ТЕҢІЗ ТАБАНЫНДАҒЫ ТЫЛСЫМ

298

0

 
Қазақ халқының тарихқа толы алтын бесіктерінің бірі – Сыр өңірінің Арал аймағы. Қасиетті өңірде табиғат салдарынан, зұлмат заманның және жойқын соғыстардың зардабынан құм жұтып, уақыт тезіне төзе алмай жойылып кеткен қалалар көп. Солардың ішіндегі жаңа зерттеулер нәтижесінде Арал теңізінің кепкен табанынан табылған Кердері І мен ІІ кесенелері және Арал–Асар қалашығының табылуы қазақстандық тарихшы-археолог мамандардың назарын аударды. 
Арал теңізі жайындағы ерте деректерге жүгінсек, антикалық авторлар теңіз жөнінде аз мәлімет берген. Мысалы, Геродот Арал теңізін Каспий теңізімен байланыстырып және оны «Каспийдің сақ шығанағы» деп атаған. Кейін Страбон теңіздің географиялық орнын анықтап көрсетті. Менандр Константинопольскийдің
болжамы бойынша Арал теңізі үлкен көлдердің құрамдас бөлігі болған. Иә, Арал теңізі – бастапқыда шағын
көлдерден түзеліп, олардың арасында көптеген елді мекендер болған деген дерек қазіргі таңда археологиялық барлау және зерттеу нәтижиесінде дәлелденіп отыр.
Арал теңізі туралы нақты деректерді ортағасырлық шығыс жазбаларынан да кездестіруге болады. Мәселен,
Әль-Истархи, Идриси (1154ж.ж), Әбу-л-Фида (ХІVғ), теңізді Хорезм көлі, Жент теңізі, Кердері теңізі деп белгілеп, ондағы Сырдария өзенінің – Сигун (Сейхун), Әмударияның – Джигін (Жейхун) атауларын нақтылады және Арал теңізінің көлемі 100 фарсах, суы тұзды, әрі бір қалыпта тұрады деген мәліметтер берген. Ал, орыстың Үлкен Сызба кітабында Көк теңіз деп көрсетілсе, қырғыздарша Тенгизь яғни теңіз деген атаумен аталған. 
1417 жылғы Хафизи Абру жазбасында былай деген екен: «Хорезм көлінде су жоқ, Джейгун өзіне жаңа жол тапты. Енді ол Иорелди өзені арқылы құяды». Әрине, бұл деректер Әмударияның Каспий теңізімен байланысын аңғартады. Бұдан шығар тағы бір болжам, Иорелди өзені арқылы Каспиймен байланысқан Әмударияның  жаңа арнасы ауысқанда Арал теңізі тартылып, шағын көлге айналған. Бұл болжамды нақтылауға Хорезм хандығының билеушісі Әбілғазы Баһадүр өзінің «Татар халқының тарихы» атты  еңбегінде Әмудария өзенінің бір саласы Каспий теңізіне қатысты екенін құжатты түрде көрсетуінде еді. Мұнда нақты болғаны б.з.д. І мыңжылдық басынан біздің заманымызға дейін Әмудария өзені толығымен Арал теңізіне құйып отырған.
Сонымен қатар, Сырдария өзені де арнасын өзгертпеген. Осылайша, теңіз суы тасып, өзінің шарықтау шегіне жеткен. ХІІІ ғ. саяхатшылары Плано Карпини, Рубрук, Асцелин, Марко Поло Арал теңізі жөнінде еш мағлұмат бермеген. Тек 1558 жылы Астраханнан Бұхараға жүріп өткен Дженкинсон өз картасына Арал теңізін Қытай көлі деп түсірген. Жалпы, Арал теңізін тарихи деректерде Каспийдің сақ шығанағы, Хорезм көлі, Көк теңіз, Тұзды көл, Қарасу, әл-Жүржәни көлі, Қытай көлі, Жент теңізі, Кердері теңізі сияқты 20-дан астам атауын кездестіруге болады. Арал теңізінің табиғи құбылыстарына тоқталсақ, барлық жағынан құммен қоршалған және мұхитпен ешқандай байланысы жоқ, тұйық әрі теңіз аталатын Арал бассейні орналасу жағынан өте керемет. Десек те Арал теңізі жергілікті тұрғындардың тіршілік-тұрмысы үшін қашаннан ерекше орын алып келеді. Теңіз тағдыры соңғы жылдары дүниежүзі жұртшылығын толғандырып отыр. Профессор С.Новиковтың тұжырымы бойынша соңғы мыңжылдықта Арал теңізінің тоғыз рет тартылғаны ғылыми негізделген. 1928 жылғы мәлімет бойынша, Арал теңізінің көлемі 70,430 шаршы шақырым болып, Каспий теңізінен 74 метр биіктікте жатты. Ал 1967-1970 жылдардан бастап Сырдария мен Әмудария суының тоқтатыла бастауынан, деңгейі 13 метр төмендеп, айдынның аумағы 26 мың шақырымға
түсіп, жағалауы 100 мың шақырымға қашықтады.
Соңғы археологиялық зерттеулер теңіз табанында ортағасырлық мәдениет пен өркениеттің ошағы болғанын дәлелдейді. Оған теңіз табанынан екі бірдей кесене мен қала орнының табылуы айғақ. Бұл бүгінгі Отан тарихында, әсіресе тарих, археология ғылымындағы үлкен жетістік болып табылады. Арал табанында керуен жолдарының да іздері қалған. Бірақ кейіннен теңіз суының көбеюіне байланысты жойылып кеткен. Оған тарихшы ғалым, белгілі археолог
К.Байпақовтың «Орта ғасырларда осы жерден Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен. Хорезммен байланысатын бұл жол Аралдың шығыс беткейі арқылы Сырдария жағасындағы қалаларды басып өтіп,
Жібек жолының теріскей тармағына қосылған. Бұл екі маңызды сауда бағытына орта тұстан сіңісетін қысқа
соқпақ сүрлеу болған», – деген тұжырымы дәлел. Бұдан қалалардың бір жағы Азия жұртымен, екінші жағы Батыс елдерімен мәдени және экономикалық байланыста болғаны аңғарылады.
«Кердері» мәдениетінің қалыптасуына Жетіасар мәдениеті белгілі бір дәрежеде ықпал еткен. VІІ-VІІІ ғасырларда жетіасарлықтар су ағысына және ауа райының өзгеруіне байланысты «Батпақты қалалар» ауданына, нақтырақ айтсақ, қазіргі Сырдария мен Әмудария арналарына қарай жылжыған. Мұның бәрі Жетіасар мәдениетінің жалғасы іспеттес. Арал теңізінің құрғаған табанынан, нақтыласақ, «Барсакелмес» аралы маңынан Кердері І мен ІІ кесенелері және Арал-асар қалашығының табылуы 2000 жылы баспасөз бетіне жарияланып, 2001 жылы Қорқыт ата атындағы университет тарапынан археологиялық экспедиция
жасақталып (жетекшісі Т.Мәмиев) қазба жұмыстары жүргізілгені белгілі.
Дегенмен, теңіз табанынан табылған мавзолей мен қалашық туралы тарихи деректер, нақты мәліметтер әлі
күнге аз.
ХХ ғасырдың басындағы тарихи материалдарға сүйене отырып, тарихшы мамандар қазіргі Арал теңізі табанындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге «Кердері» деген шартты атау берді. Арал теңізі табанында 2004
жылы 26 маусымда жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесінде университет ғалымдары тарапынан көне қалашық Арал – Асардың орны мен Кердері ІІ кесенесі табылды. Кердері ІІ кесенесі мавзолей үлгісімен салынған. Биіктігі 1,6 м, ені мен ұзындығы 30х42 м ауқымды құрайды. Ескерткіш маңындағы қаладан тас қайрақтар, түрлі оюлы плита жапсырмалары, кірпіш цехы, шырағдандар, мыс тиындар, ірі диірмендер мен астық сақтайтын ыдыстар табылды. 
Бүгінде қазақстандық ғалымдардың «ерте отырықшы және көшпелі деп аталатын екі түрлі өркениет, екі түрлі мәдениет болған» деген бұрынғы қалыптасқан ұғымды жоққа шығарып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, далалық өркениет болған қала мен даланың тұрғындары өзара араласып жатқан. Мұны Арал-Асар қалашығынан табылған заттай деректер айқындайды. Қала ХІІІ ғ. ортасы мен ХІV ғ. бірінші жартысында тіршілік еткен деуге негіз бар. Алғашқы зерттеушілер осы жерге жақын орналасқан Арал ауданына қарасты Қаратерең қыстағының жері Қосарал – ХІХ ғ. ІІ жартысында тегіс дала болғанын, кейін ХХ ғ.ғ басында су басып, қамысты батпаққа айналғаны туралы мағлұматтар береді. Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясының (ХАЭЭ жетекші Л.Левина) әуебарлау жұмыстары кезінде осы тұстан қала сұлбасын байқаған. Бұған қосымша қазіргі археологиялық зерттеулер академик Ә.Марғұланның Арал теңізінде ежелгі өркениет орталығы болғанын және 40-қа жуық қалашық болғанын дәлелдеп отыр.
Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі қызметкерлері осы жылдың мамыр айында Арал теңізі табанындағы Кердері І, ІІ кесенелері мен Арал-Асар қалашығында болып, ескерткіштің жай-күйімен танысты. Қаратерең ауылы тұрғындарының айтуына қарағанда, теңіз табанында аталған ескерткіштерден бөлек тағы екі қалашықтың орны бар екендігі айтылды. Бұл алдағы уақытта теңіз табанына археологиялық барлау жұмыстарын қажет етіп отырғандығын көрсетеді. 
Осы мәселелерді ескере отырып, биылғы жылы Арал-Асар қалашығына облыс есебінен қаржы көздері қаралып, археологиялық қазба жұмыстары жалғасын таппақ. Бұл ескерткіштің зерттелу мәселелеріне келер болсақ, Қаратерең ауылынан оңтүстік батысқа 75 шақырымды құрайтын Кердері І кесенесі 2001 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары бірлескен экспедиция жасақталып, қазба жұмыстары жүргізілді. Осыдан соң 2005-2009 жылдары Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары (жетекші К.Байпақов) Арал-асар қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл зерттеулерде ескерткіштің топографиялық картасы әзірленіп, қалашық туралы мәлімет беретін заттай жәдігерлерді зерделеу қолға алынды. Аталған қалашық туралы ауызша, жазбаша деректер өте аз. Арал теңізі табанына жүргізілген археологиялық жұмыстардың мақсаты – осы өңірден табылған жәдігерлерді археологиялық, тарихи, этнографиялық және географиялық тұрғыдан жаңаша зерделеу болып табылады.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
облыстық тарихи
және мәдени ескерткіштерді
қорғау мекемесінің ғылыми
қызметкері, тарих магистрі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз