ТЕАТР – ӨНЕР ТҰҒЫРЫ

85

0

ТЕАТР  – ӨНЕР ТҰҒЫРЫКеше облыстық филармонияның концерт залында Халықаралық театр күніне арналған Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ұжымының салтанатты шарасы өтті. Мереке қарсаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, өнер иелерінің жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.
– Бүгін – сахна киесін сақтаған өнер майталмандарының кәсіби төл мерекесі. Қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын облысымыздағы Н.Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық драма театры айтулы мерекені үлкен жетістіктермен атап өтуді дәстүрге айналдырып келеді. Өткен жылдың өзінде театр ұжымы 230-ға жуық спектакльді 73 мыңнан астам көрерменімен қауыштырды. Биыл облыс әкімінің қолдауымен театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қазан айында жергілікті өнер иелері жаңа қойылымды сахналайды. Мұнан бөлек 10-17 сәуір аралығында облыстық филармония өнерпаздарымен бірлесіп Әзербайжан мемлекетінде өнер көрсетеді. Аталған шара да облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Баршаңызды төл мерекемен тағы да құттықтаймын, – деді Ж.Құрамысова.
Әртістердің актерлік шеберлігін жоғары бағалаған Жанат Құрамысова бірқатар өнер иесін облыс әкімі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, мерекелік кеште театр ұжымы қазақ зиялыларының басынан өткен оқиғалардан поэзиялық көрініс ұйымдастырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 
– Бұл мерекенің қырық жылдан астам тарихы бар. Ол тек қана театр қайраткерлерінің, әртістерінің ғана емес, жалпы өнерсүйер жұртшылықтың мерекесі. Екі жыл бұрын 60 жылдық мерейтойымызды тойладық. Ал, қазір үлкен жаңару, жаңғыру үстіндеміз. Шығармашылық қоржынымыз парасат-пайымы биік жаңа қойылымдармен толықты. Мәселен, «Жүз жылдық махаббат», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Адам болып өтейік», «Бір түп алма ағашы» сынды туындылардың шоқтығы биік, – дейді театрдың бас режиссері Хұсейін Әмір-Темір.
Салтанатты шарада өнер иелері «Үкілі үміт», «Эпизодтық табысты бейнесі үшін» сияқты бірқатар номинациямен марапатталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласып, сахнагерлер көрерменнің қошеметіне бөленді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз