ТАУ-КЕН ӨНДІРІСІ АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫН ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ШЫҒАРАДЫ

105

0

 

ТАУ-КЕН ӨНДІРІСІ АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫН ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ШЫҒАРАДЫАлты Алаштың анасы атанған Сыр елінің Қазақ жерінде өзіндік алар орны бар. Киелі өлкені халқымыз өнер ордасы ретінде танып, «Сыр елі – жыр елі» деп атаса, ақ маржаннан тау тұрғызған еңбегін «Ырысты, күрішті Қызылорда» деп мақтан етті. Ал еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенде Қызылорда Қазақстанда «қара алтын» селінағызған бес облыстың бірі болды. Осылайша, мұнайлы, шырайлы елге айналдық. Басқа да мақтан етер жетістіктеріміз жетерлік.Қысқасы, дәулетіміз артты, еңсеміз тіктелді.

Әйтсе де, уақыт бір орында тұрмайды. Өзінің жаңа талаптарын енгізіп жатады. Кезеңімен мың құбылып тұратын нарық заңы жерасты байлығына ғана сеніп отыра беруге болмайтынын дәлелдеп берді. Оны шикізат түрінде ғана сыртқа шығарып отырсақ, көп нәрседен ұтылатынымызды аңғардық. Сондықтан да экономиканы әртарапатандыру міндеті күн тәртібіне шығарылды. Негізгі кіріс көзі мұнай мен уран экспорты болып келген Қызылорда облысы үшін бұл тіптен қажеттілік еді. Елбасы Қызылорда облысына басшылық етуге Қырымбек Көшербаевты жібергенде бірінші кезекте аймақ экономикасын әртараптандыру туралы тапсырма берген болатын.

Облыс басшысы осы тапсырмаға сайжұмыстарды қолға алды. Ғалымдар мен мамандар бірлесе отырып, аймақта игерілмей жатқан мүмкіндіктерімізге сараптама жасалып, болашақ бағдар айқындалды. Ол – металлургия саласы. Облыс экономикасын әртараптандырудың бірден-бір
жолы. Қысқасы, облыста металлургиялық клас­тер құру бағытындағы жұмыстар
басталып кетті.

«Шалқия» кенішінде кен
өндірумен айналысатын «Шалқия Цинк ЛТД» кә­сіп­орнын қайта жандандыру, оған
екін­ші өмір беру солардың бірі. 2014 жылы «Самұрық-Қазына» ҰК-мен бірге құқық
беруші құжаттарды дайындау аяқ­та­лып, «Шалқия» қорғасын-мырыш кенін қалпына
келтіру процесі басталды. 2015 жылы кеніштегі қалпына келтіру жұ­мыстары аяқталды.
2016 жылы кен байыту комбинаты құрылысы бойынша жобалық құжаттарды бекіту және
жыл соңында оның құрылысын бастау жоспарлануда.

Металлургия өндірісінде кеңінен қолданылатын кен байыту
комбинатының өнімдерін гидрометаллургиялық әдіспен өңдеп, металды мырыш пен
құрамында қорғасын, мыс, күміс және басқа да сирек кездесетін металдары бар
қорғасын кегін алу жоспарлануда. Ол үшін кен байыту комбинатының жанынан
металлургиялық зауыт салынатын болады.

Аталған жоба 2015 жылы Индустрия­ландырудың республикалық картасына
енгізілді. Айта кету керек, 2006 жылы австралиялық «AMC Consultans»
консальтингтік компаниясы «Шалқия» кен орнының қорын зерттеп, аудит жүргізіп,
оны халықаралық JORC стандартына енгізді. Осы аудит көрсеткішіне сай, мұнда
қазба байлықтың қоры 265 млн тонна шамасында болса, оның құрамында 8,3 млн
тонна мырыш және 2 млн тонна қорғасын бар. Бүгінде «Шалқияда» жұмыстар жоспарға
сай жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде жылына 2 млн тоннаға дейін кен байытатын кешен
салу жоспарланған. Оны 2018 жылы іске қосу межеленіп отыр. Ал оның өнімділігін
4 млн тоннаға дейін жеткізу 2021 жылы жүзеге аспақ. Құрылыстың қызған кезінде бұл жерде 1 мыңға
жуық адам жұмыспен қамтылатын болса, өндіріс толық іске қосылғанда 1500-ден
астам адам тұрақты жұмыс істейтін болады.

Қазір «Шалқия» кенішінде ұзындығы 1,8 шақырымдық өрттен
қорғау депосынан үш қабатты әкімшілік-тұрмыстық ғимаратына және «Выдачная»
шахтасына дейін баратын жолға күрделі жөндеу жүргізіліп болған. «Шалқиядағы»
жұмыс «Самұрық-Қазына» АҚ келуімен жанданған болатын. Республикадағы ірі
тау-кен өндіру кешенін сауықтыруды «Тау-Кен Самұрық» АҚ жүргізуде. 2016 жылы
кен байыту комбинаты құрылысы бойынша жобалық құжаттарды бекіту және жыл
соңында оның құрылысын бастау жоспарлануда. «Тау-Кен Самұрық» «Шалқия» кен
орнын неміс және фин компанияларымен бірлесіп игереді және кеніш заманауи технологиялармен
жарақтандырылады. Өткен жылы мұнда 300-дей адам жұмыс істесе, қазіргі күні
еншілес кәсіпорындар жұмысшыларымен қосқанда 435 адам еңбек етуде. Бір
қуанарлығы, олардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар.

Қызылорда облысындағы металлургиялық кластерді негізгі екі
бөлімге бөліп қарастыруға болады. Олар – қара металлургия және түсті
металлургия. Қара металлургия саласында қазіргі таңда «Фирма Балауса» ЖШС
«Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеруде. Металлургиялық кластер
қалыптастыруға «Баласауысқандық» кенішін кеңейте отырып, кен өңдеу ісін жылына
1 млн тоннаға жеткізу жобасы бар. Аталған кәсіпорын 2011 жылдан бастап облыста
«Баласауысқандық» кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасын жүзеге
асырып келеді. Жобаның жүзеге асуы 2018 жылға дейін жалғаспақ. Бұл жоба үш
кезеңде жүзеге асырылады және үш кезеңнің құны 34,9 миллиард теңгені құрайды.
Жоба бойынша І кезеңде (2011-2012 жылдар) 0,9 миллиард теңгенің инвестициясы игерілсе,
ІІ кезеңде (2013-2015 жылдары) тартылғанинвестиция көлемі де еселеп артты. Бүгінгі күні «Баласауысқандық»
ванадий кен орнын игеру бойынша жұмыстар жалғастырылуда. «Фирма Балауса» ЖШС
кен орны директорының орынбасары Рүстем Төлегеновтің айтуынша, қазір өндірісте
150 адам жұмыс істеуде. Ал 2016 жыл соңында жұмыстың басталуымен 2017 жылға
қарай 250 адам жұмыс атқаратын болады. Қазір кен орнында зауытты қайта құру
және дайындық жұмыстар жүруде.

Әрине, жергілікті тұрғындарды «Бала­сауысқандықтағы» жұмыс
орны ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаны қорғау жайы да қызықтырары
белгілі. «Фирма Балауса» компаниясының
техно­ло­гиялық регламенттеріне сай гидро­металлургиялық өндірістегі су жүйесі
айналымы тұйықталған болады. Сол себепті сыртқа шашау шықпайды. Жалпы осы
жобаның жүзеге асырылуы республикада тұңғыш рет феррованадий, одан кейін
қоспалы темір, арнаулы арматуралар мен құбырлар өндірісін жолға қоюға мүмкіндік
береді. Осы жерде «Балауса» фирмасына өнертапқыш саласында өткізілген
«Шапағат-2013» байқауында «Үздік өнертапқыш» атағы берілгенін де еске сала
кеткіміз келеді. Кәсіпорын бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымының
марапатын алды. Кәсіпорын жетекшісі Андрей Кузнецов қара сланец рудасын
өңдеудің бірнеше тәсілін ойлап тауып, оған патент алды. Ол қара сланец өндіру
тек облыста ғана емес, бүкіл республикада кең жолға қойылады деген сенімде.

Металлургиялық кластер құру шеңберіндегі үшінші жоба ол
Қызылорда қаласында салынатын ферроқорытпа зауыты.Немістің «ICMD» компаниясымен
Қызылорда қаласында арнайы және кешенді қорытпа өндірісі бойынша ферроқорытпа
зауытын салу туралы келісімге қол жеткізілді.Кәсіпорын жылына 160 мың тоннаға дейін төменгі аллюминийлі ферросилиций
шығаратын болады. Бұл компонент металлургиялық өндірісте қоспа түрінде (сапасын
арттыратын қоспа) жоғары сұранысқа ие.

Зауыт академик А.А.Жәрменовтің бас­шылық ететін «Минералды
шикізатты ке­шенді қайта өңдеу жөніндегі ғылыми орталықтағы» қазақстандық
ғалымдар жасап шығарған инновациялық технология бойынша жұмыс істейтін болады.
Оның үстіне өндіріс ошағының энергия сыйымдылығы өте жоғары болғандықтан,
екінші кезеңде қуаттылығы 150 МВт газтурбиналық электр станциясының құрылысы
жоспарланған.

Жоба бойынша техника-экономикалық негіздемелер дайындалып
болды. Кәсіп­орын үшін Қызылорда қаласындағы индус­триялық аймақтан жер
учаскесі бөлініп қойды. Қажетті инфрақұрылымдар жүргізілді. Қызылорда облысы
әкімдігімен жасалған ортақ келісім негізінде «ICMD» компаниясы шығарылатын
қорытпа өнімінің әлемдік бағасымен өткізуді мойнына алып отыр. Ал зауыт
құрылысы үстіміздегі жылы басталады.

Міне, осылайша аймақты дамытудың стратегиялық басымдықтарына
сәйкес металлургиялық кешен құру жөніндегі жұмыстар жалғастырылып жатыр.
Аталған өндірістерде жұмыс істейтін мамандарды дайындау мәселесі де шешіліп
қойылғанын жұртшылық жақсы біледі. Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында оқып
жатқан қызылордалық жастар өңірде металлургия саласын дамытуға өз үлестерін
қосатын болады. Ал бұл сала дамуымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы
жаңа белеске көтерілері анық.

 

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз