ТАТУЛЫҚ ТІЛЕГІ

120

0

ТАТУЛЫҚ ТІЛЕГІ«Қарттарым аман-сау жүрші». Әжімді жүз­дерінен мейірім
лебі ескен қариялармен жолыққанда жайсаң жандар ойыңа оралады. Өмірдің небір өткелегін
бастарынан кешірген абыздар отба­сы­ның, қабырғалы қауымы­ның тілекшісі, қорған-панасы
екені анық. Әрі олар ортасына тек ұзақ жасағандығымен ғана емес ғибратты ғұмырымен де қадірменді.
Ақтан батыр ауылының ең қарт тұрғыны, жерлестері ізетпен Асия әже атаған
Васига Саттарқызы дәл осындай жан.

Әжеміз сонау 1929 жылы Татар АСР-ында дүние есігін ашады.
Әкесі Саттар қарапайым жылқышы, анасы Сақыпжамал отбасының қамын күйттеген үй шаруа­сындағы
ана болатын. Қашанда өзінен кейінгі Минися, Расулия есімді сіңілілеріне қамқорлық
танытатын Васига әке-анасына ұдайы қолғабыс жасайтын. Бұлар бақытты еді. Тағдырдың Аухадиновтарға тартар ащы сыйы алда
екен. Аяқ астынан басталған соғыс лаңы отбасына орны толмас қасірет әкелді. Балдан тәтті балалық
шағымен тым ерте қоштасқан Васига өзге қатарластарымен бірге егіс даласынан масақ
терді. Қабырғасы қатпай жатып ұжымшарда еңбек етті. Бұған да шүкірлік қылар еді.
Алайда қайғы бұлты сейілмеді. Алдымен әкесі,
араға бірнеше жыл салып анасы айықпас дерттен бақиға аттанды. Шаңырақтарын жазмыштың
дауылы шайқаған мұңлықтар жанарлары жәудіреп қала берді.

Арада жылдар жылжыды. Көптен күткен Жеңіс күні зарықтыра
жетті. Тұрмыс өз арнасына ауысты. Ел еңсесін тіктей бастады. Өнеркәсіпті қайта қалпына
келтіру және дамыту жобасы қарқын алды. Жолдамамен Қазақстанның Қарағанды деген
қаласына келген бір топ жастардың арасында өрімдей Васига да бар-тұғын. Кеншілер
мекені татар қызы Васига мен Қаланның тағдырын
бір арнаға тоғыстырды. Екеуі шаңырақ көтеріп, отау құрды. Жыл өте тұңғыштары Ермек
жарық ғаламға келді. Сол күзде Қалан жанұясымен
елге оралды. Көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасқан отағасы абыройсыз болған жоқ.
Ал Васига… Қазақы салт-дәстүрге мығым, үлкендерге сәлем салудан жаңылмайтын жас
келін жаңа ортаға тез сіңісті. Бұрынғы Васига есімі ұмытылып Асия келін, онан Асия
апа, кейін Асия әжеге айналды. Атасы Түменбайдың тегіне жазылды. Қалан жол апатынан дүние салғанда Асия отбасының
барша жауапкершілігі өзінің мойнында екенін терең түйсінді. Дегенмен, жасымады.
Қалай да үйелмелі-сүйелмелі перзенттерін қатарға қосуды алдына мақсат қылып қойды.
Кеңшардың қандай ауыр жұмысынан да тартынбады. Адал еңбегімен, маңдай терімен тапқан
табысын балапандарының аузына тосты. Қайсар
ана ақыры барша қиындықтан басым түсті. Тәубе. Құлындары ержетіп, қолтығынан демеді.
Келін түсірді. Немере-шөбере сүйді. Асия – Васига «Күміс алқа» иеленді, «Тыл еңбеккері»
медалін жарқыратып кеудесіне тақты. Әйел бақыты дегеніміз осы шығар.

 

* * *

 

ТАТУЛЫҚ ТІЛЕГІАудан орталығында ал­қалы жиын өткен болатын. Жүздесу барысын­да
сөз кезегі өңінен пара­саттылық лебі ес­кен мектеп мұғаліміне берілді. Қазақша жатық
төгілгенде шынымен сүй­сіндік. Өзге ұлт өкілі дегенді сөйлеу мәне­ріне қарап айта
алмас едіңіз. Тілді қолдану аясында ешбір мін жоқ. Ұл­ты­мыздың мақта­нышы болған
билері­міздің да­на­­лы­ғынан мы­сал келтір­генде кеуде­міз­ді шаттық кернеді.

Бұл Қазалы қаласының тұрғыны Нафиса Жұма еді. Енді кейіпкеріміз
жайлы аз-кем дерекке тоқталсақ. Ол танымал жазушы М.Горький атындағы № 16 орта мектептің
химия-биология пәнінің мұғілімі. Бірінші санатты ұстаз. Отбасында үлгілі ана, қоғамдық
шараларға белсене араласады. Қазақ тілін ерекше құрмет тұтады. Әрі түрлі сайыстарда
топ жарып жүрген білікті маман. Кез келген жанға бұйыра бермейтін «Абай аманаты» төсбелгісінің
иегері. Әрине Нафиса мұндай көрсеткішке оп-оңай қол жеткізген жоқ. Әрбір марапаттың зор еңбек, талмай ізденудің арқасында
келетіні белгілі. Нафиса да биікті осылайша бағындырды.

2007 жыл. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы
өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдің
қолданылу аясын кеңейту, қазақ халқының
салт-дәстүрі, әдет -ғұрпын, өнерін меңгеру деңгейін сараптау мақсатында байқау жариялады.
Сайыстың «Қазақ тілім – қадірім» атты тақырыбы да аса мағыналы болатын. Мемлекеттік тілді ерекше
қастерлейтін әрбір адамды елең еткізетін жайт. Өзін қазақ халқымен біте қайнаған,
бауырым деп санайтын жанның ойланбай атсалысатын жері. Ендеше Нафиса Тайрқызы неге
тартынсын?! Қосылды. Тек қатысып қоймады, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Жеңімпаз
атанды. Жетістік табысқа жол ашты. Халықаралық тілдер мерекесі мен Тәуелсіздігіміздің
20 жылдығы құрметіне орай өткізілген аудандық сайыста бас жүлдені иеленді. Көп ұзамай
ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қазақтың Ақбаяны – Мәдина Ералиева» тақырыбындағы
шұрайлы тілде жасаған баяндамасы көпшілікті
елең еткізді. Аудан әкімдігі қызметкерлерімен
бірге «Жанкент» командасының құрамында сайысқа қатысты. Бөтен болған жоқ. Тағы да
өзінің біліктілігін дәлелдеді. Оғыз мемлекетінің астанасы болған ежелгі шаһардың атына кір келтірмеді.

Нафиса қоғамдық шаралардан тыс өз мамандығының да қыр-сырына
қанық, жаңашыл ұстаз. Мектепішілік«Үздік сабақтар» апталығында интерактивті әдістерді
терең меңгеріп көзге түсті. «Ең үздік биология пәні мұғалімі» аталымының және өзге
де мадақтамалардың иегері. Қаламы әжептәуір төселген жазуға құштар дағдысы тағы
бар. Мақалалары жергілікті, облыстық басылым беттерінде жарияланып тұрады.

«Шәкіртсіз – ұстаз тұл». Нафиса Жұма тәңір сыйлаған бойындағы
білім, дарынын шәкірттерінің санасына сіңіруді басты мақсаты санайды. Соның нәтижесінде
ҰБТ-да биология пәнін таңдаған оқушылары жоғары баға алғаны баршаға аян.

Жарқыраған күн нұры
маңғаз далаға тағы да шуағын төгуде. Атырапқа жылы мейірін шашқан шуақ баршаға
достық, бейбітшілік ұғымының қастерлі екендігін паш еткендей. Олай болса, әрбір
таңымыз тыныштықпен, ізгілік­пен атсын!

Жұмабек Табынбаев.

Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз