ТАС-ТҮЙІН ДАЙЫНДЫҚ ТАСҚЫНҒА ТӨТЕП БЕРДІ

125

0

ТАС-ТҮЙІН ДАЙЫНДЫҚ ТАСҚЫНҒА ТӨТЕП БЕРДІБейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көктемгі сең жүру кезеңі бойынша мәжіліс өткізді.
Бүгінгі таңда дария суының арнасынан асу қаупі сейілді. Сондай-ақ, оңтүстік аудандарда таудан ағар қарғын су қатер төндірмейді деуге әбден болады. Әрине, сең жүру кезінде Қазалы ауданында бірнеше шаруа қожалықтары мал шығынына душар болды. Қазіргі сәтте шығынның орнын толтыру мен сең сөккен арналарды қалпына келтіруге дайындық жұмыстары басталып кетті. Жалпы, биылғы көктемде қызыл суға тас-түйін дайындық жасалды. Келер жылға дейін де атқарылар істер қатары қалың. Біз енді осы мәселелерді тарқатып айтсақ…
Аймақ басшысы жиындағы кіріспе сөзінде тілсіз жаудың алдын алу жұмыстары биыл тыңғылықты ұйымдастырылғанын алға тартты. Қажет кезде арнайы техникалар мен адам күштерін жұмылдыра отырып, халық алдындағы міндеттерін абыроймен атқарған жандарға өз ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, аймақ басшысы қиын сәтте үлгілі еңбегімен ерекшеленген бірнеше азаматты облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Олардың қатарында ұстаз, көлік жүргізуші, кәсіпкер, мекеме басшылары, тағы басқалар болды.  
Биыл өңірдің оңтүстік аудандарында дарияда мұз қатпады, есесіне солтүстік аудандарда мұздың қалыңдығы 20-55 см аралығында болды. Ал, өзен арнасындағы мұздың жүруі наурыз айының басында басталды. Дегенмен, салқын күнде баяу қозғалған сең біршама қиындық туындатты. Жиында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов тасқынға қарсы атқарылған жұмыстар турасында баяндама жасады. 
Басқарма басшысының айтуынша, облыстық бюджеттен жыл басында бөлінген 53 млн теңге қаржыға аса қауіпті жағдайда тұрған Сырдария өзенінің үш учаскесіндегі қорғаныс бөгеттері қалпына келтірілген. Су басу қаупінің болмауына осы жұмыстар бірден-бір себеп. Сонымен қатар, Сырдария ауданында ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері жөнделген. Әрине, мәселе тудырған жағдайлар кездесті. Айталық, желтоқсан айында Далдабай елді мекені тұсында мұз кептелісі салдарынан су деңгейі көтеріліп, «Жалағаш-Жосалы» тас жолындағы автожол көпірінің 3 метр бөлігі құлады. Сонымен бірге, Қызылорда қаласындағы Талсуат елді мекеніне қарасты «Дружба» және қалаға жақын орналасқан «Ягодка», «Пищевик» саяжайлары тұстарында тірескен мұз құрсау салдарынан қорғаныс бөгеттері сумен шайылған. Бүгінгі таңда сыр берген бөгеттердің осал тұстары нығайтылған.
Көктемнің алғашқы күнінен бастап өзен арнасында мұздың жүруі басталды. Серік Сағитжанұлы мұз көші Қармақшы, Қазалы аудандарында қолайсыз жағдай қалыптастырғанын жеткізді. Нақтылағанда, Қармақшы ауданы Абыла елді мекені тұсында мол судың жайылуы орын алған. Бұл орайда мұз жару жұмыстары жүргізіліп, су қоршауында қалған тұрғындардың төрт түлігі қауіпсіз жерге шығарылыпты. Сонымен қатар, баяндамашы Дүр Оңғар елді мекені тұсындағы қорғаныс бөгеттерінің жырылып кету қаупі төнуіне байланыс¬ты уақытша бөгеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Өкініштісі, Қазалы ауданы шекарасына кірген дариядағы мұз кептелісі «Басықара» су торабында дария деңгейінің көтерілуіне себепші болды. Нәтижесінде, қорғаныс бөгеттері жарылып, алдын ала ескертуді қаперге алмаған шаруа қожалықтарының төрт түлігі шығынға ұшырады. 
– Сең жүру кезеңінде малдарын қауіпсіз жерге көшіру жөнінде ескертілгенімен, Қазалы ауда¬нының Сарыкөл, Құмжиек ауылдық округтеріне қарасты  су басу аймағында  орналасқан екі шаруа қожалығының  321 бас майда мал, 27 бас ірі қара, барлығы 348 бас малының өлгені анықталды. Қазіргі таңда бұлардың тіркеу базасында есепте бар-жоқтығы жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның 112-нің базада тіркелгені анықталып отыр, – деді Серік Сермағамбетов.
Осыған орай, Қазалы ауданы бойынша 3 ауылдық округтегі елді мекендерге су басу қаупі төнуіне байланысты аудан әкімінің шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Баяндамашы сөзінің соңында   ағымдағы жылы 30 қауіпті учаскені қалпына келтіруге қажетті қаржы 484,9 млн теңгені құрап отырғанын айтты.
Облыс әкімі қалыптасқан жағдайға байланысты Қазалы ауданы әкімі Нәжмадин Шамұратовқа сауал қойды. Аудан әкімі шаруаларға келген шығын заң аясында өтелетінін, өкінішке орай, бұзылған қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру үшін дариядағы су деңгейін төмендетпесе болмайтындығын жеткізді. Аймақ басшысы бұл орайда су мамандарының пікірін тыңдады. Сонан соң, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовке Қазалыдағы жағдаймен танысып, тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Жиында, сонымен қатар, Жаңақорған ауданындағы қарғын судың тасқынына дайындық жайы тыңдалды. Аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысовтың айтуынша, аудандағы тоғандар толықтай су қабылдап болған. Қорғаныс бөгеттері бекем.
Аймақ басшысы мәжіліс соңында күн тәртібіндегі мәселеге орай тиісті тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеделдетуді жүктеді.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз