ТАЗА ҚАЛА ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

133

0

ТАЗА ҚАЛА ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?Қашаннан «Тазалық – денсаулық кепілі” деп
білетін халықпыз. Бұл жеке бас гигиенасынан өзге қоршаған ортаның да таза
болуын меңзеп тұрғандай. Құзырлы мекемелердің жазбаша дереккөздеріне сенсек,
бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар сан алуан. Ал көктем шыға апта сайын
сенбіліктер ұйымдастырылады. Бірақ кейде бұған қарап қарның ашады. Себебі,
қаланың орталық көшелерімен жүрсеңіз жылан жалағандай, ал шет аймақтар көбіне
назардан тыс қалады. Тіпті кей бөлігінде жәшіктерде жиналған қоқыстар сыртқа
төгіліп жатады. Оның рахатын ит пен мысық көріп, мал тартқыштап кетеді. Ал
зардабын мықшыңдап қоқыс жинап, бала-шағасының нан-суына тартқыштап жүрген
қоқыс жинаушылар көретіні анық. Кейде осыны көзбен көре тұра баруға ерініп, бір
метр жерден жәшікке қолындағы пакетін лақтыратындар да бар. Өкінішке орай, бұл
мәдениеттің әлі де болса біздің қоғамда қалыптаса қоймағаны ащы да болса
шындық. Ал шетелдерде бізге керексіз болып, әр жерде ұшып, шашылып жатқан бұл
тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, кәдеге асыруда. Мәселен, Германияда
қоқыстарды бөліп, сұрыптап жинау жүйесі қалыптасқан екен. Олар тіпті арнайы
полигонда оны өңдеп, газ алады. Сонымен қатар биоқалдықтарды өңдеу арқылы
топырақтарды байыту жұмыстарын жүйелі жүзеге асырып отырған көрінеді.

Жақында ағылшынның бір анали­ти­калық
ұйымы әлемнің ең лас және ең таза қаласын анықтау мақсатында арнайы зерттеу
жұмыстарын жүргізіпті. Әлем­нің 221 қаласы бойынша жүргізілген талдау ауаны
ластау дәрежесі, кәріздік жүйе­нің ахуалы, қоқыс-қалдықтарды жинау және ауыз
суды тазалау сынды жайттар негізінде жасалған. Тіпті онда тұрғындардың
мәдениеті мен этикалық тәрбиесі, тұмыс деңгейі де назардан тыс қалмапты.
Нәтижесінде Канаданың 1 млн 100 мың халқы бар Калгари қаласы ең таза шаһар
атанған. Мұнан кейін Гавай аралдарының Гонолулу қаласы тұр. Сонымен қатар бұл
тізімді Канада аста­насы Оттава мен Финляндия астанасы Хельсинки толықтырып
тұр. Өкінішке орай біздің қай қаланы алсақ та, бұл деңгейден әзірге көріне
алмасы анық. Дегенмен, соған талпынып-ақ жатырмыз. Құзырлы орындар былтыр осы
мақсатта ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды және скверлердi ластағандар мен
белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағандарға айыппұл көлемін
арттырды. Яғни, енді көшеде келе жатып, темекі тұқылын тастасаңыз сот алдына
барып, 21 210 теңге көлемінде айыппұл арқалуыңыз мүмкін немесе 10 тәулікке
қамалуыңыз да ғажап емес. Ал қайталап тәртіп бұзсаңыз, қолданылатын жаза да
арта түспек. Облыс­тық соттың баспасөз қызметінің мәліме­тінше, жасөспірімдер
мұндай қателікке бой алдырса, баласы үшін ата-анасы жауап беруге міндетті.

Шетелдерде мұндай жағдайда
салына­тын айыппұлдың көлемі едәуір салмақты. Мәселен, Сингапурда көшені ластау
өрес­кел қылмыс болып саналады екен. Егер тамақ қалдықтарын лақтырсаңыз, тіпті
абай­сызда түкіріп қалсаңыз 100-ден 1000 долларға дейінгі көлемде айыппұл төлей­сіз.
Ал француздарда ол тіпті аспандап тұр. Олар аталмыш мәселені 1500 еуро айып
салумен реттеп отыр.

Жоғарыда атап өткен әлемдегі
ең таза Калгариде тұрғындар тазалық сақтап қа­на қоймай, ауыз су мен электр
қуатын үнеммен пайдаланады екен. Мұнда қоқыс тастау былай тұрсын, ауаны ластау
деңгейі өте төмен. Алайда бір таң­ғаларлығы, қалада мұнай-газ өндірісі көп.
Мамандар қаланың экологиялық жағ­дайын қалыпты деңгейде ұстауына себеп ретінде
бірнеше фактіні көрсетеді. Мысалы, қала ішінде автокөліктерді тек арнайы
тұрақтарға қою қатаң бекітілген. Ал ондай орындар өте қымбат көрінеді. Оның
тарифін мемлекеттік мекемелермен заңды түрде бекіткен. Сондықтан қаржы­сын
үнемдегісі келгендер қоғамдық көлік­термен жүреді. Калгаридің мұнтаздай бо­луында
жасыл желектердің де алатын орны ерекше. Мұнда гүлзар, ағашты алаңдар көздің
жауын алады және онда тек жаяу жүргіншілерге жүруге ғана рұқсат етілген.

Әлемдегі таза қалалалар
қатарында Швеция астанасы Стокгольм де бар. Бұл қа­ланың өткеніне үңілсеңіз,
шведтердің батыл қадамына қайран қаласыз. Тұрғын­дардың денсаулығын басты
орынға қойған олар тіпті Хаммарбю Шёстад ауданында орналасқан өндіріс орнын
көшіріп, халық шоғырланған жерді 150 млн кронға тазалапты. Ал орнына жергілікті
тұрғындарды, туристерді таңдай қақтырар ғаламат үй салып, ағаш отырғызған екен.
Сондай-ақ, бұл елдің қоғамдық ұйымдары біздегідей іш пыстырар семинарлар
өткізуден гөрі нақты әрекетке көшкен. Әр демалыс күні «жасыл” ұйымдардың жүзге
жуық белсендісі «Автокөліксіз бір күн” атты акция ұйымдастырады.

Ал Еуропада мұндай шаралар ірі
көлемде қанат жайған. Себебі алып шаһар­ларда тұратын еуропалықтар қоршаған
ортаның ластануынан қатты зардап шегуде. Сондықтан табиғат қорғау, тазалық
сақтау мәселесінің мәнін түсінген олар «жасыл аймақтар” атты байқау
ұйымдастыруды үр­діске айналдырыпты. Бұл біз үшін ерік­кеннің ермегі көрінуі
мүмкін. Алайда онда бағын сынайтындардың қатарында Амстердам, Бристоль,
Гамбург, Копен­гаген сынды ірі қалалар да бар.

Иә, айналаны таза ұстау,
табиғатқа қамқорлықпен қарау да әр адамның мәде­ниеттілігінің көрінісі іспетті.
Дегенмен, өкінішке орай, біз тазалық, табиғатты қор­ғау мәселесіне бейжай
қараған сыңай танытамыз. Кейде тіпті сенбіліктерге бас­шылары
міндеттегендіктен, тек белгі ұрғызу үшін ғана баратындар да бар. Ал
Индонезияның Бандунг қаласының бір тұрғыны өмірін қоқыс жинаумен өткізіпті. Ол
зейнетке шыққан соң да бір тынбаған екен. Алайда оны азаматтық борышы са­на­ған
қария қызметіне ешқандай ақы ал­маған. Тек ақ адал еңбегін бағалағандар риза­шылығын
5-10 доллармен білдіріп отырған.

Ендеше, біздің де жоғарыдағы
атал­ған елдерден бұл мәселеге келгенде үйре­неріміз көп. Сондықтан тек тазалықпен айналысатын мекемелер ғана
емес әрбір тұрғын белсенділік танытса, шаһарымыз одан әрі гүлдене түсері анық.

 

М.ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз