел аузында жүрген аңыз-әңгімені айтып берді. «Күмісқорған Қоқан хандығының нағыз орталығы болған. Қоқан билігі кезінде олар қазақтарға тыныштық бермеген. Салық салып отырған. Қазаққа билігін жүргізіп отырғаннан кейін Күмісқорғанның бегі Нияз күн сайын қазақтың қаракөз қызы мен бір қойды әкеліп беруді талап етеді. Бұдан халық әбден азар көреді. Оң жағында отырған қызды жатқа кім қиған. Осыған ыза болған Түлкібай қылышын ішіне тығып, қызша киініп, Күмісқорғанға барады. Барғаннан соң қоқандық бекті өлтіріп, сарбаздарын да талқандайды».
Сыр бойында Түлкібай батырдың замандасы Алаша Ботабайұлы Тұрлы батыр әрі мергеннің есімі елге таныс болған. Бұл кісі 1834–1875 жылдары өмір сүрген. Тұрлы батыр Сырдария ауданы, Шаған ауылы маңайында өмір сүрген. Батырдың бейіті Айдабол деген жерде. Белгісі бар.
Тұрлы батыр асқан мерген болған. Қасындағы серігі Дербіс Тілеубайдың әкесі екеуі 5–6 түйемен Қарақұмнан киік, құлан аулап, елді асырап отырған. Үстеріне киік терісін киеді екен. Тұрлының әкесі Ботабай қазіргі Батыс Қазақстан облысында ХІХ ғасырда өмір сүрген. Бейіті де сол жақта. Ботабайдан – Әйтеке, Болат, Қоғаш, Қозғамбай, Тұрлы батыр, Тиянақ, Тоғанақ, Толыбек туады. Тұрлы өте қайратты кісі екен. Құдыққа түскен түйені батыр тартып шығарған екен. Найманның бір байы сол құдықты «Тұрлының шеген құдығы» ататқан көрінеді. Тұрлы – құдық. Қазіргі Қарағанды облысы, Арал Қарақұмының шығысында, Қалмаққырған өзенінің бойында, Ұлытау ауданында орналасқан. Қарақұмда құлан суға құлағанда ататын орны болған, сол жерді «Тұрлының қара суы» деп атаған. Ал, енді Тоғанақ, Толыбек деген інілері Араб елінде оқып жүріп, Сыр еліне қайтып келе жатқанда, жолда қарақшылардың қолынан қаза болады. 1875 жылы Тұрлы батыр Сыр бойында жолбарыспен алысқанда, бас бармағын шайнатып алып, содан жарақаты асқынып, Бұқарадан қайтып келе жатқанда жолда қайтыс болған. «Қырық күн аманат» деп шілде айында жолда жерлеп, кейін денесін былғарыға тігіп, сап-сары мейіздей болып жатқан денесін, «Айдаболға» әкеліп, жерлейді. Тұрлы мерген 41 жасында дүниеден өтеді.
Жалпы, осы тарихи жерлерге зерттеу жұмыстары жүргізілсе, көптеген мағлұматтар алатынымыз анық. Көнеден қалған құнды жәдігерлердің де табылатыны белгілі. Соның нәтижесінде, халық тарихы түзеліп, рухани қазынамыздың толығатыны да сөзсіз. Бұл жастар үшін әсте керек.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз