ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ түлеген ТІРЛІК

62

0

Жуырда облыс орталығында Арал маңының экологиялық және әлеуметтік-экономикалық түйткіліне әлем назарын аударуды көздеген халықаралық форум өткені баршаға аян. Онда жоғарыдағы тақырыпқа қоса  кешенді су төңірегіндегі мәселелерді  шешу тәжірибесі, жаһандық климаттық өзгерістер, индустриялық экологияның өзектілігі әңгіме арқауына айналды. Форум барысында  деректі, ғылыми-танымал деректі фильмдер көрсетіліп  «Арал теңізінің  шығыс жағалауын бойлай «жасыл белдеу»  құру», «Климаттың өзгеруіне жабайы жануарлардың Арал маңы бейімдеу орталығын құру», «Қамыстыбас» көлінің жағасында «Арал» ғылыми-туристік орталығын  құру», «ГАЖ-технологиялар» және басқалары негізінде қазақстандық Арал маңының интерактивтік электрондық карталарын және Қызылорда облысының атласын» құру бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар хаттамаларға қол қойылғаны белгілі.

Форумға мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен еліміздің  Ауыл шаруашылығы, Сыртқы істер, Энергетика,  Білім және ғылым министрлігі, Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҒЗТУ «География институты» өкілдері, халықаралық ұйым өкілдіктерінің басшылары,  ғалымдар мен сарапшылар өзге де меймандар  қатысып, ұсыныс  пікірлерін білдіргенінен  оқырмандар хабардар. Осынау игі шара «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» ұстанымын тұтынған аудан жұртшылығын бір серпілтіп тастады десек артық емес. Жалпы,  Арал өңірінде ата-бабасының ежелгі  кәсібі балық аулауды жанына серік қылған тұтас ұрпақ өсіп-өнуде. Өткен тарихын көзінің қарашығындай қастерлеп, ертеңгі күнге сеніммен көз тас­тайтын теңіз жағалаған қауымның нақты кезеңдегі тұрмыс-ахуалы бөтен емес. Арал аймағындағы қабырғалы қауымның басты тіршілік көзі – балық кәсіпшілігі болып саналатыны баршаға аян. Сондықтан соңғы жылдар бедерінде аудан көлемінде балықты аулап, өнімдерін өңдеумен қатар экспортқа шығару жайы да қарқын алып жатқаны, әрине, қуанышты жайт.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде кейінгі кезеңде  аудандағы балық шаруашылығының даму қарқыны өсіп келеді. Тек  өткен жылдың өзінде  ауданда 7100 тонна балық ауланып, 4057 тонна балық өңделді. Ал ағымдағы жылға Кіші Арал теңізінен, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесінен  жалпы аудан бойынша  7332 тонна балық аулау лимиті  бекітілген» дейді сала мамандары.

 Сондай-ақ ауданда өткен жылы 2653 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылыпты. Оның 967 тоннасы Польша, Грузия, Әзербайжанға, ал қалған бөлігі Ресейге жіберілген екен. Негізгі экспорттаушы кәсіпорындар «Арал СДО», «Камбала балық», «Қарашалаң СДО», «Бөген СДО», «Қуаныш» ЖШС, «Ақбасты», «Жамбыл» өндірістік кооперативтері. Осынау жағымды үрдіс биыл да жалғасын табуда. Жыл басынан бері 943 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған. Бұл қадамның айдынды Аралдың айбынын асқақтата түсіп, атағын шартарапқа танытары сөзсіз. Ел ішіндегі берекелі тірлікті іргелі ұжымдардағы тұрақты еңбек ырғағы паш еткендей.

Өңірдегі балық шаруашылығының жай-күйі сөз болса, облыстық мәслихат депутаты  Аманбай Ерхатовтың есімі қоса аталатындығына құлақ үйренді. Осынау іскер азамат қазіргі таңда Арал мен Қазалы ауданының бірқатар тұрғынын  тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ерхатов басқаратын  «СПК Қызылорда Балық» серіктестігінің құрамына «Бақыт» шаруа қожалығы, «Бөген сервистік дайындау орталығы» қарайды. «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің  индустриалды-инно­вациялық жобаларды дамыту бойынша  «Қызылорда» ӘКК» АҚ-мен бірлескен жобасы іске асырылды. Жоба аясында балық өнімдерінен сүбе (филе) дайындайтын цехы  пайдалануға берілді. Серіктестік «Бақыт» шаруа қожалығымен бірлесіп  кіші Арал теңізінің №8 учаскесінен және Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына қарасты Байтақ көлінен, Қазалыдағы  «Қашқан су» көлінен балық аулап келеді. Экспортқа шығу үшін  сапа сертификаты бар. Балық өңдеу цехы  балық өнімдерін тазалайтын, тоңазытып сақтайтын бөлмелер, сыйымдылығы 750 тонналық балық сақтау қоймасымен жабдықталған. Балық аулау, тасымалдау үшін арнайы көліктер мен құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сапасы жоғары балық сүбесіне  сұраныс мол. Балық өнімдері  Германия, Дания, Голландия, Бельгия, Австрия, Польшаға экспортқа шығарылады. Өнімді экспорттауға «еврокод» алынған.

Аманбай Ресейдің Ульяновск облысы, Димитровград маңынан балық өңдеу зауытын  салып іске қосқан еді.  Зауыт жылына 1500 тонна балық өнімін шығаруға есептелген. Аталмыш  зауытта 100-ге тарта адам еңбек етеді. Білетіндер болса Димитровградтан зауыт салудың пайдасы  ең алдымен уақыт үнемделеді. Өнімнің сапасы сол қалпында сақталады. Әрі жыл бойы тоқтаусыз жұмыс жасалады деген пікірді алға тартты.

Жеке кәсіпкер Нұрбек Әйімбетов басқаратын»Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің атағы да көпшілікке жақсы танымал. Мұнда өңделетін балық көлемін арттыру үшін қосымша цехтардың құрылысы жүргізілуде. Кіші Аралдан бес учаске ұжымға бекітіліп берілген. Еврокод белгісін иеленген «Арал» СДО-ның өнімдері тұтынушы талғамынан табылуда.

Иә,  теңіз төскейі танымастай түлеуде.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ. 

Арал, Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз