Тарихи тауар

209

0

Тарихи тауарБүкіләлемдік көрмелер немесе ЭКСПО  1851 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында көрменің танымалдылығы әлемді шарлап кетті. Сарапшылардың есептеуінше, Лондондағы алғашқы көрмеден бері ЭКСПО-ға бүкіл әлемнен миллиардтан аса адам көруге келген. Осы арқылы жұртшылықты техника жаңалықтарын бірінші болып тамашалау мүмкіндігі қызықтырды. Ал, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» бізді қандай жаңа техникалық озық дүниесімен баурайды?
Әзірше бұрынғыдан бүгінге дейін елді елеңдеткен 10 жаңалықты еске түсіріп көрейік.

ТЕЛЕФОН
Тұңғыш телефон аппараты 1876 жылы Филадельфиядағы Бүкіләлемдік көрмені таңқалдырған дүниеге айналды. Өнертапқыш Александр Белл «сөйлейтін телеграф» қалай жұмыс жасайтынын көрсетті. Өнертапқыштың басқа бөлмеде тұрып дат ханзадасының «Болу, я болмау» деген монологын оқығанын телефон тұтқасынан естіген кезде, көрменің қазылар алқасының таңданысында шек болмады.

ФОНОГРАФ
1878 жылы Париждегі Бүкіләлемдік көрме кезінде фонографты (дыбысты жазуға және жаңғыртуға арналған құрылғы) таныстырғаннан кейін, оны ойлап тапқан Томас Эдисон үлкен танымалдылыққа ие болды. Көптеген көрерменге фонографтың адам даусын қайталауы таңғажайып сиқырдай көрінді, сөйтіп Эдисонға «Менло Парктың сиқыршысы» деген ат тағылды. Кейінірек фонограф идеясы граммофон, патефон және тіпті, магнитофонда қолданыс тапты.

ШОЛУ ДӨҢГЕЛЕГІ
Тұңғыш айналаны шолу дөңгелегі 1893 жылы Чикагода өткен Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Атағы жер жарған аттракционды Кіші Джордж Вашингтон Гейл Феррис жобалап шыққан. Дөңгелектің биіктігі 80 метрден асатын, ал оның салмағы 2 мың тоннаға дейін жететін. Американдықтар оны осының алдында Парижде өткен Бүкіләлемдік көрмеге орай салынған Эйфель мұнарасына жауап ретінде ойлап тапты.

СЫДЫРМА ІЛГЕК
Алғашқы сыдырма ілгек аяқ киімге арналған болатын. Оны 1893 жылы Чикагодағы Бүкіләлемдік көрмеде Уитком Лео Джадсон көрсетті. Ілгектің түрі қазіргі нұсқасына қарағанда өзгеше болатын: оның бір қапталында ілгек, екінші жағында «кілт-тілшік» көмегімен ілінетін ілмек қатары болатын. Джадсонның өнертабысы аяқ киімді түймелеуді айтарлықтай тездететін, сондықтан ол осындай атауға ие болды. Алғашқыда жаңа өнертабыс  бірден көпшіліктің көңілінен шыға қойған жоқ, өйткені, оны пайдалану үшін екі бетті алатын нұсқаулықты оқу керек болатын. Тек 20 жылдан кейін ғана ол ел сұранысын арттырды.

РЕНТГЕН АППАРАТЫ
Жұртшылыққа рентген сәулесінің қасиеті 1901 жылы Буффалодағы Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Бұл өнертабыс АҚШ президенті Уильям Мак-Кинлидің өмірін сақтап қалар ма еді? Көрме кезінде ол ауыр жарақат алды, себебі, президентке оқ атылды. Дәрігерлер оның денесінен оқты табу үшін рентгенді пайдалануына болар еді, алайда, олар бұдан бас тартты. 8 күннен кейін Мак-Кинли  көз жұмды. Бірақ, кейінірек рентген аппараты медицинада кең қолданысқа ие болды.

БАЛМҰЗДАҚҚА АРНАЛҒАН СТАҚАН
Балмұздаққа арнап, жеуге жарамды етілген стақан 1904 жылы Сент-Луистегі Бүкіләлемдік көрме кезінде таныстырылды. Бұған дейін балмұздақты тек қағаздан жасалған стақанда сататын. Вафлиден жасалған қауыз бен балмұздақты бірге үйлестіру көрмеге келушілердің көңілінен шыққаны соншалықты, балмұздақтар дереу сатылып кетті. Алғашқыда вафли  стақандар қолдан жасалынатын, тек 1921 жылы ғана балмұздақ қауызын жасауға арналған машина пайда болды.

НЕЙЛОН
Кез-келген матаны берік әрі созылғыш ететін жаңа синтетикалық материал – нейлонның таныстырылымы 1939 жылы Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік көрмеде өтті. Жаңалықты «Дюпон» химиялық компаниясы таныстырды. Көрмеде өте күшті жарнама өткізілді: нейлоннан жасалынған шұлықтар төңкеріс жасаған киім ретінде танылды. Бұл өнертабыс әйелдер жағынан тез өз бағасын тапты – нейлоннан жасалған бұйымдардың сатылымы күннен-күнге артты.

ТЕЛЕХАБАР ТАРАТУ
1939 жылы Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік көрменің көрерменін тікелей эфирде телехабар тарату қатты таңдандырды. Өйткені теледидар әлі таңсық дүние еді. Көрме өтіп жатқан уақытта АҚШ президенті Франклин Рузвельттің ЭКСПО-ны ашып жатқанын тікелей эфирде көрсетті. Көрмеге келушілерді теледидардың техникалық ерекшелігі айрықша әсерде қалдырды.

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН
Тұңғыш ұялы телефонның алғашқы нұсқасы 1970 жылы Жапонияның Осака қаласындағы Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Бұл нағыз төңкеріс болатын! Ешбір қондырғыға қосылмай-ақ жұмыс жасамайтын телефон Осакадағы таныстырылымнан кейін бірнеше жылдан кейін-ақ қолданысқа шықты. Қазіргі ұялы телефондармен салыстырғанда олардың пішіні үлкен және ыңғайсыз болатын.

СЕНСОРЛЫҚ ЭКРАН
Саусақтың басқанын сезетін экран алғашқы рет жұртшылыққа 1982 жылы Ноксвилдегі Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Көрмеге келген әрбір адам сенсорлық экранды жеке өзі пайдаланып, байқап көре алды. 30 жылдан кейін бұл өнертабыс өте танымал бола бастады.
Жалпы, ЭКСПО-да осындай мыңдаған өнертабыс таныстырылады.  Бізге белгілі болғандай, Sіnger тігін машинасы, дизель моторы, электр розеткасы, Попов радиосы, Люмьер ағайындыларының киноқондырғысы, Ладыгиннің қыздыру шамы, алғашқы сериялық теледидар, ІMAX жүйесі және тіпті, ІBM компьютерлері де көрмеде таныстырылған. Енді «ЭКСПО-2017» көрмесінен де осындай озық технология өнімін күтеміз.
Басқа басылымдардан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз